Елімізде Дінтану мамандығы бойынша білім беретін бөлім ең алғаш қазіргі Абылайхан атындағы Халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінде ашылған. Аталған бөлімнің алғашқы түсушілері де, алғашқы бітірушілері қазіргі белгілі ғалымдар. Олардың қатарында қазіргі Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетінің проректоры Қайрат Құрманбаев та бар. 2015 жылы Исламтану мамандығы бойынша Қазақстанда тұңғыш ғылым докторы атанып, исламтану ғылымына үлкен үлес қосып жүрген маманды әңгімеге тарттық.
– Нұр-Мүбарак Египент ислам мәдениеті университеті құрылғалы қаншама мамандарды даярлап шығардыңыздар. Осы оқу орнын тәмәмдаған ьүлектер дін саласынан өзге қандай салаларда қызмет ете алады?
–Тәуелсіздік алғаннан кейін діни-рухани құлдырау болып, рухани-идеологиялық қажеттілік болғаны баршамызға белгілі. Осындай бос кеңістікте түрлі ағымдар кең тарай бастады. Діни кадрлар болған жоқ. Осы орайда Тәуелсіздік алған жылдары кез келген мәселеде, оның ішінде дін саласында Елбасы Н.Назарбаевтың еңбегін жоққа шығара алмаймыз. Атап айтқанда, 1993 жылы Мысырға сапарында Алматы қаласында үлкен ғылым ордасын, ислам орталығын салуды жоспарлаған екен. Өйткені дінсіз қоғам болмайды, ислам өркениетінсіз біздің-дәстүріміз, тарихымыз қаралмайды. Осы тұста ғылыми негізде зерттейтін, сауатты, білікті кадрлар дайындау мақсатында, кезінде жасалған келісімшарт бойынша 2001 жылы Нұр-Мүбарак Египент ислам мәдениеті университеті ашылды. Біздің университет еліміздегі діни кадрларды дайындауда 18 жыл бойы жұмыс істеп келе жатыр. Бүгінгі таңда әлемге әйгілі Әл-Әзһар университетінің 18 ғылым докторы сабақ береді. Ол мамандарға Қазақстан тарапынан ешқандай қаржы бөлінбейді, аталған университет өз қаражаттарына жіберіп отыр. Сонымен қатар, Мысыр мемлекеті біздің университеттің ескі және жаңа корпусын, мешітін салып берді. Мұның бәрі бізде діни кадрлар жоқ болғандықтан және оларды дайындау үшін өте үлкен көмек болды. міне, сол 18 жылдан бері 1700-ден астам бакалавриат түлектері бітірсе, оның 200-ден астамы магистратура бітірді. Және 20-6-ға жуық ғылым докторлары аяқтады.
Ал түлектерді жұмыспен қамту жағынан біз жоғары көрсеткішке иеміз. Өйткені біздің университет Қазақстанда діни кадрлар дайындайтын жалғыз оқу орны. Біздің бірінші жұмыс берушіміз – Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы. Басқарманың құрамында бірқатар мешіттер бар. Сол айтқандай, ҚМДБ-да, мешіттерде имамдық, ұстаздық қызмет етіп жүрген мамандар біздің түлектер. Сондай-ақ, қазіргі таңда дін істерін бақылау, қадағалау мақсатында, дін көптеген мемлекеттік құрылымдарға да кірді.Сол дін істерін, дінге қатысты мәселелерді қарайтын, реттейтін, бақылайтын органдар, мемлекеттік мекемелер де ашылды. Түрлі басқармаларда, облыстарда, ішкі саясат бөлімдерінде дін істерін бақылайтын бөлімдер бар. Кезінде Діни істері министрлігі де құрылды. Өйткені соңғы кезде дін құбылысы Қазақстанда ғана емес, әлемде қатты белең алды. Жастардың дінге бет бұруы, ислам дінін ұстанушылар қатарының көбеюі көрініс берді. Міне, осындай кезде жоғарыда аталған жерлердің бәрінде дінге қызмет еткен біздің түлектер.
