
Тұрғындардың шағымынан кейін «Қарағанды Энергоорталық» ЖШС-ға тексеру жүргізіліп, 4,6 млн теңге айыппұл салынды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Қарағанды қаласы тұрғындарының пәтердегі төмен температураларға қатысты шағымдары негізінде ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Қарағанды облысы бойынша департаменті «Қарағанды Энергоорталық» ЖШС-ға қатысты жоспардан тыс тексеру жүргізді. Оның нәтижелері бойынша, жеткізу және қайтару құбырларында берілген және нақты көрсеткіштердің айтарлықтай ауытқуы анықталды. Осы көрсеткіштердің негізінде субъекті көрсететін қызметтер белгіленген сапаға сәйкес келмейтіні анықталды», - делінген министрлік комитетінің ақпаратында.
Осылайша, «Қарағанды Энергоорталық» ЖШС-ға Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 164-бабы 4-бөлігімен 4 667 200 теңгеайыппұл салынды.
«Сондай-ақ, қолданыстағы заңнамаға сәйкес үйге ортақ есептеу құралдары жоқ тұтынушыларға толық жеткізілмеген жылу энергиясы үшін қайта есептеу жүргізіледі. Қайта есептеу 2020-2021 жж жылыту маусымы аяқталған соң жүргізілетінін хабарлаймыз», - деді комитеттен.
