12 там, 2018 сағат 16:10

Каспийдің құқықтық мәртебесін анықтайтын құжатқа қол қойылды

Каспий маңындағы бес мемлекеттің президенті Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияға қол қойды. Бұл құжат теңіздің асты мен үстін бөлу туралы мәселеге нүкте қойып отыр. 

Атап айтқанда, құжат бірқатар ережелерді қамтиды. Құжатты Қазақстан, Әзербайжан, Ресей, Иран және Түрікменстан президенттері бекітті.

«Барлықтарыңызды маңызды құжатқа қол қойылуымен құттықтаймын. Біз әріптестерімізбен бірге Каспий теңізінің құқықтық мәртебесін реттеу бойынша көп жылдық жұмыстың қорытындысын жасадық», - деді ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев. 

Осы орайда Елбасы барлық бес мемлекет те теңіздің құқықтық режимін айқындауға күш-жігер салғанын қадап айтты. 

«Конвенцияны даярлау процесінде барлық елдер саяси тұрақтылықты қамтамасыз ету, Каспий өңірін дамыту, оның табиғи байлығын сақтау сияқты мүддені ұстанды. Конвенция - Каспий теңізінің Конституциясы іспетті. Ол теңіз маңы елдерінің құқықтары мен міндеттемелеріне қатысты мәселелердің барлық кешенін реттеуге негізделген. Сондай-ақ, құжат жалпы өңір қауіпсіздігінің, тұрақтылығының және гүлденуінің кепілгері болуға арналған», - деп нақтылады Қазақстан Президенті.

Айта кетейік, Ресей президенті Владимир Путин аталған конвенция консенсус пен мүдделерді өзара ескере отырып, заманауи әрі теңдестірілген халықаралық құжат екенін атап өтті.

«Конвенция қажетті жіктеу шараларын, кеменің жүзуі мен балық аулау режімдерін айқын регламенттейді, қатысушы елдердің әскери-саяси өзара іс-қимылының ұстанымдарын белгілейді. Сонымен қатар, Каспийді тек бейбіт мақсаттарда пайдалануға кепілдік берілген», - деді РФ басшысы.


Бес елдің президенті Каспий теңізі үстінің негізгі аумағы мемлекеттердің ортақ пайдалануында қалады деп келісті. Теңіздің түбі мен байлығы көрші мемлекеттер арасында халықаралық құқық негізінде учаскелерге бөлінеді деп шешілді.

Бұдан бөлек тараптар кеме қатынасы, балық аулау, ғылыми зерттеулер жүргізу және магистральдық құбырлар тарту ережелері бойынша келісімге келді. Барлық жұмыс экологиялық қауіпсіздік жағы ескеріліп жүргізілуі тиіс.

Конвенцияға сәйкес, Каспийде өңірлік державалардан бөлек басқа елдердің қарулы күштерінің болуына жол берілмейді.

Теңіздегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету және ондағы ресурстарды басқару жауапкершілігі конвенцияға қатысушы елдердің мойнына жүктеледі.