05 шіл, 2024 сағат 15:59

Қайрат Нұртастың ісі бойынша сот шешімі шықты


Астана қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты әнші Қайрат Нұртастың ісіне қатысты сот шешімін шығарды. Өнер иесіне 15 тәулікке қамауға алу жазасы тағайындалды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Істің мән-жайынан белгілі болғандай, Қайрат Нұртас ұшақ бортында сөзге келіп қалып, жанжал кезінде Асылбек Бекқайыровтың денсаулығына қасақана жеңіл зиян келтірген. Бұдан бөлек, төбелес кезінде ол әдепсіз сөздер айтқан. Ол өз әрекетімен қоғамды сыйламаушылық танытып, қоғамдық тәртіпті бұзған.

Бұл ӘҚБтК-нің 73-1-бабының 1-бөлігінің санкциясы 15 АЕК мөлшерінде айыппұл салу немесе 15 тәулікке дейін әкімшілік қамаққа алу түріндегі жауапкершілікті; 434-баптың 2-бөлігінің санкциясы 15-тен 30 тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алу түріндегі жауапкершілікті көздейді.

Соттың қаулысымен әнші ӘҚБтК-нің 434-бабының 2-бөлігімен және 73-1-бабының 1-бөлігімен көзделген әкімшілік құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылды:

- ӘҚБтК-нің 73-1-бабының 1-бөлігімен тараптардың татуласуына байланысты іс қысқартылды;

- 434-баптың 2-бөлігі бойынша құқық бұзушылық әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайтадан жасалғандықтан, 15 тәулік мерзімге әкімшілік қамауға алынды.

Қаулы заңды күшіне енген жоқ.

Естеріңізге сала кетейік, бүгін Қайрат Нұртастың ұшақта төбелескені туралы хабар тарады.

Айта кету керек, Қайрат Нұртас МАӘС-ның 2024 жылғы 27 сәуір қаулысымен былапыт сөз айтқаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оған 20 АЕК (73 840 теңге) көлемінде әкімшілік айыппұл салынған болатын.