Елордадағы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің филология факультеті Қытай филологиясы кафедрасы құрылғандығының бес жылдығына орай «Қазақстандағы қытайтану ғылымы: тарихы, бүгіні мен болашағы» атты дәстүрлі II Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.
Ғылыми-тәжірибелік конференцияның басты мақсаты ғалымдар, ұстаздар магистранттар, студенттер арасында Қазақстандағы қытайтану ғылымы бойынша ғылыми-зерттеу жұмысын жүйелеу және тереңдету.
Ғылыми-тәжірибелік конференцияны қытай филологиясы кафедрасы ұйымдастырып, өткізіп отыр. Шараға Қытай Халық Республикасы мен Қазақстан Республикасының белгілі ғалымдары мен қоғам қайраткерлері, филолгтар мен тарихшылар, журналистер қатысты.
Осы ғылыми-тәжірибелік конференция аясында біраз шетелдік ғалымдар Қазақстандағы қытайтану ғылымына қатысты өз ойлары мен ғылыми зерттеулерін ұсынып, тың идеяларды ортаға қойды. Сонымен қатар конференция барысында Қазақстандағы қытайтану ғылымын өзге де өзекті мәселелері сөз болды.
Шара барысында филология ғылымының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі қытайтанушы-ғалым Дүкен Мәсімханұлының «Дүкен Мәсімханұлы. ТАҢДАМАЛЫ» атты үш томдық ғылыми-зерттеулерінің тұсауы кесілді.
Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару» бағдарламасы бойынша Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын, белгілі аудармашы, қытайтанушы-ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Д. Мәсімханұлының таңдамалы зерттеулерінің III томдығы “Фолиант” баспасынан жарық көрген болатын. Еңбекті Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ғылыми кеңесі баспаға ұсынған.
Сейіт Қасқабасов, Әдебиеттанушы, фольклорист. Филологоия ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі:
– Тәуелсіздік алғанға дейін қытай тақырыбы біз үшін жұмбақтау болып келді. Кеңес Одағы кезіндегі басылымдардан қытай жайлы аздаған деректер алып келді. Оның өзі мардымсыз еді. Ал қазір заман басқаша. Қытайдан келген қандас бауырлардың ішінен қытай тілі мен мәдениетінің, тарихының нағыз мамандары көптеп шықты. Қаншама тың дүниелер жарыққа шықты. Бізге енді қытайтану институтын құру керек. Неше ғасырлар бойы тату көршіміз қытайлардың тарихын, дәстүрін, мәдениетін, жалпы, қытай ұлтының жан-дүниесін анық түсінуіміз керек. Осы тұрғыдан келгенде Дүкен Мәсімханұлының бұл таңдамалы үш томдығы айрықша рол атқарып тұр.
Шара барысында сөз алған Түркі дәуірі бітік жазуының білгірі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Қаржаубай Сартқожаұлы:
«Қытайтану ғылымы бізде енді дамып келе жатыр. Бұл қуанарлық жағдай. Құдай қосқан көршімізбен әлі де тату өмір сүру үшін оларды жақсы білуіміз керек. Еліміздің шығысында жатқан қытайға қарасты Шинжияң өңіріне қытай билігі жылына неше жүз миллиардтап қаржы құйып, жері кең, жан саны аз сол аймаққа ішкеріден қытайларды миллиондап кіргізіп, шекаралық өңірлерін гүлдендіріп жатыр. Сол төгілген қаржының бір шеті бізге де ықпал етпей қоймайды. Ел Тәуелсіздігінің баянды болуы үшін бізге қытайларға қарата жаңаша саясат ұстануға тура келеді. Ол үшін қытайдың тілін, жанын, психологиясын, тарихы мен мәдениетін терең зерттеп, нақты жұмыстар жасайтын қытайтану бағытындағы «мыстан» институттар құру керек», деді.