12 қар, 2016 сағат 12:53

Кәріге құрмет – жасқа міндет

Мәжіліс Төрағасының орынбасары, «Нұр Отан» партиясы фракциясының жетекшісі Гүлмира Исімбаеваның қатысуымен  партия фракциясының жанындағы Әлеуметтік кеңес пен Әлеуметтік-мәдени даму комитеті бірлесіп, халықтың егде шағындағы  белсенділігі және қарттықты қадірлеу тақырыбына арналған отырыс өткізді.

«Жастың жасығынан кәрінің асылы артық» деген қазақта мақал бар. Сол айтпақшы, халықтың егде шағындағы белсенділігі кейде жастардың әрекетінен асып кетіп жатады. Тек оларға белсенді әрекет аренасын жасап, қолдарын ашық қылу керек. Ол үшін не істеген жөн? Отырыстың өзекті мәселесі негізінен осыған ойысты.

Статистикаға жүгінер болсақ, халықтың қартаюы жылдан жылға артып келеді. Бұл жаһандық үрдістердің бірі – халықтың қартаюын сипаттайтын демографиялық іргелі құбылыстармен байланысты. Халықтың қартаюы экономикаға салмақты  проблемалар алып келуі мүмкін, өйткені, егде жастағы адамдардың үлес салмағы өскен сайын еңбекке жарамды адамдарға демографиялық салмақ арта түседі. Дүние жүзіндегі мемлекеттерді халқының қартаюы санатына жатқызу көрсеткіші  жалпы халықтың 7 пайыздық үлесі жасы 65 жастан асқан жағдайда қабылданады.

Бірлескен отырысқа қатысушылар Қазақстанның аталған көрсеткіш деңгейіне жақындап қалғанын атап өтті. Статистика мәліметтеріне қарағанда, елімізде 1 974 254 зейнет жасындағылар бар болса, бұл жалпы халық санының 11,3%-ын құрайды. 65 жастан асқандардың үлесі тұрақты түрде өсуде, олар 2012 жылы 6,52%-ды құраса, 2015 жылы 6,78%-ға жеткен. Сондықтан, Қазақстан егде жастағы адамдардың үдемелі өсуіне байланысты қартаң мемлекет саналады.

Қоғамның қартаюы – болмай қоймайтын табиғи үрдіс. Қазақстан Республикасы үшін халқының аман-саулығы мен өмір сүру жасының ұзақтығы ең басты және қажетті мәселе болып табылады. Медицинаның, техникалық прогрестің дамуы «белсенді қартаю» жасының, яғни егде жастағы  адамдардың белсенді және тиімді өмір сүрулерінің өсуіне жағдайлар жасауы тиіс.

Отырыс қорытындысы бойынша қатысушылар қартаю проблемасы жөніндегі Мадрид халықаралық іс-қимыл жоспары және 2012 жылғы Вена конвенциясына сәйкес,  «Қазақстан Республикасындағы егде жастағы адамдардың өмір сүру сапасын жақсарту бойынша «Ұлттық іс-қимыл жоспарын» әзірлеу керектігін және науқастың алдын алу мен оларды ерте кезеңінде анықтауға көңіл бөле отырып  диагностика жасауға қатаң тәртіппен қарауды енгізу және науқастарды жас шамаларына қарай біріктіріп емдеудің мәселелерін қарастыру туралы ұсыныстар қабылдады.

Жақсыбай САМРАТ,

«Егемен Қазақстан»