Бүгінде дін мәселесі кезек күттірмейтін өзекті мәселеге айналған. Елімізде көп ұлтты азаматтар ғана емес, бірнеше дін, бірнеше діни ағымдар да өмір сүреді. Сәйкесінше азаматтардың діни ұстанымдары да әртүрлі. Біз осы орайда елге көп қауіп төндірген жат ағымдар туралы еліміздегі тұңғыш ислам ғылымы докторы, Нұр-Мүбарак университетінің проректоры Қайрат Құрманбаевты әңгімеге тарттық.
– Бізде ислам бойынша 30-ға жуық ағым бар екен. Жат ағымға кеткен азаматтармен жұмыс қалай жүргізіліп жатыр?
– Иә, ағымдарды 30-ға жуық деп жүрміз. Бірақ олардың тіркелген-тіркелмегені, ресми-бесресмиі бар, сондықтан санын нақты айта алмаймыз. Салыстырмалы түрде біреудің көзқарасында ағымға тиесілі, ол ағымға тиесілі емес деген сияқты ғой. Оның саны да нақты емес болғандықтан, қанша жасымыз, қанша азаматымыз ағым жетегінде екенін нақты айту қиын. Өйткені кейбір ағымдардың нақты өлшемдері жоқ. Дегенмен, қазіргі таңда көп алңдатып отырған, бұл шектен шыққан, жалпы халықтың арасында сәләфизм бағыты бар, сәләфизмнің өзі де соңғы кезде өзара бірқатар бағыттарға бөлінді. Мадхализм, суруризм және такфиризм деген сияқты. Негізгі қоғамда көзге түсіп жүрген осы шектен шығушы топ. Яғни шектен шығушы дегенде кейбір көзқарастарында, діни ұстанымдарында радикалданған діни бағыттар бар. Сонымен қатар, жамағат ретінде танылған түрік жамағаттары да бар. Кейбіреулері сопылық бағытқа негізделеді, яғни негіздерін сувинизмнен алады. Бірақ кейбір методологияларында, дінді түсіндіру құралдарында ерекшелік бар. Оқыған кітаптарымен, кейбір діни түсініктерімен ерекшеленеді. Бірақ түп негізі біздің осы «дәстүрлі ислам» деген біздің тарихи діни жадымызға қайшы келе бермейді. Ханафилық тұрғыдан, құқықтық ханафи мектебін ұстанады. Сенімділік мектеп те, мәтүриди мектептерін де ұстанатын түрік жамағаттары бар. Олардың өздерінің діни-саяси, кейбіреулерінің діни-философиялық, кейбіреулерінің таза діни ұстанымдары, көзқарастары бар. Осы жерде біріншіден Фетхуллаһ Гүленнің соңынан ерген жамағаттарды айтуға болады. Олардың қоғамда діни сипат алмайтын өзіндік кейбір іс-әрекеттері бар, ол ақиқат. Олар осы қоғамда жұмыс істейді, бірақ көп көзге түспеуге тырысады. Және сол секілді сүлейманшылар бар. Жаңа жоғарыда айттым, ханафилік, мухамилік жағынан көп проблема туындатпайды. Бұл жерде де кейбір діни көзқарастары, діни ұстанымдары және кейбір дінді жеткізу құралдары, әдіс-тәсілдерінде ерекшеленеді. Діни ұстаным, көзқарастары да бар жалпы. Нұршылар, гүленшілер, сүлейманшылар, сосын сопылыққа негізделген Құрбаналы жамағаты бар.
– Бірақ біз мұның бәріне емес, кейбіріне ғана тыйым салып отырмыз ғой?
– Иә, жоғарыда аталған жамағаттар заңдық негізде тыйым салынбаған. Ал Таблиғи жамағатқа тыйым салынған. Сосын Шәкәрім, Абайлардың сөздерін айтып жүретін Исматтуланың жамағатына тыйым салынды. Зікіршілерге тыйым салынған. Бұлардың кейбір кейбір діни ұстанымдары, кейбір діни көзқарастары бізге қайшы келеді.
– Сөзіңіз аузыңызда, осы орайда сіздерді, яғни Нұр-Мүбарак университетінде білім беретіндер мен білім алатындарды да айыптағандар табылды ғой?
