09 қаз, 2019 сағат 07:35

Қарағандыда белгісіз адам жолаушылар толы 3 автобусқа оқ атты

Қарағандыда кешкі уақытта белгісіз адамдар аялдамада тұрған жолаушы автобустарына пневматикалық қарудан оқ атқан, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Оқиға 8 қазан күні сағат 19.00 шамасында болған. Белгісіз адам пневматикалық қарудан оқ атып үш бағыттағы автобустың шынысын зақымдаған. Сол кезде №40 автобустың салонында 45-ке жуық, №45 маршрутты автобуста 120-ға жуық және №33 автобуста 70-ке жуық жолаушы болған. Оқиға салдарынан ешкім зардап шекпеген.

«Жағдайды тексеру барысында №45 маршруттық автобус салонынан пневматикада қолданылатын диаметрі 4,5 мм металл шарик табылды. Аталған дерек бойынша ҚР ҚК 293 - бабының 3-бөлігінің 2-тармағы «Бұзақылық» бойынша қылмыстық іс тіркелді», - деді Қарағанды облысы ПД баспасөз қызметі.

Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері күдіктіні анықтау және ұстау шараларын қабылдауда.