Күні кеше ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында Жер қатынастары бойынша заң жобасы бірінші оқылымда бірауыздан қабылданды. Бұл Заңда не қамтылды? Ең бірінші, қазақ жері шетелдіктерге, шетелдіктердің үлесі бар кез келген кәсіпорынға сатылмайды және жалға да берілмейді! Бітті...
Жоқ, біткен жоқ. Енді сол жердің игілігін кім көреді? Қазыналы қара жердің байлығын қараша халық пайдалана ала ма? Бір өзі сан мыңдаған гектар жерді иеленіп алған латифундистерден қалай құтыламыз? Көп ауылдың маңында жайылымдық жер жоқ. Бұл – өте маңызды мәселе. Тау-тастың бәрін жекешелендіріп алғандардың аты-жөнін анықтау, алған жерлерін қалай, қайтіп, не мақсатта пайдаланып жатқанын білу маңызды. «Бос жатқан жер жау шақырмасын» десек, ел болып Ұлы даланы тусыратпаудың қамын жасауға тиіспіз. Қаламгерлер не дейді?
ҰЛАНҒАЙЫР ДАЛАНЫҢ ИГІЛІГІН ҚАЛАЙ КӨРЕМІЗ?
Мекемтас Мырзахметұлы:
- Жерді мемлекет нық ұстап тұру керек. Жер ешуақытта сатылмайды. «Сатты» деген сөз – шаруаң бітті деген сөз. Біздің ел мен жерге қалай кіреміз деп өңмеңдеп отырған жұрттар бар. Осының бәрін бақылап, мемлекет шегараны мықтап бекітіп, артық адамдарды мемлекеттен шығару керек. Өзге халықтың өз жеріңде тайраңдап, еркінсіп жүруі жұрттың наразылығын тудырады. Бұрыннан ата-бабамыз ұлтарақтай жер үшін сүйегін беріп, жауласып та, дауласып та келеді. Шегарада сүзгінің болуы – маңызды мәселе. Тәртіпсіз болмайды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жердің шетелдіктерге сатылмайтынын, жалға да берілмейтінін нықтап айтты. Парламент арнайы Заң да қабылдады. Ендігі мәселе – осы жерді дұрыстап пайдалану, игеру.
Жер – мемлекеттің ең құнды қазынасы, игере алатын әр адамға үлестірілуі тиіс. Әрбір жер алған адам сол жерді дұрыс пайдалануға, жақсы кәсіп орнатуға жұмыс істеуі керек. Байқасаңыздар, әлемде азық-түлік бағасы жыл санап қымбаттап барады. Көптеген елдерде азық-түліктің жетіспеуінен ашаршалық болып жатыр. Ал адамзат баласының жан-саны күн санап өсуде... Бұл – ауылшаруашылығының даму мүмкіндігін еселейді. Қазаққа жерді Тәңір тектен-тек бермеген шығар. Осы ұланғайыр даланың игілігін қалай көреміз? Мемлекет ең әуелі осыны ойлап, ауылшаруашылығы мен мал шаруалшылығын дамытуға күш салса деймін.
ЖЕМҚОРЛЫҚ ЖАЙЛАҒАН ЕЛДЕ, ЖЕРДІҢ ПАЙДАСЫН ӨЗГЕЛЕР КӨРЕДІ
Ақұштап Бақтыгереева:
- Біз халықпен біргеміз. Ауылды жерлерде жайылымның жоғы рас. Оны көзіміз көріп отыр. Қазақ даласы малмен толғанда ғана, біздің болашақ ұрпақ бақытты өмір сүреді. Шаруа қожалықтарын көбейтіп, «мал бағамын, егін саламын» деген еңбеккерлерді біріктіріп, қалада байлардың үйін, банктің есігін күзетіп жүрген зіңгіттей жігіттерді ата-бабаның салтынша атқа мініп, далада мал өсіруге жұмылдыру керек.