Сонымен қатар, Ішкі істердің аудандық бөлімдері, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Прокуратура, сот болсын, біраз жерлерде діни кадрларға мұқтаждық болды, әлі де бар. Себебі, шектен шыққан адамдар, олардың кітаптары, діни ұстанымдары сараланып, сотқа жіберіледі. Ал бұл жерде теологтардың эксперттік көзқарасы қажет, кітапты саралайтын мамандар қажет. Сондықтан болар, біздің түлектердің 90-95 пайызы жұмыспен қамтылады. Өйткені діни кадрларға, теологтарға сұраныс бүгінгі күнге дейін артып отыр.
–Бізде жоғарғы оқу орындардың рейтингісін шығару деген бар ғой. Бірақ сіздер рейтингте жоғары көрінбейтін сияқтысыздар?
–Дұрыс байқаған екенсіз. Осы кезде біз мына жайтты ескеруіміз: біздің түлектердің 50%-ы ҚМДБ жүйесіне жұмысқа орналасады. Яғни ҚМДБ-ға қарасты мешіттерде қызмет еткен мамандар, қызметкерлер, имамдар мемлекеттен жалақы алмайды. Мемлекеттен еңбекақы алмағаннан кейін, зейнетақы қорына ақша бөлінбейді. Қазақстанда рейтингті Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі түлектердің түлектердің жұмысқа орналасуымен өлшенеді. Жоғарыдағыдай қызметке орналасқан біздің түлектер еңбекақысы пен зейнетақы қоры жүрмегендіктен есепке алынбайды. Рейтингте біздің төменгі сатыдан көрінуіміз сол себепті деп білемін.
–Ал оқып жүрген студенттерге қандай жағдай жасалған?
–Ең біріншіден, 2012 жылдан бері мемлекет тарапынан гранттар бөлінген. Яғни ақысыз білім алу мүмкіндігі бар. осы орайда бір нәрсені айта кеткім келеді. Дін саласына көбіне, жасыратыны жоқ, жағдайы төмен отбасылардың балалары келеді. Өйткені, ата-ана баласы дінге бет бұрса, адал жүрсе жақсы болатын шығар деген үмітпен жібереді. Бір кездері осындай тенденцияның болғанын жоққа шығара алмаймыз. Біз сондай жастарға жағдай жасау үшін демеушілер тартып, олардың оқу ақысын төлеп беруге тырысамыз. Сонымен қатар университет грантын, ректоры грантын бөлеміз. Әлеуметтік-тұрмысиық деңгейі төмен отбасынан шыққан, жетім, жартылай жетім және мүмкіндігі шектеулі студенттеріміздің жағдайын жасауға барымызды саламыз. Мұндай мәселелер университеттің қаржы комиссяисында қаралып, бекітіліп, материалдық көмек, жәрдемақы беріп отырамыз.
