Тарихын білмеген ұлттың болашағы бұлыңғыр
“Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады. Дүние де өңге жұрттар қатарында кім қор болмайын, тұқымым құрып қалмасын деген халық өзінің шежіресін имани дəрежесінде ұғып білуге тиіс”. Бұл сөздерді халқына Алаштың ардақтысы Әлихан Бөкейханұлы заманында айтып кеткен еді.
Кез келген ұлт үшін тарихын түгендеу тек өзін танып-білу ғана емес, лайықты ұрпақ тәрбиелеу тұрғысынан асқан жауапкершілікті қажет етеді. Өткеннің ащылы-тұщылы оқиғаларынан сабақ алу келешектегі қателіктен де сақтандырады. ХХ ғасырда Қазақтың басына түскен, сондағысы қыр-сыры әлі де толығымен ашылмаған нәубет қуғын-сүргін және ашаршылықпен байланысты. Тәуелсіздік жылдары орын алған зұлматты жан-жақты зерттеп, оған лайықты бағасын беру ұлт ретінде толысуымыздың маңызды алғышарты. Нұрсұлтан Назарбаев былай деп жазды: “Орасан шығынға ұшырағанына қарамастан, біздің халқымыз өзінің бірегей ұлттық болмысы мен асыл қасиеттерін сақтап қалды. Қатыгездікке бой алдырған жоқ, сан ғасырлық даналығын да жоғалтпады. Бірақ еліміз басынан өткен осынау сұмдық сынақтарды ешқашан ұмытпайды”.
Рас, большевиктердің өктемінен КСРО-ның басқа да халықтары, оның ішінде орыстардың өзі жапа шекті. Қуғын-сүргіннің қаталдығы: бір адам тұтқындалса, онда оның барлық отбасы бұдан зардап шекті. Жұбайлары “сатқындардың әйелі” деген айып тағылып лагерьге қамалды, балалары жетімдер үйіне тағатылды. Қаншама отбасының осылайша тоз-тозы шығып ата-анасы баласынан, ағасы қарындасынан айрылды. Кеңес Одағы аумағында бірнеше әйелдер лагері болды, бұндай жауыздық Гитлердің де ойына кірген жоқ. Қазақстанда орналасқан АЛЖИР (Акмолинский лагерь для жен изменников родины) атты сондай бір концлагерден ғана 18 мыңдай әйел өтті.
Алайда ұлттық құрамының жартысына дерлігі қырылған Қазақтай зорлыққа тарихта бір-де бір ел ұшыраған жоқ шығар. Мәселен, Кеңес одағының құрамында болған Украинада да алапат аштық орын алғаны мәлім. Оның кесірінен 3,5-4 миллионға жуық адам қырылды. Ол кезде украин халқының саны 30 миллионға жуық болатын. Демек республикада тұратын халықтың санына шаққанда Қазақстандағы ашаршылық адам айтқысыз сипатта өткені анық байқалады.
Ал енді біздің жерде қуғын-сүргін соншалықты жан түршігерлік жағдайда неге өтті? Себеп біреу – Кеңес билігін жарияласа да, отарлық түйсіктен арылмаған большевиктерге бас имеген рухты елді тізе бүктірмек, сағын сындырмақ керек болды. 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерелістен соң өзінің ұлттық Алаш үкіметін жариялаған Қазақ тәуелсіздігі үшін күресті. 1918 жылы Алаш автономиясы жойылып ұлт зиялылары жаппай қуғындалғанда да азаттық үшін күрес толастамады. Тек ресми деректер бойынша, 1928-1932 жылдарда Қазақстанда кеңестік саясатқа, оның ішінде мал мен жерді тәркілеуге, күштеп ұжымдастыруға, төзгісіз салықтарға қарсы 372 көтіріліс болды.
