06 жел, 2019 сағат 13:25

Қарағанды: Жемқорлыққа қарсы сервистік орталықта робот жұмыс істейді

Қарағанды облысының сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің сервистік орталығын соңғы үлгідегі робот таныстырды. Бұл жөнінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің бастамасымен өңірлерде сыбайлас жемқорлыққа қарсы «Antikor ortalyǵy» орталықтары ашылуда. Бұл жерде кез келген азамат өзінің мәселесі бойынша құқықтық көмек ала алады.

«Сервистік орталық Мемлекет басшысы жариялаған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру аясында азаматтарға қолайлы жағдай жасап, олармен жедел әрі тиімді қарым-қатынас жасауға арналған диалогтық алаңның рөлін атқарады. Кезекті, төртінші жемқорлыққа қарсы орталық бүгін Қарағанды облысында агенттік төрағасы Алик Шпекбаевтың және облыс әкімі Жеңіс Қасымбектің қатысуымен ашылды» делінген хабарламада.

Сервистік орталықтың кіре берісінде қонақтарды соңғы үлгідегі сөйлейтін «Робот» қарсы алып, өзі еркін жүріп «Antikor ortalyǵy» қызметімен таныстырды.

Сервистік орталық тұтынушыға негізделген, ұйымдастырушылық мәдениеті жоғары Open-space және фронт-офис форматында жұмыс атқарады.

Алик Шпекбаев атап өткендей, «Сервистік орталық - сыбайлас жемқорлыққа қарсы ведомстваның барынша ашықтығы мен қолжетімділігін қамтамасыз ететін азаматтық қоғаммен және бұқаралық ақпарат құралдарымен өзара іс-қимыл жасауға арналған бірыңғай алаң».

Қарағандының «Antikor ortalygy» екі қабаттан бой көтерген: бірінші қабатта ресепшн, операциялық зал (күтушілерге арналған), кеңес берушілердің бөлмелері орналасқан. Екінші қабатта пресс-орталығы, жұмыс бөлмелер және «Сарыарқа – адалдық алаңы» жобалық кеңсесі мамандарының бөлмелері орналасқан.

Ғимаратта мүмкіндігі шектеулі азаматтарға жағдай жасалған, арнайы көтеретін лифт бар.

Сервистік орталықта азаматтық қоғам, сондай-ақ, құқық қорғау және арнайы органдармен өткен кездесуден кейін А.Шпекбаев азаматтарды қабылдау жүргізді.