Фото: Козачков Telegram
Астанада аудандық деңгейдегі полиция басшысы өзіне тікелей жетекшілік ететін бастығын телефон қоңырауына жауап бермегені үшін ұрып-соққан. Бұл туралы Михаила Козачковатың Telegram арнасы жазады, деп хабарлайды Ult.kz.
Жақында Астанада 32 жастағы Әли Абетаевқа қатысты сот үкімі жарияланды. Ол бұрын қарапайым учаскелік инспектор болып қызмет етіп, кейіннен Есіл ауданы Полиция басқармасындағы жергілікті полиция қызметі бөлімінің бастығының орынбасары қызметіне тағайындалған.
Өткен жылдың маусым айында Абетаев полиция бөлімінде кезекші болып қызметке кіріскен. Дәл сол күні оның бастығы Сәкен Ногаев учаскелік инспекторлармен бірге мейрамханаларды тексеру рейдіне шыққан.
Ногаев пен оның қарамағындағы қызметкерлер «Тануки» мейрамханасында клиенттерге кальян ұсынылып жатқанын анықтайды. Ногаевтың айтуынша, қызметкерлер әкімшілік хаттама толтырып жатқан кезде оларға Абетаев пен олардың ортақ басшысы Айдос Момбиев телефон шалып, мейрамханадан кетуді талап еткен. Алайда сол уақытта олар айыппұлдарды салып үлгерген.
Осыдан кейін Ногаев «Berezka» мейрамханасына барғанын айтады. Бірақ қарамағындағы қызметкерлер Момбиевтің ашуынан қорқып, ішке кіруден бас тартқан. Сол сәтте Ногаевқа Абетаев тағы да қоңырау шалған, алайда ол телефонының істен шығуына байланысты жауап бере алмаған.
Ақыры Абетаев Ногаевқа әріптестері арқылы хабарласып, оны «Meat&Bear» мейрамханасының жанына келуге шақырған. Сол жерде Әли Ногаевтан неге қоңырауға жауап бермегенін сұрап, сөз таласы басталған. Соның соңы жанжалға ұласып, Абетаев бастығын ұра бастаған, тіпті тұншықтыру әдісін де қолданған.
Салдарынан Ногаев медициналық көмекке жүгініп, кейін құқық қорғау органдарына арыз түсірген.
Тергеу барысында оқиғаға қатысы бар барлық адамдардан жауап алынған. Олардың ішінде Айдос Момбиев те болған. Ол ешқандай заңсыз бұйрық бермегенін, мейрамханаларды «қорғамайтынын», ал Ногаевты тек ортақ чатқа есеп жібермегені үшін іздегенін айтқан. Яғни жай ғана алаңдағанын жеткізген.
Ақырында өз әріптесіне қол көтерген Әли Абетаевқа бастапқыда қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланды деген айып тағылған. Алайда сот барысында прокуратура істің саралануын өзгертіп, оны денсаулыққа жеңіл зиян келтіру бабы бойынша қарауды ұсынған.
Сот осы ұстаныммен келісіп, бұрынғы капитанға бір жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады.
Сонда формамен жүрген, қызмет барысында болған полиция қызметкерін ұрып, ауруханаға түсірсең – бар болғаны 12 ай пробация ғана ма?
Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.