Ал жалпылама айтар болсам, болашақта ХХІ ғасырдың талабына жауап бере алатындай көзі ашқы, көкірегі ояу, жан-жақты, білікті, интеллектуалдылығы жоғары мамандарды шығару үшін біз студенттерге барынша жағдай жасап отырмыз. Яғни оқу бағдарламалары, жатақханасы, кітапхана, асхана сияқты қажеттіліктің бәрін беріп отырмыз. Жастардың жағдайы жайлы болуы үшін, білім алуына қолайлы болуы үшін мұның бәрі маңызды. Сонымен қатар, қосымша сабақтар қарастырып, Қазақстандағы ең білікті ұстаздармен қамтамасыз етуге күш салып отырмыз. Ғылыми орталығымыз бар, ізденушілердің еңбектерін, зерттеулерін, диссертация, докторлық жұмыстарын жинақ етіп шығарып, оқу құралы ретінде, кітап ретінде қолданысқа береміз. Заман талаптарына сай, қосымша мәдени-спорттық шараларды ұйымдастыруға тырысамыз. Мысалыға, фитнес залын аштық, алдағы уақытта іске қосамыз. Сол секілді өзіміздің мәдени-спорттық шараларға арнайы тәрбие және әлеуеттану департаменті бөліп, еріктілер тобын құрдық. Оған да біз мүмкіндігінше жағдай жасап отырмыз. Білім алатын аудиторияларын біз заманауи құрылғылармен жабдықтап, оларға жағдай жасауға бар күшімізді саламыз. Өйткені біз студентке жұмыс беруші ретінде қараймыз. Егер студент болмаса, біздің қаншама қызметкерлерімізге жұмыс жоқ болар еді. сондықтан бұлар біздің жұмыс берушіміз. Сол үшін біз студенттерге қызмет жасаймыз. Демек біз олардың сапалы, дұрыс білім алып, жан-жақты маман болып шығуына біз бар күшімізді салуға міндеттіміз. Яғни, қазіргі таңда осы университете білім алам деген жастарға мүмкіндігінше жағдай жасалған.
–Дінтану, исламтану салаларын оқытуда нені негізге аласыздар? Қандай мәселелер бар?
–Біздің елде бірқатар ұлт өкілдерімен қатар, дін өкілдері де өмір сүреді. Сол себепті біз елдегі жағдайға бейімдеп оқытамыз. Мәселен, дінтану мен исламтану негіздері, психология, әлеуметтану сияқты пәндер оқытылады. Ал бірінші курста жалпы пәндер: қазақстан тарихы, орыс тілі, саясаттану, экология сяиқыт міндетті пәндер оқытылады. 3-4 курста ғана негізгі мамандық бойынша пәндерге басымдық беріледі. Сонымен бірге, осы заманның, қоғамның талабына сай кейбір әлеуметтану, психология, конфликтология деген секілді пәндерді қамтимыз. Бұл да дін маманы, мысалы, имамдық қызметке кетсе, ол жамағатпен жұмыс істейді. Жамағатта қарым-қатынас психологиясы бар. Қоғамда түрлі әлеуметтік топтармен жұмыс істейтін болған соң, әлеуметтану, дін әлеуметтануы, дін психологиясы секілді пәндер оқытылады. Біз осы жылы дін психологиясына көбірек сағаттар арнадық. Көп діндер болғаннан кейін, бізде қоғамдағы секта, ағымдарды зерттейтін арнайы пәндер және жалпы діндерді зерттейтін діндер тарихы секілді пәндер оқытылады.
Ал мамандық ретінде негізгі басымдық бізде исламтану, дінтану және екі шет тілі: араб тілі мен ағылшын тілі. Біздің 4-5 жылға арналған стратегиямыз бар, Білім және ғылым министрлігінен бекітілетін оқу-бағдарламамыз бар. Әр бес жылда аккредитациядан өтіп тұратын, лицензиясы бар оқу орнымыз. Сондықтан кейбір салаларды қоса алмаймыз. Біз гуманитарлық бағытта болғандықтан, мәселен, экономиканы, ІТ технологияны қосып оқыта алмаймыз. денгенмен, алдағы уақытта қосымша ретінде оқытуды жоспарлап отырмыз. Алдағы уақытта жаңа корпус салу жоспарда бар, сол кезде мемлекетке ұсыныс айтып, қосымша мамандықтарды қостыруға тырысамыз. Сол кезде біз исламтанушы журналист, исламтанушы экономист, исламтанушы социолог, исламтанушы психолог секілді қос дипломды бағдарлама негізінде оқытсақ дейміз. Мысалы, бізде қыз балалар да оқиды. Олардың басым бөлігі мешіт саласында, ҚМДБ жүйесінде жұмыс істей бермейді. Олар қос дипломмен екінші мамандықты да алып шығатын болса, басқа сала бойынша да олар қызмет атқара алады.
