25 қыр, 2017 сағат 11:20

Қасымов бизнесмен-сотталушылар жайлы айтып берді

ҚР Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов қылмыстық-атқару жүйесінде қанша адам жұмыспен қамтылғанын айтып берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Кәсіби білімді қамтамасыз етумен қатар, жазасын өтеу мерзімінде барлық еңбекке жарамды адамдардың жұмыс орындарымен қамтылғанына мүдделіміз. Мекеме тыныс-тіршілігінің осы және басқа да проблемаларымен ҚАЖ комитетіне ведомстволық бағынысты «Еңбек» РМК айналысуда», - деді министр бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған және пробация қызметінде есепте тұрған азаматтарды әлеуметтік оңалтудың 2017-2019 жылдарға арналған кешенді стратегиясын іске асыру тақырыбындағы Үкімет сағатында.

Оның сөзіне қарағанда, қазіргі уақытта түзету мекемелерінің кәсіпорындарында металл мен ағаш өңдеу, құрылыс материалдары, тігін бұйымдары мен басқа да өнімдерді шығару игерілген. Бірқатар мекемелерде ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру ретке келтірілген көрінеді.

«Түзету мекемелері кәсіпорындарының қызметіне шағын және орта бизнес те тартылуда. Өткен жылдан бері 274 ШОБ субъектілеріне сенімгерлік басқаруға мекемелердің жұмыс істемей тұрған өндірістік алаңдары беріліп, осы жерлерде 3 мыңнан астам жазасын өтеуші еңбекпен қамтылды. Қазіргі кезде қамауда отырған 34 адам жеке кәсіпкерлікпен айналысу құқығын пайдалана отырып, колонияда жеке бизнесін іске қосты. Жазаға кесілгендердің бір бөлігі түзету мекемелеріне қызмет көрсету бойынша шаруашылық-тұрмыстық жұмыстармен қамтылған. Бүгінде қылмыстық-атқару жүйесі бойынша еңбекке қабілетті 68 пайыздан астам сотталушы еңбегі төленетін жұмысқа тартылды. Бұл өз кезегінде оларға түрлі талап-арыздар бойынша төлем жасауға мүмкіндік береді, яғни шығынның орнын толтыру, алименттер, айыппұлдар, отбасына көмек көрсету секілді мәселелерін шешуде», - деді Қасымов.