Қазақты бағындыруда Мәскеу мынадай мақсаттарды көздеді: саяси салада: қазақ халқының тілі мен ділін жою, саяси тәуелсіздігі мен егемендігінен айыру, Қазақ даласында «Кіші Қазан» жоспарын жүзеге асыру; әлеуметтік-экономикалық салада: Қазақстанды КСРО-ның шикізат базасына айналдырып, жергілікті халықты күштеп отырықшылық пен социализмге енгізу; ұлтаралық қатынастар саласында: ассимиляция арқылы орыстандыру науқанын жүргізу.
Осындай ұрда-жық саясаттың нәтижесінде белгілі демограф-ғалым Мақаш Тәтiмовтің дерегінше ХХ ғасырда орын алған азамат соғысы, қолдан жасалған ашаршылық, қуғын-сүргiн кездерiнде, Екiншi дүниежүзiлiк соғыста бас-аяғы 3 миллион 850 мыңға жуық қазақ қырғынға ұшырады.
Ұзақ жылдар бойында кеңестік тоталитарлық жүйе Адамзат пен Адамгершілікке қарсы жасаған қылмысын мейлінше жасыруға тырысты. ХХ ғасырдағы Қазақтың шынайы тарихы жайлы кез-келген зерттеулер мен мақалалар отқа өртелді, олардың авторлары репрессияның екінші-үшінші толқынында қудаланды. Алаш арыстарының есімдері мен шығармалары мүлде қағаз бетінен өшірілді. Десе де қатқыл цензура құрсауында ұлт зиялылары ақиқатты жеткізуге барын салды. Қазақ әдебиетінде ашаршылық пен қуғын-сүргін тақырыбына қалам тартқан авторлар қатарында Бейімбет Майлин («Аштық құрбаны», «Күлпаш»), Смағұл Елубай («Ақ боз үй»), Кәрібай Ахметбеков («Қасірет»), Шерхан Мұртаза («Қызыл жебе», «Бесеудің хаты»), Төлеген Қажыбай («Аран»), Қадыр Мырза-Әлі («Дерт»), Мұхтар Мағауинді («Сары қазақ») атауға болады.
Бертін келе Кеңес Одағының мирасқоры - Ресей зұлматты ақтап қалуға тырысуда. Бұл әдейі болған саясат емес, тек жере-жерде орын алған асырасілтеушіліктің салдары дегенді алға тартуда. Шындығында Украинада болсын, Қазақ даласында болсын ұйымдастырылған зұлматты нағыз этноцид деп бағалауға негіз жеткілікті. Мұстафа Шоқай “Туркестан под властью советов” атты еңбегінде мынадай бір дерек келтіреді: Түркістан атқарушы комитетінің отырысында большевиктердің белді өкілі Тоболин “марксистердің ойынша қазақтар экономикалық тұрғыдан әлсіз болғандықтан бәрібір жойылады. Олай болса революция үшін әлде-қайда маңыздысы қаржыны ашаршылыққа қарсы күреске емес, майданды қоладауға жұмсау керек” - деді.
Қазақстанның өзінде ашаршылық ең алдымен ата кәсібі - малшылықпен айналысқан Қазаққа ауыр тиді, ал оның зардабын еңсеру ұзық жылдарға созылды. КСРО-да 1970 жылы өткен халық санағы Қазақстан тұрғындарының саны 13 миллионға жеткенін анықтады. Бұндағы Қазақтың үлесі республика халқының 32,6 пайызын ғана құрап, қазақ өз жерінде ұлттық азшылыққа айналды. Тіпті тәуелсіздік алған 1991 жылы аталған көрсеткіш болар-болмас өсіп 42 пайызды құрады.
Тәуелсіздік алғаннан кейін 1992 жылы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен Ашаршылық оқиғаларын зерттеу бойынша арнайы Ұлттық комиссия құрылды. Оның қорытындысы «Қазақстандағы 1931-33 жылдардағы күштеп ұжымдастыру және ашаршылық» атты көлемді жинаққа енді. 1993 жылы 14 сәуірде «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» Заң қабылданды. Сонымен бірге мемлекет басшысының шешімімен 1997 жыл – Жалпыұлттық татулық пен саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу жылы ретінде, 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні деп жарияланды.