Қазіргі кезде қыздарға арналған тігін цехы бар. Біздегі қыз балалардың ішінде бұрын тігін білетін, оқып алған, практикада жүрген, жетілдірген, тігіншілік қабілеттері бар қыздар сабақтан бос уақытта осымен шұғылданады. Мысалы біз қыздар жатақханасының бәріне материалмен қамтамасыз еттік, барлық жатақханаға бірыңғай перде тіккіздік. Бұл қосымша мамандық. Сол секілді ер балаларға да осындай, әрине, біз мемлекеттік диплом бере алмаймыз. Бірақ сертификат береміз. Бұл, әрі, өздері үшін де қосымша.
Мынадай да жобалар бастадық: мысалы, исламтану бөліміне мың студент оқуға түссе, оның 20-30-ы ІТ саласына икемді болады, тағы біразы жазуға, журналистикаға бейім болады. Кейбірі мемлекеттік қызметке жақын дегендей... Сондай бір бағыттағы студенттерді курсына қарамай жинап, бір топ құрамыз. Сөйтіп оларды негізгі мамандығынан бөлек, қызығушылығы бар салаға да икемдейміз, дамытамыз.
–Діни бағытта білім беруде оқулықтар жеткілікті ме?
–Білесіз ғой, дінтану, исламтану Кеңес үкіметінен бері оқытылып келе жатқан бар мамандықтар. Тіпті бір кезде бұл сала философияның бір бағыты ретінде танылып, оқытылды. Елімізде ҚазҰУ, ЕҰУ, ХҚТУ сияқты, барлығы жетіге жуық оқу орнында дінтану оқытылып келді. Ал исламтану 2012 жылдан бері тек бізде оқытылады. Тек соңғы жылдары ҚазҰУ мен Абылай хан атындағы ҚазХҚ және ӘТУ-де ашылды.
Оқулықтар мен оқу құралдарын әр университеттің өз ғылыми кеңесі бекітеді. Кейбір оқулықтарды Білім және ғылым министрлігі бекітеді. Жалпы дінді, исламтануды таза, фундаменталды оқыту үшін ҚМДБ-ның да сараптамасы қажет. Рас, исламтану бағытында көп оқулық жоқ. қазір сол олқылықтың орнын толтыруға тырысып жатырмыз. Бірқатар монографиялар шығардық, оны да оқу құралы ретінде пайдалануға болады. Университтің ғылыми кеңесі қазір осы мәселені қолға алған.
–Университет Қазақстан мұсылмандары діни басқармасымен қандай қарым-қатынаста?
–ҚМДБ – біздің құрылтайшымыз. Сондықтан ара-қатынасымыз тығыз десек те болады. Біріншіден, байланыс. ҚМБД-дағы бірқатар бөлім мамандары, басқа да қызметкерлер осы университеттің түлектері. Екіншіден, муфтилердің бәрі бізде докторантурада оқып жатыр. Айтпағым осы, біріншіден құрылтайшы ретінде бізбен байланыста, екіншіден, ғылыми тұрғыда осындай біздің түлектер болғандықтан бізбен тығыз қарым-қатынаста. Және негізгі мақсат-мүддеміз ортақ, яғни дінге қызмет ету. Сонымен қатар, біздің бірқатар ғылым докторларымыз, оқытушы-профессорлар мен ғалымдарымыз сол ҚМДБ-ның Ғұламалар кеңесінің мүшесі. Сондай-ақ, ҚМДБ-дағы ғұламалар кеңесінің мүшесі Мұхитдин Пәттеев, Алау Әділбаев, Шамшидин Керим, Қайрат Құрманбаев (яғни мен) секілді ғалымдарымыз ҚМДБ ғұламалар кеңесі бар, сол жердің мүшесіміз. Осы жақтан да біз қарым-қатынасымыз тығыз.
–Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Ақбота МҰСАБЕК