2 шілдеде Қазақстанда Дипломатиялық қызмет күні атап өтіледі. Осы мерекеге орай еліміздің бас дипломаты, Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахмановтың мақаласын жариялауды жөн көріп отырмыз.
***
Қайрат ӘБДІРАХМАНОВ,
Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі
Ұлттық мүдделердің күзетінде
(Дипломатия күніне арналған мақала)
Егемендік пен тәуелсіздік алған күнінен бастап Қазақстан заманауи отандық дипломатияның бастауында тұрған Мемлекет басшысы - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бас «сәулетшісі» болып табылатын дәйекті және тиімді сыртқы саясатты жүргізіп келеді.
2 шілдеде Қазақстан Дипломатиялық қызмет күнін атап өтеді. 1992 жылдың осы күнінде Президент Нұрсұлтан Назарбаев «ҚР Сыртқы істер министрлігі туралы», «Қазақстан Республикасының елшілігі туралы» және «ҚР Төтенше және Өкілетті Елшісінің негізгі міндеттері мен құқықтары туралы» ережелерді бекіту туралы Жарлыққа қол қойды. Тәуелсіз Қазақстанның сыртқы саясатының алғашқы тұжырымдамасы қабылданды, оның негізіне теңгерімділік және көп векторлық қағидаттары жатқызылды. Қазақстан үшін қолайлы сыртқы саяси жағдайларды қалыптастырудың және қазақстандық дипломатияның кейінгі табыстарының берік негізін нақ солар қалаған болатын.
Дипломатия бейбіт өмір қалыптастыруда әрқашан негізгі рөл атқарады, ал дипломат кәсібінің ең күрделі және жауапты кәсіптердің бірінен саналатыны кездейсоқ емес. Бұны «Дипломаттар сөйлегенде, зеңбіректер үнсіз тұрады» деген қанатты сөз де растайды. Шамамен өте ежелгі дәуірде пайда болған дипломатия кәсіп ретінде мемлекеттер және халықаралық қатынастар жүйесі өмір сүріп тұрған барлық кезеңде қажет болатыны анық. Бұл ретте, ХХІ ғасырда коммуникациялар саласында, мемлекеттердің, қоғамдар мен азаматтардың арасындағы қатынастардың сипатында болып жатқан сан алуан өзгерістермен бірге дипломатиялық жұмыстың да мәні, сипаты және механизмдері де жылдам өзгеріп, толықтырылып отыратыны сөзсіз.
Егер сыртқы саясат ведомствосының миссиясына қысқаша тоқталатын болсақ, оның мәні дипломатиялық қорғау құралдарымен біздің еліміздің егемендігін, қауіпсіздігін, аумақтық тұтастығын және шекараларымыздың мызғымастығын, басқа мемлекеттермен өзара қатынастарда және халықаралық аренада елдің саяси, сауда-экономикалық және өзге де мүдделерін қамтамасыз ету болып табылады.
Біз 183 мемлекетпен дипломатиялық қатынас орнаттық. Шет елдерде Қазақстан Республикасының 90-нан астам дипломатиялық миссиялары - елшіліктері, халықаралық ұйымдардың жанындағы тұрақты өкілдіктері, бас консулдықтар мен консулдықтары жұмыс істейді. Қазақстанда 137 шет мемлекеттің елшілері (68-і - қызметті қоса атқарады) тіркелген және 20-дан астам халықаралық ұйымдардың офистері жұмыс істейді.
Сыртқы саясаттың негізгі жетістіктерінің бірі шектес мемлекеттермен мемлекеттік шекараны халықаралық-құқықтық ресімдеу және оның бүкіл периметрі бойынша достық белдеуін құру болып табылады.
Биылғы жылғы мереке қысқа уақыттың ішінде жаһандық дипломатияның аса маңызды орталығына айналып үлгірген Қазақстанның бас қаласы Астананың 20 жылдығы қарсаңында атап өтіледі. Бұл туралы 2018 жылғы 5 маусымда Сыртқы істер министрлігі Тұңғыш Президент - Елбасы қорымен және Тұңғыш Президент - Елбасы кітапханасымен бірлесіп ұйымдастырған "Астана - бейбітшілік қаласы" атты халықаралық конференцияның қатысушылары да айтқан болатын.