Базардағы арба сүйреп жүргендер жер алып, ата-бабадан қалған мал шаруашылығын дамытса, қазіргіден қарны тоқ болар еді деп ойлаймын. Кең даланы өз ұрпағы мекен етсе, сүйемдей жерге де өзгелер көз тікпес еді. Сондықтан жерді халық игілігіне қайтару – өз ұрпағына еңбек етуге мүмкіндік жасау емес пе? Мен көріп жүрген шаруа қожалықтарының көбінің жағдайы ойдағыдай емес. Ауыл шаруашылығы министрлігі өз дәрежесінде жұмыс атқармай отырған сияқты. Мал шаруашылығын дамыта алмай отырғанымыз да – жемқорлықтың кесірі. Атамекенге, туған далаға жаны ашитын, қолында билігі бар азаматтар ең алдымен кедейліктің қамытын киіп, қала-қалаларды сағалап, жұпыны тұрмыстың илеуіне түскен миллиондаған халықтың жағдайын ойлауы керек.
ЖЕРГЕ «ҚОЖА» ЕМЕС, «ИЕ» КЕРЕК
Тыныштықбек Әбдікәкімұлы:
- Біз бәрін жүрекпен қабылдайтын халықпыз ғой. Жер туралы мәселеге келсек, жерді жекешелендіруге өз басым қарсымын. Ал жалға беру туралы сөз болғанда, оны тым ұзақ мерзімге, мысалы, елу жылға беруге болмайды. Елу жыл дегеніңіз – жарты ғасыр. «Елу жылда – ел жаңа» деген сөз бар. Оған дейін қоғамдық формация өзгеріп кетсе, жер сол жалға алушының иелегінде біржолата қалып қоюы мүмкін. Сол үшін жалға берсек те, ширек ғасыр мерзім аз уақыт емес. Жерімізді жекелер сатып алса, онда ол оған өз менмен қожалығын жүргізеді. «Мынау – менің жерім» деген сөз – менмен бөспелік пен тойымсыз меншікқұмарлық.
Сонау есте жоқ ескі замандардан бері біздің ата-бабаларымыз жерді «Құдайдыкі» деп ұғынған. Енді оны сатып, саудаға салғанымыз – есі дұрыс әңгіме емес. Ал сатып жібердік делік. Одан бір мәрте ғана түскен қаржыға шекеміз шылқып кетпейді. Сондықтан жерді өз азаматтарымызға да сатуға мүлде болмайды. «Қожа» деген – меншікқұмар менмен пенде. Ондайлардың кез келгені қол астындағыларды қанаумен болады. Қожа құл ғана ұстайды. Ал «Ие» деген – жердің қожасы емес, сол жердің иесі. Ол өзіне де, көпшілікке де адал қызмет қылады. «Ие» деген «қайырымды Рух» дегенді білдіреді. Бізде «Ійе» институты мүлде жоқ. Бізде бәрі жаппай мейірімсіз, менмен, меншікқұмар қожа болып кетті. Әрине, Қазақстанның әр азаматына он сотықтан тегін жер берілуі керек. Бұны мен қолдаймын. Жерсіз халықтың күнкөрісі де төмен күйде болмақ. Өзіне тиесілі жерге үйін салып, бақшасын егіп, тірлігін жасайды. Баспана мәселесін шешу оңайланады.
Ауылдағы қазақтың дені егін салудың қыр-сырын білмейді. Сол үшін бізге ең керегі – мал шаруашылығы, мал да – дәстүрлі кәсіптің басты бірі. Жалға берген жерге мыңғыртып мал өсіру де бір ғанибет емес пе! Ал жерді сату деген ұғым ойымызда болмауы керек. Жердің сатылғаны – Отанның, Атамекеннің сатылғаны. Ертең ел басына күн туса, ол сатылған жерді кім қорғауға шығады, патриоттық сезім қайдан пайда болады? Сонда елімізді жер сатып алған аз ғана әлеумет қорғай ма?! Ал «Нұрлы көш» бағдарламасымен келетін қазақтың бүгінгі-ертеңгі нөпіріне жер керек емес пе?!. Халық өспей тұрмайды, шетте жүрген ағайындарымыз елге оралады. Сонда жерді әркім жекешелендіріп алса, басқа халық қайтеді?!. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні – жер мемлекеттің иелігінде болмаққа керек. Ежелден бері жер дауы мен жесір дауы – біздің басты дауымыз. Сол үшін бұл мәселеде тоғыз толғанып, он ойланбасақ, ертең бармағымызды шайнаймыз.
ЛАТИФУНДИСТЕРДЕН ҚАЛАЙ ҚҰТЫЛАМЫЗ?