– Иә, оныңыз рас. Бізді кейбір сопылық ұстаншулар бізді де айыптауы мүмкін. Бұлар арабтар, арабтардың бәрі сәләфиттер деуі мүмкін. Мұны енді таяз түсінік деп қабылдаймын. Біз арабтармен классиакалық әр сала бойынша жұмыс істейміз. Оның ішінде ислам теологиясы, мұсылмандық құқықтық незідері, ислам методологиясында араб тіліндегі классикалық кітаптарды оқытамыз, соны пайдаланамыз, соған жүгінеміз. Ол қажетті дүние. Исламтануда орта ғасырда жазылған дүниелердің бәрі араб тілінде жазылды, араб тілінің осындай маңыздылығы болғандықтан, біз араб тілінде жұмыс істейміз. Өйткені сол классикалық кітаптарды оқу үлкен көмегін тигізеді. Кейде біреу арабша бір хадис оқыса болды, ол арабтанған деген сияқты айыптаулар бар. Мысалы медицинада латын тілін оқиды. Біз оның бәрі латынданып кеткен деп айтпаймыз ғой. Немесе қазір кейбір ғылым салаларында философия, заң саласында болсын, өзіндік терминдер бар. Батыс терминологиясын қолданады. Француз тіліндегі терминдерді қолданады. Ал бұлар батыстанып кеткен деп ешкім айтпайды ғой. Сол сияқты исламда да өзіндік терминдер бар. Кейбір терминдер қазақ тіліне аударылмайды. Аударсақ, мәні, мағынасы жойыладығ сол үшін араб тілінде қолданылады. Ал ауызекіде кейбір сөздер айтылып кетуі мүмкін араб тілінде Иншалла, Машалла деген секілді. Кейбіреулер сонымен де өлшеп жатады.
Бірақ жалпы, біз ҚМДБ-ның аясында және біздің мемлекетіміздің діни ұстанымы негізінде осы 18 жылдан бері жұмыс істеп келе жатыр. Қаншама түлектеріміз еліміздің түкпір-түкпірінде дінге қызмет етіп жүр. Олардан біз тек қана жақсы жағынан көріп жүрміз.
Егер бір түлегімізден кемшілік болып жатса, ол біздің кінәміз емес. Біріншіден, оған кім баға беріп отыр? Екіншіден, қандай мәселеде? Міне, осындай сауалдардың жауабын іздеу керек. Бір адамның адами айыбы үшін оған университетті айыптай алмаймыз ғой. Бір отбасынан жақсы да, жаман да бала шығады. Ол үшін ата-анасы сондай тәрбие берген деп айыптауға болмайды. Сол сияқты бітіріп кеткен түлектің айыбын университеттен көріп жатса, бұл – сыныққа сылтау іздеудің әрекеті. Ондай жағдай университеттің кемшілігі емес, ол тұлғалық кемшілік болуы мүмкін
Біздің түлектер көп жерде жұмыс істеді, қаншама түрмелерге кіріп, зерттеп жатыр. Қаншама халықтың діни сауатын ашуда мешіт жанына бетұрбысты. Қаншама діни радикалдармен пікір таластырып, солармен қызыл кеңірдек болып, жүйкесін тоздырып жүр. Санасы небір ауыр вирус жайлаған, физиологиялық тұрғыдан да зияны басым түрмеде қызмет етеді. Бірақ оны ешкім бағалап жатқан жоқ. Кішкентай бір кемшіліктерін көрсе, оны бір үлкен мәселе қылып көтеріп айыптаулары мүмкін. Әрине, қаншама түлектеріміз осы кезге дейін қаншама айлық бермесе де, 18 жылдан бері немесе 10 жылдан астам уақыт айлықсыз дін саласында халыққа қызмет етіп келе жатыр. Оларға аздаған ақша ұсынып жатса, ол соны қабылдап жатса, соны бір үлкен мәселе қылады. Әрине өлген адамның денесін ұстау, оны жуу, оны қарау, ол да психологиялық үлкен әсер ететін нәрсе. Күнделікті бір ғана мәйіт емес, қаншама мәйіт жууы мүмкін, бұл үлкен жұмыс. Ол мәйіт жатып қалуы мүмкін, небір бактериялар болуы мүмкін, оны кім ескеріп жатыр? Имамдар сол қызметті атқарады. Бір емес, бірнеше, неше түрлі мәйіттерге барады, оны жуады, арулайды. Рәсімін атқарады. Аязда барып, жерлеуге, рәсімге қатысады. Оның бәрі жұмыс. Сол еңбегіне 500 теңге алса, соны үлкен мәселе қылады. Басқа жақта түк істемей, миллиондап жұмыс істеп жатқандар бар ғой, мысалы. Сондықтан дін адамдарында еңбек бар, оны бағалану керек. Әлеуметтік тұрғыдан олар мемлекеттік кезекке тұрып үй де ала алмайды. Өйткені мемлекеттен айлық та берілмейді, зейнетақы қорында да ақшасы жүрмейді, мемлекеттік қызметкер қатарына да кірмейді. Біз оны ескеруіміз керек, бағалауымыз керек.