Бүгінде біздің еліміз - халықаралық қатынастардың қалаулы және беделді қатысушысы. Қазақстанның аты әлемдік қоғамдастықта сенімді әріптестігімен, бейбіт сүйгіш саясатымен, халықаралық күн тәртібі мәселелерін шешудегі жауапты қызметімен, медиаторлық саласындағы тиімді жұмысымен, жаһандық және өңірлік қауіпсіздікті нығайту саласындағы жарқын бастамаларымен белгілі.
Елдегі саяси тұрақтылық, нарықтық экономиканың серпінді дамуы және қолайлы инвестициялық ахуал Астананың жаһандық дипломатиядағы халықаралық беделін нығайтуға ықпал етеді.
Қазақстанның әлі де жас мемлекет ретінде саналатынына қарамастан, отандық дипломатия қызметінің ауқымында Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы (ЕҚЫҰ), Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы (ҰҚШҰ), Шанхай ынтымақтастық ұйымы (ШЫҰ), Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес (АӨСШК), Ислам ынтымақтастық ұйымы (ИЫҰ), Түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі (ТМЫК) және басқа да халықаралық құрылымдар сияқты ірі өңірлік және халықаралық ұйымдардағы тиімді жұмыс пен табысты төрағалықтар бар.
Біздің 2018 жылғы қаңтардағы БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі тарихи төрағалығымыз халықаралық қоғамдастықтың тарапынан жоғары бағаға ие болды. Біз Орталық Азия күн тәртібін белсенді түрде талқыға салдық, Ауғанстандағы жағдайға және жаппай қырып-жою қаруын таратпау тақырыбына баса назар аудардық. 18 қаңтарда Президент Н.Назарбаевтың төрағалығымен өткен «Жаппай қырып-жою қаруын таратпау: сенім шаралары» атты жоғары деңгейдегі тақырыптық брифинг төрағалықтың басты оқиғасына айналды, ал 19 қаңтарда «Ауғанстанда және Орталық Азияда қауіпсіздік пен дамудың өзара байланыстылығының үлгісі ретінде өңірлік әріптестік құру» атты алғашқы министрлер пікірталастары өткізілді.
Біз ядролық қарудан азат әлемге қол жеткізу қажеттілігі туралы айтып қана қоймай, сонымен бірге осы жаһандық мақсатқа қол жеткізу жолында дәйекті түрде жұмыс істейміз. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Семей ядролық полигонын жабу туралы Жарлыққа қол қойған күнін - 1991 жылғы 29 тамызды БҰҰ-ның Бас Ассамблеясы Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күні ретінде бірауыздан бекітті. Сонымен қатар Қазақстан Орталық Азияда Ядролық қарудан азат аумақ құруға белсенді түрде қатысты. 2015 жылы Қазақстан Президентінің бастамасы бойынша БҰҰ Бас Ассамблеясының Ядролық қарудан азат әлем құру туралы жалпыға бірдей декларациясы қабылданды.
Ядролық қаруды таратпауды ілгерілетудегі маңызды құрал біздің Президентіміздің тағы бір бастамасы - АТОМ (Abolish Testing. Our Mission) жобасы болып табылады, оның онлайн петициясына 100-ден астам елдің 300 мыңнан астам адамы қол қойып та үлгірді. Ол жобада Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шартты (ЯСЖТШ) ратификациялауда прогреске қол жеткізу талабымен жетекші мемлекеттердің көшбасшыларына үндеу жасалады. 2018 жылғы наурызда Қазақстан Ядролық қаруға тыйым салу туралы шартқа (ЯҚТШ) қол қойды. Дамушы елдердің бастамасы бойынша осындай Шарттың пайда болуы және қабылдануы халықаралық қоғамдастықтың ауқымды бөлігінің әлемнің тұтастай бірқатар жетекші мемлекеттерінің арсеналдарында ядролық қарудың сақталуына алаңдайтынын және үстінен ядролық ажал аждаһасы төніп тұрмайтын әлем құру жолында әрекет ететінін білдіреді.
Қазақстан рухани дипломатияның маңызды орталығына айналды. Биылғы жылы Астанада Мемлекет басшысының өзіндік бірегей бастамасы - Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының алтыншы съезі өтеді.
