14 мам, 2025 сағат 12:17

"Қара өлеңнің" жоқшысы, қабырғалы ақынға құрмет

Фото: Abai.kz

Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасында белгілі ақын, халықаралық “Алаш” және Мұқағали Мақатаев атындағы сыйлықтардың иегері, мәдениет қайраткері Оразақын Асқардың 90 жылдығына орай “Мен бақытты ақынмын” атты еске алу жиыны ұйымдастырылды, деп хабарлайды Ult.kz.

Іс-шараны Қазақстан Жазушылар одағының төраға орынбасары Ғалым Қалибекұлы ашып, ақынның өмірі мен шығармашылығы жайлы естеліктерімен бөлісті. Ол ақынның жары Ажар Баратқызына құрмет ретінде камзол сыйлады.

Кешке белгілі жазушылар мен ақындар, соның ішінде Әділғазы Қайырбеков, Ділдар Мамырбаева, Жүсіпбек Қорғасбек, Аслан Жақсылықов, сондай-ақ Мұқағали Мақатаевтың ұлы Жұлдыз Мақатаев, әнші Нұржан Жанпейісов, ғылым докторы Айбын Төреханов, жас жазушы Елдос Тоқтарбай, ақынның туыстары мен отбасы мүшелері қатысты.

Фото: Жазушылар одағы

Кеш барысында Оразақын Асқардың өлеңдерін Алматы қаласының мектеп оқушылары оқыды, ал көрермендер қатарында әскери қызметкерлер де болды. Еске алу кешін ақын әрі журналист Бақыт Жағыппарұлы жүргізді.

Іс-шарада суырып-салма ақын Алтынбек Ибрагимов арнау өлең шығарып, қатысушылардың ықыласына бөленді. Оразақын Асқардың мұрасы бүгінгі күнде де оқырмандарға шабыт сыйлап, рухани байытуын жалғастыруда.