05 қаң, 2025 сағат 11:58

Қаңтар қасіреті қара өлеңмен қалай берілді?

Фото: abai.kz


Бүгін еліміз «Қаңтар қырғынының» үш жылдығын еске алуда. 2022 жылы 5 қаңтарда ел бойынша өтіп жатқан жаппай наразылық акциялары қақтығысқа ұласып, оқ атылды, жүздеген адам ажал құшты. Қасіретті қаңтар оқиғалары салдары­нан ресми мәлімет бойынша жалпы алғанда, еліміз бойынша 5 149 адам жараланып, 238 адам мерт болды. Олардың 19-ы – күштік құрылымдардың қызметкерлері екені белгілі. Бүгін Ult.kz тілшісі осы «қаралы қаңтар» қалай жырланғанын зерделеп көрді.


Ә дегеннен, қаңғыған оққа ұшқан 4 жасар бүлдіршін Айкөркемнің әкесі жазған өлең көзге оттай басылды. Айкөркем бауырларымен бірге көлікпен келе жатқанда әлдекімдер оқ жаудырған. Әкесінің айтуынша, оқ баланың басына тиіп, бір бөлігін жұлып әкеткен. Ауруханаға жеткен қаршадай қыз сол жерде жантәсілім еткен еді.

Осы қайғылы оқиғадан соң әкесі Айдос Мелдехан қызына арнаған өлең жазған. «Мен мәңгі төрт жастамын» деп аталатын өлеңнің бір бөлігі сол күндері мылтық ұстаған әскерилерге арналған.


Еркесі едім үйдегі,

Деуші еді бәрі ботақан.

Қуанушы еді үлкендер,

Берді деп сені жаратқан.

Алаңсыз келе жатқанда,

Қай аға маған оқ атқан?

Атыпсың дәлдеп мылтықты,

Алды-артыңа қарамай.

Осынша неге өшіктің

Кіп-кішкентай балаға-ай?

Не кінәм менің бар еді

Өлтірдің неге, ағатай?!


Осыдан кейін әлеуметтік желілерде «қаралы қаңтарды» қаралағандар, жүрекке түскен жараны жырмен емдеуге тырысқандардың саны артты. Оның бәрі де әлеуметтік желілерде жарияланып, көпшліктің айтар ойын дөп басқандай. Мәселен, Рахат Қосбармақ «Антыңа қайшы іс істеп, Халқыңа қару кеземе!» деп жырлады.

 

Халық қаһары

Әй, қан шеңгел, қан шеңгел!
Арсыздарға – жар шеңгел,
Ақиқатқа – жау шеңгел.
Арыстарымды жалмаған
Абақты, түрме, дар шеңгел.
Қанша мықты болсаң да,
Қайратыңды көрейін, келсең – кел!
Қарашаның хан ұлында хақы бар,
Би ұлында даты бар,
Алты жүз жыл аттан түспеген Алаштың
Алмаған ақы бар сенде!

Хан емессің, қара жүрек хайуансың!
Адамдықтан безген нағыз айуансың!
Қара шатырыңды қақыратып сөгермін,
Қара ордаңды халықтан үлкен қайғы алсын!

Әй, боқ солдат, боқ солдат!
Анаңа шаппа арсаңдап.
Қасқиып бір күн қаларсың,
Аяғың сынып ақсаңдап,
Қалтақтап басың, қақшаңдап.
Халықтан асқан мықты жоқ,
Халықтан асқан түкті жоқ;
Халықтан алмай разы жоқ,
Халықтан ұлы қазы жоқ;
Қай таразыңа тартсаң да,
Халықтан ауыр жоқ салмақ.
Антыңа қайшы іс істеп,
Халқыңа қару кеземе!
Бабаңның көрін күңірентіп,
Қарғыс айтқызба әжеңе!
Қара тасқа сүтін сауғызба жежеңе!

