22 қаң, 2021 сағат 16:54

Қапшағай көлінде дауыл кезінде жағаға жете алмаған балықшылар құтқарылды

Қапшағай көлінде дауыл кезінде жағаға жете алмаған балықшылар құтқарылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат". 

«22 қаңтар күні Алматы облыстық ТЖД Қапшағай өңірінің Жедел-құтқару жасағының құтқарушылары патрульдеу кезінде жағалаудан үш шақырым жерде қалған балықшыларды құтқарды. 4 адам мұз ойығынан балық аулап жүрген. 65, 45, 44 және 36 жастағы ер адамдар (Қапшағай және Алматы қалаларынын тұрғындары) қатты желде жағаға жете алмаған»,- делінген Алматы облыстық ТЖД баспасөз қызметінің хабарламасында. 

Ведомствоның ақпаратына сәйкес, құтқарушылар «Славир-9У» ауа жастықшасы бар арнайы кеме көмегімен азаматтарды жағаға эвакуациялады.

Естеріңізге сала кетейік, 20 қаңтарда Алматы облысы ТЖД SMS хабарлама, «Дәрмен» мобильді қосымша және бұқаралық ақпарат құралдары арқылы 22-23 қаңтарда Алматы облысының кей жерлерінде қатты жауын-шашын (жаңбыр, қар), боран, тұман, көктайғақ болатынын ескертті. 22 қаңтарда күндіз және 23 қаңтарда түнде жел солтүстік батыстан оңтүстік батысқа ауысып, 15-20 м/с, кей жерлерде екпіні 23-28 м/с жетеді, тіпті 30 м/с асып кететіндіктен дауылды ескертуі жарияланды.

Алматы облысының ТЖД азаматтарды ауа райының өзгеруін бақылап, дауыл кезінде алыс жолға және мұз үстіне шықпауға шақырады.