Президент Н.Назарбаевтың қолдауымен кепілгер-елдер (Ресей, Түркия, Иран), Сирия және қарулы Сирия оппозициясының үкіметтері, БҰҰ Бас хатшысының арнайы елшісі Стаффан де Мистура, сондай-ақ бақылаушылар ретінде АҚШ және Иордания өкілдері қатысқан Сириядағы жағдайды реттеу жөніндегі «Астана процесі» шеңберіндегі келіссөздердің тоғыз раундының өтуі Қазақстанның халықаралық дипломатиясын дамытудағы маңызды оқиға болды. Қатысушылардың мұндай форматы алғаш рет өткізілді. Келіссөздердің мейілінше маңызды қорытындыларының бірі Сирияда деэскалацияның төрт аймағын құру туралы меморандумға, Ұсталғандарды/кепілдегілерді босату, қаза болғандардың мәйіттерімен алмасу және хабарсыз кеткендерді іздестіру жөніндегі жұмыс тобы туралы ережеге қол қою, сондай-ақ басқа да уағдаластықтарға қол жеткізу болды. Соның нәтижесінде Сирия Араб Республикасында (САР) зорлық-зомбылық деңгейі мен құрбандар санының айтарлықтай азаюы байқалуда. Астана процесі БҰҰ аясындағы Женева процесі үшін аса маңызды қосымша тірек болып табылады.
Орталық Азияда біздің еліміздің өмірлік маңызы бар мүдделері тоғысқан. Тәуелсіздік алған сәттен бастап Қазақстан Президенті өңірлік жақындасу саясатын белсенді түрде жүргізіп келеді. Өңірдің мемлекет басшыларының соңғы кезде жиілеп кеткен екіжақты және көпжақты форматтардағы қарым-қатынастары өңірлік ынтымақтастықтың даму үстіндегі саяси еркі мен серпінін көрсетеді. Ағымдағы жылғы 15 наурызда Астанада Орталық Азия мемлекет басшыларының бірінші консультациялық кездесуі болып өтті, оның қорытындылары бойынша барлық проблемалар мен мәселелерді шешу үшін өңір елдерінің вице-премьерлері деңгейінде бес жақты жұмыс комиссиясын құру туралы өңірлік даму үшін маңызы бар шешім қабылданды, ал Орталық Азия мемлекет басшыларының кездесулерін тұрақты ету жоспарланып отыр.
Ресей Қазақстанның аса маңызды стратегиялық одақтасы болып қала береді. Екі ел президенттері 2013 жылғы қарашада қол қойған XXI ғасырдағы тату көршілік және одақтастық туралы шарт стратегиялық әріптестіктің негізі қызметін атқарады. Біздің қарым-қатынастарымыз тату көршілікпен, барлық деңгейлердегі экономикалық және саяси ынтымақтастықпен ғана емес, сонымен бірге тарихымыз бен мәдениетіміздің ортақтығымен де беки түседі. Стратегиялық әріптестікті нығайтудағы шешуші рөлді біздің мемлекет басшыларымыздың жүйелі түрде өтетін кездесулері мен келіссөздері атқарады.
Тату көршілiк, достық және ынтымақтастық туралы шарт (2002 жылғы желтоқсан, Пекин) және Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы (ҚХР) мемлекет басшыларының жан-жақты стратегиялық әріптестік қатынастарының жаңа кезеңі туралы бірлескен декларациясы (2015 жылғы тамыз, Пекин) Қытаймен қатынастарды жан-жақты дамыту үшін негіз құрайтын аса маңызды құжаттар болып табылады.
ҚХР-мен қарым-қатынастар серпінді және сенімді сауда-инвестициялық өзара іс-қимылмен сипатталады. Сонымен қатар, Қытай тарапы «Астана» халықаралық қаржы орталығының» (АХҚО) негізінде Астана халықаралық биржасын (АІХ) құруға белсене қатысуда (үлесі - 25%). Қытай мемлекеттік даму банкінің өкілдігі басқа да халықаралық компаниялармен қатар АХҚО-ға тіркеліп те қойды.