Мен – кешегі Кенесарымын Ар қуған,
Көкірегін елінің көнеден жеткен зар буған.
Орданы бұзған Оспан батырмын от күреп,
Қаһармандықты халқына мұра қалдырған.
Қырық батыры – ту көтерген тұғырлым,
Қырық ғасырға аңыз болған Қырыммын!
Дабыл қаққанда дауыл ұрғандай теңселтіп,
Дал-далыңды шығарар Даттың ұлы Сырыммын!
Есенқұлдың ұлы Есекпін, Қараның ұлы Есетпін!
Шашақты найза туды алған, шаң менен қанға былғанған
Шайқастардан шабылмай шыққан кесекпін.
Атақозы, Бердібек, Тәңірберген, Келдібек,
Есен, Сүгір, Ер Жанақ, Мыңбай, Төкеш, Құлыбек;
Назардың ұлы Шотанмын! Найзағай болып атармын!
Кенженің ұлы Қонаймын, Қоныстың ұлы Шабаймын!
Сеңгір таулы өркеші Сегіз арыс Адаймын!
Әнеттің ұлы Төлеппін, әуел бастан ерекпін,
Кескілескен жерде керекпін, теңселмейтін терекпін.
Амантұрлы, Қожалақ, Балуаниязбын, Қармыспын!
Сүйінқара, Дәуімшар, Есенияз, Сармыспын!
Мен – кешегі Тәжінің ұлы Досанмын!
Кім болсаң да, көкірегіңді басармын.
Қаһарлансам, қаныңды судай шашармын,
Жалауыңды жыртып, жапырақ-жапырақ жасармын.
Жүсіптің ұлы Қиырмын, Өтептің ұлы Диханмын!
Қисайған жағынан тұрмайтұғын қиқармын.
Жәлімбеттің ұлы Алғимын, Тәжінің ұлы Жараспын!
Ақинағым жарқылдап, Айменен бағым таластым.
Тайманның ұлы Исатай, Қосаяқұлы Қалдыбай,
Тарыққанда таяныш болған жар Құдай.
Өтемісұлы Махамбет – өр кеуделі ұланмын,
Қарағайдың қарсы бұтағы, шыңға біткен шынармын.
Қарсы келген дұшпанды қара дауыл боп ұрармын,
Тіршілікте мен, сірә, тыншымайтын шығармын.
Құныскерей құдірет, Аманғали серімін!
Құла дүздің еркесі Құрмаш деген перімін!
Алатау мен Алтайдың арасын елге толтырған
Аспанмен теңдес айбары Алаштың айбын Ерімін!
Маңайына жау келсе, маңыратып қойдай қуатын
Марқасқаны көп туған Маңқыстаудың Елімін!

Кешегімді сұрасаң, кім екенімді білерсің,
Білерсің де, шырағым, қолтығыма кірерсің.
Қорымымды қопарып, қозғама менің рухымды,
Абайламай арандап, аламын деп ұлтымды,
Азуымда шайналып кетіп жүрерсің,
Қара тасқа мәңгілік айналып кетіп жүрерсің!

Әй, қандықол, қанды қол!
Қасыңда тұрмас мәңгі қол.
Қан құсар күнің аз қалды,
Жалғыз-ақ сенде қалды жол.

Қара нөпір боп жиналсам да алаңға,
Қара қасқа боп қиналсам да сәл онда;
Тасыңды лақтырып, тасимын дүлей теңіз боп,
Тас-талқан қылып тағыңды, таптаймын сені табанға!
Ардақтысы сен болсаң да Құдайдың,
Алаштың Арын, ақырып Теңдік сұраймын!
Ақтық сәтке дейін атымнан енді түспеймін,
Алты күн, мейлі, алты апта белді шешпеймін.
Зауалдың күні тақымдаған шығар саған да,
Адалдың күні жақындаған шығар маған да.
Ақиқатқа жеткенше алмас қылышым жарқылдап,
Ақиретке дейін кетеді қолым жағаңда!

Рахат Қосбармақ

 

Сондай-ақ, ақын Төреғали Тәшенов тақ үшін таласқандар әрбір адамның жаны мен көзінен аққан жасы үшін жауаптысың деп ашық айыптайды. Оның өлеңі тіпті басылымдарға да жарияланып, тақырыбының өзі жүрекке ауыр тиетін-ді.

 

Қаңтар. Қара құзғын

 

Қара құзғын: аты – адам,

заты жын.

