14 қаң, 2020 сағат 08:00

Қарағандыда он көшенің атауы өзгереді

Қарағандыда он көшенің атауын өзгерту туралы шешім қабылданды, – деп хабарлады ekaraganda.kz.

Бірқатар көшенің атауын өзгерту туралы шешім қоғамдық тыңдау барысында шешілді, жиынға 1000-нан астам қала тұрғыны қатысты.

Қоғамдық тыңдауға бір мыңнан астам адам қатысты. Жиналыстың қарауына он көшенің атауын өзгерту мәселесі шығарылды. Себебі көбісі ескірген. Олардың ішіне Волочаевская, Защитная, Зональная, Кривогуз, Кувская, Ленин, Олимпийская және Приканальная көшелері бар.

Осылайша, Волочаевская көшесі Ұлы Отан соғысының ардагері Қамали Дүйсембековтың атына ауысса, Защитная қоғам қайраткері, этнограф Григорий Потанин болып өзгертіледі. Зональная көшесі географ, этнограф-зерттеуші, ҚазССР халық әртісі Александр Затаевич деп аталатын болады. Кривогуз көшесі – қазақ поэзиясының көрнекті өкілі Қасым Аманжолов, ал қазіргі Аманжолов көшесіне "Балқантау" деген атау беріледі.

Кувская көшесіне ҰОС ардагері Қазыбек Нұржановтың аты берілсе, бүгінгі Нұржанов көшесі "Мерей" деп аталады. Ленинді ұлы ақын Абай Құнанбаев алмастырады. Ал Олимпийская көшесіне еңбек ардагері, қаланың құрметті азаматы Нарманбет Төлеповтың аты беріледі. Ал Приканальная "Сарыарқа" болып өзгертілмек.