Фото: Мәжіліс
Қаңтар оқиғасына 4 жыл толды. Осы ретте Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи журналистерге "Қанды Қаңтар" туралы пікір айтты. Оның сөзінше Қаңтар оқиғасына дейін Қазақстандағы саяси билік бір орталыққа толық бағынбаған. Бұл туралы Ult.kz хабарлайды.
Оның айтуынша, сол кезеңде елде қос билікке ұқсас жағдай қалыптасқан. Бір жағында экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев Ұлттық қауіпсіздік кеңесінің төрағасы ретінде отырса, екінші жағында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев президенттік қызметті атқарды.
«Қаңтар оқиғасына дейін елдегі саяси билік бір орталыққа бағынды деп айта алмаймыз. Ал Қаңтардан кейін биліктің барлығы бір саяси орталықтың қолына жиналды. Меніңше, Қаңтардың ең негізгі нәтижесі – осы», – деді Ермұрат Бапи.
Депутат Қаңтардан кейін елде бірқатар саяси және әлеуметтік өзгерістер болғанын атап өтті. Оның айтуынша, референдум өткізілді, сайлау жүйесі белгілі бір деңгейде жаңартылды. Сонымен қатар әлеуметтік салада да өзгерістер байқалды.
«Мұғалімдер мен дәрігерлердің жалақысы көтерілді, әлеуметтік бағыттағы шешімдер қабылданды. Сайлау жүйесінде де өзгерістер болды. Бұлардың барлығы – Қаңтардан кейінгі кезеңнің нәтижесі», – деді ол.
Ермұрат Бапи Қаңтар оқиғасын халық ұйымдастырды деген пікірмен келіспейтінін де ашық айтты. Оның сөзінше, Жаңаөзенде басталған газ бағасына қатысты наразылықты халық бастапқыда қолдағанымен, кейін жағдайды басқа күштер пайдаланып кеткен.
«Қаңтар оқиғасын халық ұйымдастырған жоқ. Оны ұйымдастырған – назарбаевшылар, ескі Қазақстанның өкілдері. Оған оппозиция да, қоғам да қатысқан жоқ. Әртүрлі радикалды топтар, діни экстремизм мен теріс ағым өкілдері араласты», – деді депутат.
Сондай-ақ ол дәл осындай жағдайдың қайта қайталануы екіталай деп есептейді. Оның айтуынша, елде қымбатшылық мәселесі бар болғанымен, Қаңтар оқиғасына алып келетіндей күйіп-жанып тұрған себеп байқалмайды.
«Белгілі бір оқиғалар болуы мүмкін, бірақ Қаңтарға түрткі болатын деңгейдегі мәселені көріп тұрған жоқпын», – деді ол.
Ермұрат Бапидің пікірінше, Қаңтардан кейін қабылданған барлық өзгерістер – биліктің сол оқиғадан алған сабағының нәтижесі. Ол негізгі саяси және басқару жүйесіндегі реформалар соңғы үш жылда жүзеге асқанын атап өтті.
«Президент Тоқаев 2019 жылы билікке келді. Бірақ елдегі негізгі саяси, қоғамдық және мемлекеттік басқару саласындағы өзгерістердің барлығы Қаңтардан кейін басталды», – деді депутат.
2022 жылғы Қаңтар оқиғасы Маңғыстау облысындағы Жаңаөзен қаласында сұйытылған газ бағасының қымбаттауына байланысты басталған наразылықтан өрбіді. Кейін бейбіт шерулер бірқатар өңірде жаппай тәртіпсіздікке, қарулы қақтығыстарға ұласты.
Ресми билік мәліметінше, ел бойынша мемлекеттік және стратегиялық нысандарға шабуыл жасалып, құқық қорғау органдарына қарсы ұйымдасқан қарулы топтар әрекет еткен. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл оқиғаларды мемлекеттік төңкеріс жасау әрекеті деп бағалады. Мемлекет басшысы елге шамамен 20 мың, кейін «40 мыңға дейін террорист қатысқан» деп мәлімдеп, олардың ішінде шетелден келген дайындалған радикалдар болғанын айтты.
Осыған байланысты Қазақстанда төтенше жағдай енгізіліп, ҰҚШҰ бітімгершілік күштері шақырылды. Ресми мәліметке сәйкес, Қаңтар оқиғасы кезінде 238 адам қаза тапты, мыңдаған азамат түрлі деңгейде жарақат алды, бірнеше мың адам ұсталды.
Қаңтардан кейін елде Конституциялық реформа жүргізіліп, референдум өтті, сайлау жүйесі жаңартылды және билік құрылымында бірқатар өзгерістер жүзеге асырылды.
