14 ақп, 2020 сағат 09:04

Қазақ әдебиеті антологиялары 93 мемлекеттің ірі кітапханаларына таратылады

Әлемнің 6 тіліне аударылған қазақ әдебиеті антологиялары 120 мың данамен басылып шықты. «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасы аясында аударылған антологиялар енді шетелдегі ірі кітапханаларға таралатын болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Салтанатты шараға ҚР Мемлекет хатшысы Қырымбек Көшербаев, ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев қатысты.

«Бұл жобаны ұйымдастыру және үйлестіру жүйесі де бұрынғыдан өзгеше болды. Ондағы басты мақсат көркем аударманың жоғары сапасын қамтамасыз ету болатын. Ол үшін ең алдымен жобаны жүзеге асыруға 6 елдегі көркем аударма саласында тәжірибесі мол, беделді деген баспалар таңдалды. 60 автордың үздік туындылары енген антологиялар дүниежүзінің 5 құрлығындағы 93 мемлекеттің ірі кітапханалары мен іргелі оқу орындарына, мәдениет пен әдебиетке маманданған ғылыми орталықтарына таратылады», - деді ҚР Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев.

«Құндылықтар алмасып, заманалар өзгеріп жатса да ешқашан ескірмейтін, өзінің мән-мағынасын жоғалтпайтын қасиетті ұғымдар мен сондай мәңгілік тақырыптарды көркем бейнелейтін туындылар болады. Ондай шығармалар өз дәуірінің шындығын сипаттап қана қоймай, болашақ ұрпаққа жақсылық пен жамандық, ізгілік пен зұлымдық турасында тереңінен сыр шертеді. Міне, сол себепті де мұндай туындылар ешқашан өлмейді және оларды өмірге әкелген авторлардың есімдері де елдің жадында мәңгі сақталып қалады. Қазақ деген ұлт бар жерде бұл табиғи үдеріс ешқашан тоқтап қалмақ емес. «Халық – талант қайнары» дейтін даналықтың сыры да осында.

Біз бүгін заманауи қазақ әдебиетінің бағыт-бағдарын, әлеуетін анық көрсететін – «Қазіргі қазақ прозасының антологиясы» және «Қазіргі қазақ поэзиясының антологиясы» атты кітаптардың тұсауын кесіп, оларға үлкен өмірге жолдама бермекпіз. ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар – Рухани жаңғыру» бағдарламасы көпшіліктің көңілінен шыққан, мәдениетіміздің өркендеуіне тың серпін берген рухани өміріміздегі айтулы оқиға болды. Соның бір саласы «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасы аясында жасалған бұл кітаптармен таныстыру еліміз бойынша Алматы қаласында алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Бұл еңбектерді – Елбасы идеясының жүзеге асуы және талантты қазақ қаламгерлерінің ерен жеңісі деп бағаласақ орынды болмақ», - деді қала әкімі Бақытжан Сағынтаев.

Былтыр осы «Қазіргі қазақ прозасының антологиясы» және «Қазіргі қазақ поэзиясының антологиясының» сүйінші данасы шығып, шетелдік кейбір кітапханаларға берілді.

Былтыр сирек туынды тек шетелдік санаулы аудиторияға жеткізілсе, бүгін 2 жыл бойы атқарылған жұмыс қорытындыланып әр антология 10 мың данадан басылып шықты. Сөйтіп жалпы саны 120 мың жинақ әлемдегі 23 мың кітапхана, ғылыми орталықтарға жіберілуге дайын.

Осылайша жалпы саны 2 миллиард 600 миллион халық қазіргі қазақ әдебиетінің жауһарларымен танысуға мүмкіндік алады.

Ағылшын тіліндегі кітаптар - әлемнің 17 мемлекетіне, араб тіліндегі кітаптар Таяу Шығыс пен Африкадағы 22 елге, испан тіліндегі аударма - әлемнің 20 еліне, қытай тіліндегі кітаптар 1,5 млрд халқы бар Қытай аудиториясына, орыс тіліндегі антология 14 елге, француз тіліндегі кітаптар Еуропа мен Африканың 17 елінің ірі оқу орындарына, кітапханалары мен ғылыми орталықтарына жеткізіледі.

Еске салайық, заманауи қазақ әдебиетінің үздік үлгілерін БҰҰ 6 тіліне аудару жобасы «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасы аясында жүзеге асырылуда.

«Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасы аясында қазіргі қазақ әдебиетінің қос антологиясы аударылып, жарық көрді. Олар – «Қазіргі қазақ прозасының антологиясы» және «Қазіргі қазақ поэзиясының антологиясы». Әр антологияның көлемі – шамамен 500 беттей, әрқайсысына қазақстандық 30 автордың таңдамалы шығармалары енді. Кітаптардың ағылшын тіліндегі аудармасы былтыр 25 қыркүйек күні – Британияда, испан тіліндегі нұсқасы 27 қыркүйекте – Испанияда, орыс тіліндегі антология 15 қазанда Ресейде таныстырылды.