Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған алғашқы Жолдауы Түркістан облысы тұрғындарын да серпілтіп тастады. Өңірдегі «Талдау және болжау орталығы» қоғамдық ұйымының төрағасы Бектай Орманов әсіресе бизнесін енді бастаған кәсіпкерлерді салықтан үш жылға босату үлкен қолдау болатындығын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бектай Ормановтың пікірінше, Президенттің елдегі мемлекеттік компаниялардың санын қысқарту жөніндегі тапсырмасы өте орынды.
«Мемлекеттік компаниялар санының көп болуы нарықтағы бәсекелестікті тежейді. Мемлекеттің экономикаға араласуын тоқтату жолында Президент бірқатар өзгерістер енгізгенін атап өтті. Яғни бұл бизнеспен айналысушы кез келген компанияға немесе кәсіпкерге нарықтық бәсекелестікте жол ашады. Бұрынғыдай мемлекеттің ақшасына алақан жайып отыратын компаниялар азайып, таза бәсекелестік пайда болады. Бұл өз кезегінде экономиканың кең қанат жаюына ықпал етеді»,- дейді қоғамдық ұйым төрағасы.
Талдау және болжау орталығының жетекшісі сондай-ақ, кәсіпкерлерді уақытша салықтан босату туралы ұсынысты дер кезінде қолға алынғанын айтады.
«Президентіміз шағын бизнеспен айналысушыларды 3 жылға дейін салықтан босатуды тапсырды. Бұл да өз кезегінде елге үлкен көмек болатын шешім. Бұл шешім енді аяққа тұрып келе жатқан бизнесмендер үшін оңтайлы болмақ. 3 жылға дейін салықтан босатылған олар кәсібін жолға қойып, ел экономикасының дамуына ықпал етеді»,- дейді Бектай Орманов.