Қазақстан-Америка қатынастары бүгінгі кезеңде мемлекетаралық байланыстардың қарқындылығы және Қазақстан Республикасына АҚШ инвестицияларының артуы есебінен «кеңейтілген стратегиялық әріптестік» деңгейіне шықты. Астана мен Вашингтон экономикалық, саяси және гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты одан әрі кеңейту, терроризм мен экстремизмге қарсы іс-қимыл жасау, «С5+1» диалогы (Орталық Азия елдері және АҚШ) шеңберіндегі өңірлік ынтымақтастықты нығайту және Ауғанстандағы жағдайды тұрақтандыру үшін жұмыс істеу ниетінде.
Қазақстан-Еуропа қатынастарының серпінді дамуы 2015 жылғы 21 желтоқсанда Астанада Қазақстан мен Еуропалық Одақтың арасындағы кеңейтілген әріптестік және ынтымақтастық туралы жаңа келісімге (КӘЫК) қол қойылуына мұрындық болды, ол келісімде ынтымақтастықтың 29 саласын қамтитын «сауда блогы» айтарлықтай толықтырылды. Президент Нұрсұлтан Назарбаев 2008 жылы бастама жасаған «Еуропаға жол» мемлекеттік бағдарламасының арқасында Қазақстан Франциямен, Германиямен, Ұлыбританиямен, Испаниямен, Италиямен және Венгриямен стратегиялық әріптестік қатынастарын орнатты. Бүгінгі таңда Еуропалық Одақ біздің еліміздің аса ірі инвесторы және сауда әріптесі болып табылады. Қазақстан дипломатиясының белсенді түрде қатысуымен Еуропалық Одақтың Орталық Азияға қатысты жаңа Стратегиясы әзірленуде.
Тәуелсіздік жылдары ішінде Қазақстан Таяу Шығыс, Азия, Латын Америкасы және Африка мемлекеттерімен өзара тиімді және сенімгерлік қатынастар орнатуға қол жеткізді. Бұл жұмыста сауда-экономикалық, инвестициялық және гуманитарлық байланыстарды дамытуға, БҰҰ-дағы және басқа да халықаралық ұйымдардағы ортақ мүдделерді ілгерілетуге басымдық беріледі.
Мемлекет басшысының жолдауларын және басқа да стратегиялық бағдарламалық құжаттарды іске асыру шеңберіндегі экономикалық дипломатияны сыртқы саясат ведомствосы тұрақты назарында ұстайды. Бүгінде теңізге шығу мүмкінсіздігі (land-locked position) елге өзінің транзиттік-көлік әлеуетін іске асыруға және Еуропа мен Азияның арасындағы халықаралық саудада байланыстырушы буынға айналуға кедергі келтірмейтін барлық қажетті жағдайлар жасалған. Мемлекет басшысының «Нұрлы жол» бағдарламасының, «Батыс Қытай - Батыс Еуропа» транзиттік дәлізінің және Қытаймен шекарадағы «Қорғас - Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағын іске қосумен үйлесімдегі Қытайдың «Белдеу және жол» бастамасының және «Астана» халықаралық қаржы орталығының синергиясы біздің ел үшін инвестициялар тартуда, сауданы, қаржы секторын және транзиттік әлеуетті дамытуда артықшылық мүмкіндіктерін тудырады, сондай-ақ Қазақстанның пәрменді еуразиялық хабқа айналуына жәрдемдесетін болады.
СІМ отандық бизнес пен сыртқы әріптестердің арасындағы, сондай-ақ ҚР бейіндік мемлекеттік органдары мен халықаралық қаржы институттарының және ұйымдарының арасындағы аса маңызды байланыстырушы буын болып табылады. Бұдан басқа, Қазақстанның шет елдердегі дипломатиялық өкілдіктері шетелдік инвестициялар тарту бойынша мақсатты бағытталған жұмыс жүргізеді, сондай-ақ қазақстандық экспортты ілгерілетуге жәрдемдеседі. Мемлекет басшысының ірі сауда-инвестициялық келісімдер жасалатын шет елдерге сапарларының барысында қол жеткізілген уағдаластықтарға тұрақты түрде мониторинг жүргізіледі.
Сыртқы істер министрлігі Қазақстан өсуінің жаңа белестерін білдіретін және ЭКСПО-2017 мұрасын көтермелейтін АХҚО-ны, Жасыл технологиялар мен инвестициялық жобалар халықаралық орталығын, Ай-Ти-стартаптар халықаралық технопаркін дамытуға жәрдемдеседі.
