11 мам, 2022 сағат 23:14

Қарағандыдағы аттракцион желіде кернеудің төмендеуінен тұрып қалған


Қарағанды қаласының мәдениет және демалыс саябақтары басқармасы «Америкалық таулар» аттракционындағы вагондардың бірі бірнеше метр биіктіктегі рельсте неліктен тұрып қалғанын түсіндірді. Оқыс оқиға осыдан екі күн бұрын болған еді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Желідегі кернеудің төмендеуіне байланысты вагонды өздігінен сырғанаудан қорғаудың автоматты жүйесі іске қосылған, бұл - қалыпты жағдай. Қызметкерлер арнайы сатыларға көтеріліп, жүйені механикалық түрде өшірді және вагон автоматты түрде іске қосылатын жерге түсті. Вагонда 4 адам болған, олар қандайда бір наразылық білдірмеген. Әлеуметтік желілерде жазылғандай, ешкім аттракцион жолаушыларын баспалдақтармен немесе рельстермен түсірген жоқ», - деп түсіндірді Қарағанды қаласының мәдениет және демалыс саябақтары басқармасынан. 

Осыдан кейін Қарағандыға аттракционның техникалық жағдайы туралы қорытынды беретін тәуелсіз сараптама комиссиясының қызметкерлері келді. 

«Қандайда бір ақаулар анықталған жағдайда аттракциондардың кез келгені толық қалпына келтіріліп, қайта сараптамадан өткенге дейін жабылады. «Америкалық таулар» аттракционындағы бұл жағдай штаттық болғандықтан, барлық аттракциондарды тоқтатудың қажеті жоқ», - деп толықтырды мекемеден.

Басқармадан мәлім еткеніндей, демалыс маусымының басында барлық аттракциондар арнайы фирмалардың сараптамасынан өтеді. Нысандар жекеменшік иелігінде болғандықтан, тиісті компаниялар аттракцион операторлары үшін нұсқаулық пен жаттығулар да жүргізеді. Мамандандырылған фирмалар аттракцион операторларына оқу сертификаттарын береді, сондай-ақ оларды парктің техникалық қауіпсіздік қызметі тексереді.

Биылғы маусымның басында барлық саябақтардағы ойын-сайық нысандары оң сараптама нәтижелерін алған. Дегенмен, осы оқиғаға байланысты кәсіпкерлерге қосымша сараптама алу туралы ұйғарымдар берілмек.