04 ақп, 2021 сағат 17:26

Қарағанды облысында карантин режимін бұзғандарға салынған айыппұл 4 млн теңгеден асты

Қарағанды облысында карантин режимі қалай және қай жерде бұзылғанын өңірдің жедел әрекет ету орталығының басшысы Қайрат Шорманбаев тікелей эфирде өткен брифинг барысында айтып берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Тікелей эфирде өткен брифингте Қарағанды облысының жедел әрекет ету орталығының басшысы Қайрат Шорманбаев қай мекемелерде карантин талабы бұзылғаны туралы айтып берді. Сондай-ақ, спикер қашықтықты сақтамау, маска кимеу және мекемелердің рұқсат етілген уақыттан тыс жұмыс істеуі сияқты жиі кездесетін заңбұзушылықтарды атады. 

Оның айтуынша, облыста 214 мониторингтік топ жұмыс істейді, олар нысандардағы карантин талаптарының тек бес түрінің сақталуын тексереді. Бұл қызмет көрсету нысандарының рұқсат етілген уақыттан тыс жұмыс істеуі, отбасылық мерекелер – банкеттер, үйлену тойлары, мерейтойлар, еске алу және адамдар көп жиналатын басқа да шараларды ұйымдастыру, ара қашықтықты сақтамау, бетперде тақпау, қызмет көрсету нысандарына келушілер санының шектен тыс көп болуы.

«Жыл басынан бері 10 978 нысан тексеріліп, 429 заңбұзушылық анықталды, ал айыппұл сомасы 4 миллион теңгеден асты. Өткен аптада Қарағанды облысында карантин режимін бұзған 6 нысан анықталды: тексеру кезінде оларда 247 адам болды және олардың барлығы әкімшілік жауапқа тартылады», - деді Қайрат Шорманбаев.

Карантинде тыйым салынған қызмет түрлері бар нысандарда, сондай-ақ 22.00-ден кейін қоғамдық тамақтану орындарына баратын өңір тұрғындарына 30 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Мұндай орындардың тізіміне банкет залдары, бильярд, караоке, боулинг орталықтары, батуттар, компьютер, ойын және түнгі клубтар, букмекерлік кеңселер кіреді.

«Мұндай нысандарға бару – инфекцияның таралуы қаупін артырады. Егер кәмелетке толмағандар осындай орындарда жүрсе, айыппұл ата-аналарына салынады», - деп еске салды спикер.

Ол карантин талаптарының бұзылуы туралы «Senim 109» бірыңғай үйлестіру орталығына хабарлауға болатынын, онда келіп түскен ақпараттардың тексеріліп, ол расталған кезде тиісті шаралар қабылданатынын айтты.