– Жат ағымның жетегінде кеткен адамдармен оңалту жұмыстары жүзеге қалай асылырып жатыр?
– Әрине, жат ағымда адасушы адамның оңалуы әбден мүмкін. Салыстырмалы түрде айтсақ, бұл – науқастық. Әр аурудың емі бар. Көбіне рухани психологиялық, сенімдік кесел десек те болады. Жалпы медицинада кесел, науқастық емделеді. Бұл адам анатомиясына қатысты. Ал адамның психологиясына қатысты сенімі, руханиятына қатысты күрделі дер едім. Дегенмен, практикада оңалту жұмыстарының нәтижесі көрініс беріп отыр. Бірақ біз қалай оңалтамыз? Бұл – мәселе. Бірінші кезекте бірінші университеттің өзі діни сапалы кадр шығарсақ, демек сол кадр шектен шыққан топтармен жұмыс істейді. Біз діни мәлімет бермейміз, діни-ғылыми сауатын көтереміз, және мемлекеттен диплом беріп, қызметке орналастырамыз. Яғни бірінші кезекте университеттің өзі радикалданудың алдын алып отыр. Екіншіден, шыққан мамандарымыз басқа жастарға білім беру арқылы, басқа жастардың шектен шығып кетуіне жол бермейді. Процесс жүріп жатыр. Оңалту деген кезде, тек қана біз дерадикализация дейді, бұл жақта реаблитация да бар. Алдын алу да бар. Яғни алдын алудың өзі үлкен жұмыс. Екіншіден адасқан немесе шектен шыққан адамдарды топтан қайтару үлкен кешенді жұмысты қажет етеді. Біздің маман ек қана теологиялық акпектісінен жұмыс істеуі мүмкін, оның басқа да қырлары бар. Оның социологиялық, психологиялық, тіпті саяси... Басында оны емдету керек. Санаға сіңген нәрсені өзгерту мүмкін. Уланған сана бұрын дұрыс сана болып, кейіннен уланды. Демек ода дұрыс нәрсе бар. Тек жаман нәрсеге өзгерді, енді оны қайтадан жақсыға өзгертуге болады. Бірақ онымен өте кешенді жұмыс жүргізу керек. Оның негізгі проблемасын анықтау керек. Сосын кейбіреулерін баяу оңалуы мүмкін, біреулер тез деген сияқты. Дегенмен оңалу оңай емес, қиын.
– Ондай қиын жағдайда қалай жұмыс істеу керек?