Қазақстанның инвестициялық ахуалына либералды виза саясаты оң әсер етеді. 2017 жылғы 1 қаңтардан бастап біз 48 елдің (ЭЫДҰ мен Еуродақтың барлық елдері, БАӘ, Малайзия, Сингапур және Монако) азаматтары үшін күнтізбелік 30 күн мерзімге Қазақстан аумағына кіруге арналған визасыз режим енгіздік. Жиырма елмен өзара визасыз режим жұмыс істейді. Бұл ретте СІМ қазақстандықтар үшін визалық режимді одан әрі жеңілдету бойынша белсенді жұмысын жалғастыруда.
Сонымен қатар, біз электрондық құжат айналымын жетілдіруді, консулдық қызметтерді, электрондық визалар ресімдеуге көшуді қоса алғанда, Қазақстанның дипломатиялық қызметі жұмысына цифрлық технологияларды енгізуді жалғастыру ниетіндеміз.
Сыртқы саясат ведомствосы консулдық қызметінің негізгі бағыты біздің еліміздің шет елдердегі азаматтарының құқықтары мен мүдделерін пәрменді түрде қорғау және халыққа мемлекеттік қызметтер көрсету болып табылады.
Біздің басқа елдердің «дамуына ресми көмек» (ДРК) жүйесі ҚР сыртқы саясатының тиімді механизміне айналуда. БҰҰ Даму банкімен және Жапония үкіметімен бірлесіп ауған әйелдерінің экономикалық дербестігіне жәрдемдесу жобасы іске асырылды, ол жобаның шеңберінде осы елдің азаматтары Қазақстанда мемлекеттік басқару және денсаулық сақтау салаларында оқудан өтті. Тұтастай алғанда, тәуелсіздік жылдары ішінде еліміз Орталық Азияның елдеріне, Латын Америкасына және Африкаға 450 млн. доллар сомасында гуманитарлық көмек және қолдау көрсетті.
ДРК жүйесі біздің сыртқы саясатымыздың мүдделері шеңберінде дамушы елдердің экономикасы мен адами капиталын дамытуға бағытталған. Атап айтқанда, «Қазақстан Республикасының дамуға ресми көмек саласындағы мемлекеттік саясатының 2017 - 2020 жылдарға арналған негізгі бағыттарына» сәйкес ҚР-ның стратегиялық басымдықтарының қатарында - «әріптес елдердегі әлеуметтік-экономикалық және саяси ахуалды тұрақтандыру, заңсыз көші-қонның алдын алу, терроризмге және экстремизмге қарсы күресті күшейту, тату көршілік белдеуін қалыптастыру, Қазақстанның халықаралық ұстанымдарын және оң имиджін нығайту» бар.
Астанада ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің ойдағыдай өткізілуі шетелдік туристерді тартуға, әлемдік ақпараттық кеңістікте кең аудиторияны қамтуға, Қазақстанда жасыл экономиканы одан әрі дамытуға арналған база жасауға мүмкіндік берді.
СІМ «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру шеңберінде өзінің алдына қазақстандық дипломаттардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру, кадр саясатының транспаренттілігі, дипломатияны цифрландыру, шешімдердегі прагматизм мен рационализм, әлемдік тәжірибені тарту және озық дәстүрлерге адалдық, сыртқы саясат ведомствосының жұртшылық үшін ашықтығы сияқты жүйелі сипаттағы міндеттерді қояды.
СІМ Қазақстанның саясаттанушылар қоғамдастығымен жүйелі түрде кездесіп отырады, ол бір-бірін өзара толықтыруға және сыртқы саясаттың қандай да бір мәселелеріне сын көзбен қарауға ықпал етеді. Біз үш тілде «Дипломатия жаршысы» атты талдамалық журнал шығарамыз. ХХІ ғасырда цифрлық дипломатия рөлінің артуына байланысты, біз әлеуметтік желілерде де белсенді жұмыс жүргіземіз.
«Жаһандық әлемдегі Қазақстанның заманауи мәдениеті» жобасының үйлестірушісі ретінде Мәдениет және спорт министрлігімен бірлесіп, осы заманғы Қазақстан мәдениетінің (бейнелеу өнері, әдебиет, классикалық және дәстүрлі музыка, театр, кино, хореография) туындыларын ілгерілету мақсатында әлемдегі аса ірі кітапханалардың, мұрағаттардың, мұражайлардың, галереялардың, концерт залдарының, театрлардың және басқа да мәдениет мекемелерінің басшылығымен мазмұнды байланыстарды жолға қою бойынша жұмыс жүргізілуде.
