Қаңтар оқиғасы кезінде зардап шеккен бір топ кәсіпкер келтірілген шығынды дәлелдей алмай жүр. Осыған байланысты бүгін олар «Ақиқат» қоғамдық комиссиясына жүгінді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Ақиқат» қоғамдық комиссиясының кеңсесіне 20-ға жуық кәсіпкер келді. Олар жаппай тәртіпсіздік кезінде кәсіптеріне келтірілген шығынды дәлелдей алмай жүр. Қолдарында бар құжаттары жарамсыз деп танылған.
Солардың бірі — жеке кәсіпкер Қарлығаш Кертайқызы. Ол қаладағы сауда үйлерінің бірінде ерлерге арналған киім сатқан. Қаңтар оқиғасы кезінде тауарлары өртеніп, тоналған.
«Маған келтірген шығын 35 млн теңге. Менің қолымда тауар парағы (товарная накладная) бар. Алайда, бұл құжатпен ештеңені дәлелдей алмай жүрмін. Сот-медициналық сараптама бізге тағайындалмайды, өйткені, бізде мөр де, шот-фактурада жоқ. Бухгалтерлік есеп те жүргізілген емес. Басты мәселеміз осында болып тұр. Біз ЖК (жеке кәсіпкер) болғандықтан заң бойынша бізден мұндай құжат талап етілмейтін. Біздің бір ғана ұсынысымыз бар: кәсіпкерлердің шығынын өтеудің ережесі жеңілдетілсе екен», - дейді жеке кәсіпкер Қарлығаш Кертайқызы.
Кәсіпкерлердің сөзінше, полицияда арыздары қабылданып, қылмыстық іс қозғалған.
«Тоналған бутиктерімізге қатысты қылмыстық іс қозғалды. Алайда, бұл мәселені түбегейлі шешпейді. Мысалы, маған келтірілген шығын көлемі 50 млн теңге. Тауарды мен өзім Түркиядан тасымалдаймын. Сондықтан үкімет шығынымызды толық өтеп берсе деген өтініш бар. Сондай-ақ, шығынды өтеу ережесіне тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, біраз жеңілдетілсе», - дейді кәсіпкер Ғалия Кургулина.
«Ақиқат» қоғамдық комиссиясының жетекшісі Айман Омарова кәсіпкерлерге көмектесетінін атап өтті.
«Қоғамдық комиссияға жүгінген кәсіпкерлер, қазір арыздарын жазып, қолдарында бар құжаттарын ұсынып жатыр. Біз оларға барынша көмектесуге тырысамыз. Мемлекеттен көмек сұраймыз. Бәрі заң аясында шешіледі деп үміттенемін», - дейді Айман Омарова.