– Менің ойымша, оңалуы қиындарға яғни түбегейлі қайтпайтындарға ортақ құндылықтарды көрсетуіміз керек. Ортақ құндылықтарды сақтау керек, болды. Өз ұстанымың өзіңе, бірақ ортақ құндылықтар бар деп түсіндіру керек. Ол саған да, маған да, оған да. Саған деп отырғаным шектен шыққан топқа, маған, және оған басқа дін немесе мүлдем дінсіз болуы мүмкін. Бәрімізге ортақ құндылықтар бар. Ол қоғамның, мемлекеттінің тұрақтылығы. Бұл дінсізге де, діндәрға да, шектен шығушыларға да ортақ. Өйткені әрбір топ, радикалды топ болсын, орта жол ұстанған болсын, барлық адамға қоғам керек. Дұрыс әрі тыныш өмір сүру үшін тұрақты қоғам керек. Сол секілді сондай адами ортақ құндылықтар бар. Адамға адам ретінде қарау, әділдік, тазалық секілді бәріне бірдей. Осы құндылықтарды сақтауды біз үндеуіміз керек. Ғылым ортақ. Ешкім ғылымның дамуына кері әсер ете алмауы керек. Мәдениет құндылығын ешкім жоққа шығара алмайды. Қарсы күрес жасауға болмайды. Мысалы, Еуропада азғын адамдар, небір топтар, бәрі өмір сүре береді. Бірақ заң арқылы, т.б жүйелер арқылы ортақ құндылыққа шақырады. Мұндай топтармен күресушілердің арнайы оқуы жоқ. Шектен шыққан топтардың бірінші этаптағы проблемасы – теологиялық проблема, діни проблема, діни фундаменталды проблема. Біздің негізгі мамандарымыздың барлығы дін негіздерін, исламтану негіздерін, экстремизммен, террроризммен, радикалданумен күрестің алғашқы этапын оқып. Бірақ оның келесі этаптары бар, психологиялық, конфлитологиялық, социологиялық т.б тұрғыдан оларды оңалту жұмыстары дегендей...
– Сіздер осы бағытқа арнайы оқытып жатырсыздар ма? Яғни оңалту жұмыстарына дайын мамандарды арнайы оқытасыздар ма?
– Расын айтқанда, біз іріктейміз. Дерадикализация саласында біздің кадрлар, түлектер ішінде соған икемі бар, пікірталасқа, өзін дәлелдеуге, оларға контр-аргумент жеткізуге мықтыларын біз сұрыптаймыз. Сосын оларға арнайы курстар жүргіземіз. Бізде университет жанында білікті маман Асқар Сабдин жетекшілік ететін Экстремизмнің алдын алу саласындағы мамандарды қайта даярлау институты бар. Сол АсқарСабдиннің жетекшілігімен семинарлар ұйымдастырамыз. Сонымен қатар, енді біз жалпы 4-курсты бітіріп жатқан қазіргі түлектерімізге осы семестрде дерадикализация пәндерін енгіздік. Сырттан да мамандар шақырып, жалпы осы бағыт бойынша мән беріп жатырмыз. Демек, енді алдағы уақытта арнайы пәндер енгізу жоспар бар.
Ғылыми, теория жақтан магистрант-докторанттарымызға осы бағытта тақырыптар беріледі. Олар енді, міне, алда қорғайды. Осы радикалды топтардың үлкен проблемасын зерттеп, магистрлық, докторлық жұмыстар жазып жатыр. Бірқатар ғылыми орталықтар осыған жауап беретін бірқатар оқу құралдарын, яғни көмекші құралдарын шығарайын деп жатырмыз. Университетте жалпы оқытылса, соған икемі бар түлектеріміз арнайы оқытылады.
Жоғарыда аталған институтқа кезінде мен де жетекшілік еткенмін. Сол кезде бірқатар іс-шаралар өткіздік. Мысалы, әр өңірде облыстарда астана, Алматыдан екі маманнан, басқа өңірлерде бір-бір маманнан осы бағытта жүрген радикал топтармен кездесіп, пікірталастырып жүрген мамандардың біліктілігін арттыру үшін екі айлық семинарды үш рет ұйымдастырдық. Біріншісін осы университет қаржысына, екіншісін жеке қаржыларға, үшіншісін мемлекет қаржысына ұйымдастырдық. Қазақстандағы ең мықты Ұлттық қауіпсіздік комитеті академиясынан, ҚазҰУ, Өнер академиясынан мамандарды, профессорларды шақырып, біз өте сапалы жұмыс істеп, университеттің екі жылдық бағдарламасын екі айда оқытқан кездеріміз болды. Олардан нәтиже де көрініс тапты. Теория оқытып қана қоймай, біз оларды практикаға жіберіп, практикалық білімдерін шыңдадық. Қазір Асқар Сабдиннің жетекшілігімен бұл жұмыс қайтадан қолға алынып отыр. Асқар Сабдин өзі Қазақстан облыстарына ғана емес, осы ТМД елдерін аралап лекциялар оқып, тәжірибе алмасып, оқу орнымыз бен еліміздің абыройын асырып жүр.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Ақбота МҰСАБЕК