«Қазақстанның 100 жаңа есімі» ұлттық жобасын қолдау ретінде, сондай-ақ Дипломатия күніне орай СІМ өзінің «Дипломатияның 26 жаңа есімі» жобасын іске қосты, онда форин-офистің жас және перспективалық қызметкерлері туралы әңгімеленеді. Министрлікте көптеген талантты және іскер дипломаттар жұмыс істейді. Біз 26 адамның тарихы арқылы қоғамға отандық дипломатияның әлеуеті, оның қазіргісі және болашағы туралы айтқымыз келеді.
СІМ тұрақты түрде ұйымдастыратын шетелдік журналистердің Қазақстанға баспасөз турлары қазақстандық жобаларды, бастамаларды, біздің елімізде өтетін өңірлік және халықаралық деңгейдегі іс-шараларды (ЭКСПО-2017, Астана экономикалық форумы, Еуразиялық медиа-форум және т.б.), сондай-ақ заманауи мәдениет пен өнердің отандық үздік үлгілерін әлемдік БАҚ-та сапалы және жан-жақты көрсетуге бағдарланған.
Біздің дипломаттар ел ішінде де, шет елдерде де біліктілігін арттырудан жүйелі түрде өтеді, мемлекеттік және шет тілдерді білу деңгейін арттыру бойынша курстар ұйымдастырылады. Қызметкерлерді аттестаттау тұрақты жүргізіледі.
Министрліктің Орталық аппаратында ғана 7 ғылым кандидаты, 2 PhD докторы, «Болашақ» стипендиясының 18 түлегі, ҚР Президентінің жанындағы Мемлекетік басқару академиясы Дипломатия институтының 86 түлегі және басқа да жоғары оқу орындарының түлектері жұмыс істейді.
Әйелдерді жауапты мемлекеттік дипломатиялық лауазымдарға ілгерілету саясаты аясында, Қазақстан Республикасының Бельгиядағы Елшісі және Еуропа одағы мен НАТО жанындағы ҚР өкілдігінің Басшысы Айгүл Құспан, Швейцариядағы Елшісі және Женева қаласындағы БҰҰ бөлімшесі мен ДСҰ жанындағы ҚР тұрақты өкілі Жанар Айтжанова, Таиландтағы Елшісі және ЭСКАТО жанындағы ҚР тұрақты өкілі Раушан Есболатова шетелде Қазақстанның мүддесіне өкілдік етуде.
Еліміздің алғашқы Сыртқы істер министрі, Төтенше және Өкілетті Елші Ақмарал Арыстанбекованы, танымал қазақстандық дипломаттар мен мемлекеттік қайраткерлер - Парламент Сенатының Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрайымы Бірғаным Әйтімова, Мәдениет және спорт министрлігі Туризм индустриясы комитетінің төрайымы Майнюра Мырзамадиеваны ерекше атап өту қажет.
Отандастарымыз - ЕҚЫҰ-ның адам саудасына қарсы күрес жөніндегі арнайы өкілі Мадина Жарбосынова, БҰҰ-ның Оңтүстік Африкадағы есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасының аймақтық өкілі Жұлдыз Ақышева және ҚР СІМ Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі Зульфия Аманжолова қазақстандық дипломатияның ерекше мақтанышы болып табылады.
СІМ шеңберінде Қазақстан дипломаттарының бірлестігі жұмыс істейді, ол корпоратившілік мәселелерді шешіп қана қоймай, сонымен бірге мұқтаждарға көмек көрсететін әлеуметтік-бағдарланған жобаларға да қатысады.
Бүгінгі таңда Қазақстан дипломатиясы біздің еліміздің Мемлекет басшысы бағдар мен серпін беретін белсенді сыртқы саясатының арқасында жоғары деңгейден табылып отыр. Сыртқы саясат ведомствосы Отанымыздың - Қазақстан Республикасының, оның Президенті мен азаматтарының мүдделеріне адал және қалтқысыз қызмет етуді одан әрі жалғастыру ниетінде.