09 қыр, 2025 сағат 16:25

Қаржылық мониторинг агенттігі заңсыз криптобиржаларды жойып, миллиардтаған қаржыны қорғады

Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасы Жанат Элимановты қабылдап, ведомство қызметінің негізгі нәтижелері мен алдағы міндеттерімен танысты, деп хабарлайды Ult.kz.

Жанат Элимановтың айтуынша, Агенттік соңғы кезеңде:

  • 24 млрд теңгеден астам қаражатты қолма-қол ақшаға айналдырған жалған компанияларды анықтады;

  • есірткі сатудан және алаяқтықтан түскен табыстарды заңдастырған 20 заңсыз криптобиржаның жұмысын тоқтатты;

  • ТМД аумағындағы ең ірі криптосервис жойылды. Ол 20 Darknet алаңымен байланысып, 200-ден астам «наркошопты» қамтыған. Нәтижесінде 9,7 млн доллар көлеміндегі виртуалды актив бұғатталды.

Сонымен бірге агенттік:

  • 720 қылмыстық істі аяқтап, 15 ұйымдасқан қылмыстық топты (оның ішінде 3 трансұлттық) жойды;

  • 17,1 млрд теңгенің мұнай өнімдерін заңсыз шығару әрекетінің жолын кесті;

  • заңсыз алкоголь және темекі өнімдерін дайындаған 18 цехты әшкереледі;

  • көлеңкелі айналымнан 12 млрд теңгенің вейп өнімдерін тәркіледі.

Бюджет қаржысын мақсатсыз пайдалану деректері де анықталды:

  • жалпы құны 164 млрд теңге болатын 63 инфрақұрылымдық жобадағы заң бұзушылықтар;

  • ауыл шаруашылығына бөлінген 11 млрд теңге субсидиясының тиімсіз жұмсалуы;

  • Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан жалған стоматологиялық қызмет көрсету арқылы 200 млрд теңге заңсыз шығарылған фактілер.

Агенттік азаматтардың қаржылық қауіпсіздігін қорғауға да ерекше көңіл бөлуде.

  • Заңсыз микронесиеге қатысты 23 іс қозғалып, шығыны 71 млрд теңгені құрады;

  • 300 мыңнан астам қарыз алушының берешегін қайтару және есептен шығару шаралары жүргізілуде;

  • 45 қаржы пирамидасы таратылып, 112 мыңнан астам азаматтың мүддесі қорғалды;

  • алаяқтық жобалар мен құмар ойындарға қатысы бар 31,5 мың сайт бұғатталды.

Президент ведомствоның атқарған жұмыстарын бағалап, қаржылық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және азаматтардың мүддесін қорғауға бағытталған бірқатар тапсырма берді.