Солтүстік Қазақстан облысына биыл көктем ерте келген жағдайда су тасқыны болмауы мүмкін, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Көктемгі су тасқыны бойынша өткен облыстық әкімдіктің отырысында мамандар гидрометеорологиялық жағдайға тоқталды.
«Қазгидрометтің» мәліметі бойынша, өңірде күзде жер қыртысы жылдағы көрсеткіштен 39 %-ға кем ылғал жиған.
Есіл өзені бассейніндегі су қоры мөлшері қазір 3934 млн текше метр, бұл – көпжылғы шамаға сай.
Жер қыртысы қыста 66-151 см-ге дейін қатты. Бұл да жылдағы көрсеткішке жақын.
«Сергеев су қоймасы қазіргі уақытта 79,2 %-ға толған. Былтырғы көрсеткіштен 10 %-ға төмен. Қазір су қоймасында 549 млн текше метр су бар, жалпы жобалық сыйымдылығы - 693 млн текше метр. Қар еріген уақытта Есіл өзені арқылы Сергеев су қоймасы 1080 млн текше метрге дейін толады деп болжап отырмыз. Ал Сілеті су қоймасында 138 млн текше метр су болады. Бұл – жылдағы көрсеткішке сай», - дейді СҚО төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Рамиль Камалов.
Осының бәрін есепке алған мамандар, көктем ерте келген жағдайда СҚО аумағында су тасқыны болмайды деген пікірде.
Десек те, келесі аптадан бастап жауапты ведомстволар көктемгі су тасқынына жоғары дайындық режиміне көшпек.