02 сәу, 2020 сағат 08:53

Қарасайдағы «Асыл арман» тұрғын үй кешені толық карантинге жабылды

Алматы облысының Қарасай ауданындағы «Асыл арман» тұрғын үй кешені толық карантинге жабылды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Алматы облысы әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, кешеннің аумағын полицейлер қоршауға алған. Кезекшілікке әскерилер де жұмылдырылған. Карантинге жабылған аймаққа дезинфекция жұмыстары кешенді жүргізіліп тұрады. Сондай-ақ, тұрғындардың денсаулығын қадағалау үшін, арнайы дәрігерлік амбулатория қойылып, азық-түлік те арзан бағамен жеткізіледі. 

Айта кетейік, «Асыл арман» тұрғын үй кешеніндегі 2 тұрғыннан коронавирус анықталды. Оның ішінде 1995 жылғы әйелдің аяғы ауыр. Бұған дейін індет бір тұрғыннан анықталған сәтте сол тұрғын тұратын үйдің подъезі карантинге жабылған еді. 

Жалпы Алматы облысында коронавирусты 9 адам жұқтырған. 

«Асыл арман» тұрғын үй кешенінде 21 үй, 5088 пәтер бар.