Тарихты зерделеу өскелең ұрпақты тәрбиелеуде қаншан да маңызды орынға ие. Мемлекеттің «Рухани жаңғыру», «Туған жер», «Қасиетті Қазақстан» секілді ұзақ мерзімді бағдармалары осыған бағытталған. Еліміздің әр қиырында бой көтеріп жатқан «Қазақ халқына мың алғыс» монументтері – Қазақ жерінен пана тапқан сан түрлі ұлыстардың Қазаққа деген ризашылығының көрінісі.
Қуғын-сүргін мен ашаршылық оқиғаларына қатысты жер-жерде мұражайлар мен мемориалдық кешендер тұрғызылды. Алаш арыстарының құрметіне қалаларымыздың орталық алаңдарында ескерткіштер орнатылды, ал есімдері мектеп пен көшелерге берілді. Олардың шығармалары кітап болып басып шығарылды. ХХ ғасырдағы зұлматқа арналған зерттеулер оқулықтарға енді, көркем және деректі фильмдерге арқау болды. Тәуелсіздік жылдарында дүниеге келген ұрпаққа Әлихан, Ахмет, Мағжандардың есімдері берілуі өз алдына ұлт көсемдерінне құрметтің белгісі.
Десе де 1990 жылдардың басынан бері зерттеліп келе жатқанымен, ашаршылық пен қуғын-сүргін тарихының күрмеуі толық шешіле қойған жоқ. Бұл бағытта атқарылар жұмыстар әлі жетіп артылады. Рас, сол алыс жылдары Қазақстан РКФСР құрамында автономды республика болды, сондықтан құжаттардың негізгі массиві Мәскеуде орналасқан. Көрші елдің өкілдері түрлі сылтаумен отандық ғалымдарды осы мұрағатқа жолатпай отырғаны бар. Қазақ қоғамының өз ішінде өткенді қазбалай берсек ұнамсыз талай жәйттердің беті ашылып қалады ғой деп санайтындар, көрші елдің сесінен қаймығушылар аз емес. Қайткен күнде ұлт боламыз десек осындай кедергілерге бой ұсынбаған абзал. Керек десеңіз ақты ақ, қараны қара деп тану - кешегі еш кінәсіз құрбан болған миллиондаған ата-бабаның әруағы алдындағы парыз. Бұл тұрғыда зұлматқа тиісті бағасын беруде, оны халықаралық деңгейде мойындауға жағдай жасауда өз ішіміздегі шаруаларен қатар ТМД елдерінің тәжірибесін қолға алу өзекті мәселе.
P.S. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде нацистердің еврейлерді қырғаны Холокост деген атаумен білгілі. Бүгінгі Израилде сол қасіретті оқиғаларға арналған Яд-Вашем мемориалдық кешені орныталған. Бұл – еврейлердің мектеп оқушыларынан бастап еңкейген қарияларына дейін келіп бас иетін, тарихын қастерлеп өзін ұлт ретінде сезінетін орын. Сондай-ақ еврей еліне келген кез-келген мемлекет басшысының сапары осы кешенге тағзым етуден басталады. Сондағысы еврей халқы аталған қылмыстың бүге-шегесін зерттеп қана қоймай, оған айыптыларды тіпті сырт елдерде тығылған жерінен іздеп-тауып, Израилге әкеліп сазайын берген. Ал енді Холокостқа кімде-кім күмән келтірсе ол Израил ғана емес, халықаралық заңдар бойынша қатал жауапқа тартылады. Осындай тәжірибені көріп отырып, еврейдің ұлт ретіндегі намысына қайран қаласың. Күндердің бір күнінде Қазақ та өз тарихында орын алған зұлматты оқиғаларды толығымен ашып, тарихынан тағлым алған ұлт ретінде ойысып басқаны мойындатуы – заман талабы.
Расул Жұмалы, саясаттанушы