Фото: ашық дереккөз
Көрнекті жазушы, сатирик, Қазақстанның құрметті журналисі, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Ғаббас Қабышұлы 90 жасқа толды, деп хабарлайды Ult.kz.
Мерейтой иесінің шаңырағына, Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының Төрағасы Мереке Құлкенов пен Алматы қаласы Мәдениет басқармасының басшысы Ғани Майлыбаев арнайы барды. Ғани Майлыбаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жүрекжарды лебізге толы құттықтау хатын оқып берді. Сонымен қатар Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің құттықтау хаты мен Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаевтың да құттықтауы табысталды.
Қазақ қаламгерлері атынан сөз сөйлеген Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының Төрағасы Мереке Құлкенов Ғаббас Қабышұлына құрмет көрсетіп, қаламгердің әдебиет пен журналистикадағы, сатира мен аудармадағы ерен еңбегін атап өтті. Ол жазушы шығармашылығының қоғамды тереңнен толғап, әзілмен астарлы ой айтатын даралығына ерекше тоқталды.
Құттықтауында Мереке Құлкенов:
«Сіздің қаламыңыздан туған әрбір шығарма – қоғамның терең тамырын дөп басып, күлкі арқылы ой салатын өткір туындылар. “Мысықта сақал неге жоқ?”, “Жетім жиналыс”, “Тарихта қалғың келе ме?” сынды сатиралық әңгімелеріңіз қазақ әдебиетінің алтын қорынан ойып тұрып орын алады», – деп атап өтті.
Сондай-ақ ол жазушының А.Чехов, С.Михалков, Б.Нушич секілді әлем әдебиеті классиктерінің туындыларын қазақ тіліне тәржімалаудағы еңбегін жоғары бағалады. Бұл аудармалар қазақ оқырманына әлем әдебиетінің үздік үлгілерін ұсынумен қатар, төл әдебиеттің көкжиегін кеңейткені айтылды.
«Сіздің шығармашылығыңыз – күлкі мен шындықтың арасындағы көпір. Әдебиет арқылы елдің санасын жаңғыртып, ұрпақ тәрбиесіне зор үлес қостыңыз. 90 жылдық мерейтойыңызбен шын жүректен құттықтай отырып, Сізге зор денсаулық, шығармашылық ұзақ ғұмыр тілеймін», – деп түйіндеді Жазушылар одағының төрағасы.