Арман Қани:
- Қазақстандағы ауыл шаруашылық жерлерінің шетел азаматтарының жеке меншігіне сатылуына, жалға берілуіне тосқауыл қоятын заң актілерінің қабылдануы дұрыс-ақ . Бұған қоса, өз еліміздің азаматтарының меншігіне сатылған жерлердің мемлекет меншігіне қайтарылып, оларға тек жалға пайдалану құқығы ғана берілетін заң актілері де қабылданса, нұр үстіне – нұр болар еді. Өйткені ондай жерлер шетелдік компаниялардың я шетелдік азаматтардың иелігіне өтіп кетуі ықтимал. Сонымен қатар шетелдіктердің пайдалануындағы өндірістік жерлер мен әскери мақсатта пайдаланылып жатқан өңірлердің (полигондар) мемлекеттің меншігіне қайтарылуы заң жүзінде реттелсе екен. Жер қатынастары туралы Заң мықты болса, көңіліміз орнықты болар еді.
Қазақ латифундистерден миллиондаған гектар жерлерін қайтарып, тұтас халыққа ортақ бірегей өнімді шаруалар құрмайынша, біздің елде ауылшаруашылығы дамымайды. Қазір егістік алқаптарының басым бөлігі ірі жер иеленушілерінің қолында. «Соны қалай қайтарып аламыз, оны қайтарып алған соң халыққа қалай үлестіреміз?» деген сұрақ маңызды. Осыны жер комиссиясының мүшелері нақты түсініп, терең мән бергені абзал.
ЖЕР БАР ЖЕРДЕ – ҚАЗАҚ МЕМЛЕКЕТІ БАР
Айгүл Ісмақова:
- Қазіргі жағдайда Қазақ елі жер мәселесіне қатысты алаңдаулы күйде отыр. Бүгінгі жерге қатысты қабылданып жатқан заң анық болуы қажет! «Үтірі мен сызықшасынан ақау кетіпті...» деген сылтаулар болмайтындай етіп, осы құжатты дайындап отырған кісілер үтір-нүктесіне дейін қадағалап, бұл заңға тоқетерін қою керек.
Қазақтың жері – қазақ Мемлекетінің жері. «Жер жалға беріледі», «жер сатылу керек» деген сөздер шығып жатады. Батыс Қазақстанда 25 жылға бір француз бизнесменіне берілген жер қазір қайтарылуда. Біз білмейтін осындай жайттар болса, ол халыққа жария болып, қайтадан қайтарылуы тиіс. Жер – бабалардың бізге қалдырған аманаты. Біз бұл жерді ұрпағымызға қалдырамыз. Бүгінгі билік басындағы азаматтар бұған жауапкершілікпен қарауға міндетті. Он бесінші ғасырдан келе жатқан Керей мен Жәнібектен бастап, Абылай хан мен Кенесарылар жер үшін құрбан болған. Осыдан жүз жыл бұрын Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Әлімхан Ермековтер қазіргі территорияны өздері түрмеде отырып нәубет кешсе де, бізге заңмен бекітіп беріп кетті. Ал Тәуелсіздік алған соң жер мәселесіне салғырттықпен қарау – кешірілмейді! Жер бар жерде – Қазақ Мемлекеті бар, жер жоқ жерде – Қазақ Мемлекеті де жоқ. Сондықтан әрқайсымыз болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілікті сезінуге тиіспіз. Қытайдың мектепте оқытылатын картасында Балқашқа дейінгі жер солардыкі деген сандырақты тоқтататын кез келді! Ол үшін елдің рухы мықты болып, дамыған, бай ел құруға қабілетті жұртқа айналсақ игі.
«Жердің сатылмайтыны анық» деп құр даурықпай, «сол жерді тиімді пайдаланудың жолын жалпы халыққа, қалың бұқараға қалай үйретеміз?» дегенді ойластырсақ еді. «Бос жатқан жер – жау шақырады» деген даналар сөзі бар. Қазақ даласын қазақтың өзі игеріп, мыңғыртып мал айдап, жайқалтып егін ексе, соның пайдасын көрсе, ел көркейеді, жер игілігін сыйлайды. Соның қам-қарекетін жасайтын ұйымдастырушы биліктің менеджменті қажет. Заманға сай жаңа кәсіпорындарын құрып, ауыл шаруашылығын дамытудың тың жоспарларын құрып, елімізді бақуатты етуге халықтың да міндетті екенін ұмытпайық.
«Қазақ әдебиеті» газеті, №15. 9 сәуір