Қорым қазған – харам байлық,

тақ үшін.

Аруаққа,

Таңда махшар болғанда,

Не айтпақсың,

Сұрағанда хақысын?!

 

Қара ордасы ақтаралды

қан-жынның,

қорғаймын деп тапты қанша

жан қырғын.

Көрдік,

Тәңір түсірерін тәубеге,

Қаласа егер

Қолыменен де малғұнның!

 

Кетті өртеніп, кеңсең, үйің кең,

Тынды!

Сөнсін десең,

Ішіңдегі у-өртіңді,

Лақтыр отқа,

Жансын түгел жанған соң,

Басыңдағы бөркіңді де ең құнды!

 

Күйсін,

Жансын –

Санаң әбден заттанған,

Бақ дегенің – басыңдағы

боқ болған!

Сақта құдай боқ дүниеге

батқаннан!

Боқ дүниені қорғап

оққа ұшқаннан!

 

Тәуелсіздік – тисе қолға бек тізгін,

Тәңірден туғандай боп тек түздің.

Көк бөріні көн тулақ қып

көп құзғын,

шектен шықты бетсіздігі

тексіздің!

 

Қырқысқандар,

Харам байлық, тақ үшін,

Қашқаның да, құтылмасың

тағы шын!

Жазықтысың – жанып кеткен

жан үшін!

Жауаптысың – аққан нақақ

қан үшін!

Төреғали Тәшенов




Ал ақын Есей Жеңісұлы «Неге жаудың қаңтарда, жауын, жауын» атты өлеңінде  қаңтарда жауған жауын жүректің ауырғанын баса алмайтынын жыр жолджарына қосады.

 

Неге жаудың қаңтарда, жауын, жауын?

 

Неге жаудың қаңтарда, жауын, жауын?
Сендік мезгіл емес бұл, дамылдағын.
Кеттің бе әлде қызғанып қыстан мынау,
Қарап жердің аппақ мұң жамылғанын?
Білесің ғой, қыс деген жыламайды,
Құрсаса да аспанын бұла қайғы.
Күннің өзі ілініп көк жүзіне,
Көкжиекке жабысып, құламайды.
Деме «мені жас ару іздеді ғой»,
Көңлінде оның жастықтың іздері ғой.
Сұлу нөсер емессің көктемдегі,
Сағыныш та емессің күздегідей.
Қыстың әні...
Көктемнен бөлек елес.
Құр жылайсың, ешкім де сені елемес.
Аппақ қайың ақ тонға оранулы,
Оған қазір мұз көйлек керек емес.
Жауын, жауын...
Жайың жоқ назданатын,
Тамшы емес, қар қақсын өз қанатын.
Қыс дегенің адамның көңілі емес,
Кенет көктем, кенет жаз...
күз болатын.
Неге жаудың қаңтарда, жауын, жауын?
Сендік мезгіл емес бұл, дамылдағын.
Сейілтпейсің алаңын көңілімнің,
Баса алмайсың жүректің ауырғанын.

Есей Жеңісұлы

 

«Қаңтар оқиғасы» кезінде 20 мың терроритс басып кірді деген бейресми ақпарат тараған болатын. Оны Мемлекет басшысы «20 мың террорист» туралы айтар болсақ, ондай мәліметті құқық қорғау органдарының бұрынғы басшылары берген. Барлық республика бойынша алынған мәлімет еді, бәріңіз жақсы білесіздер, 13 қалада бір уақытта қоғамдық тәртіпті бұзу үшін билікке қарсы әрекеттер жасалды» деп түсіндірген болатын. Осы орайда Берік Бейсенұлы «Террорист емеспіз. Басым бар!» деп жырлаған екен. Тіпті өлеңнің атын «Қаралы қаңтар» деп атаудан да жасқанбаған.

 

Қаралы қаңтар

 

Көрерсің қалайша күніңді,

Бұл – сурет қатесіз бүгінгі.

Еститін құлағы бар билік,

Естімей отыр ғой үніңді.

 

Еркін ой, азат үн қалаған–

Қалайша өшеді санадан?

Шырылдап шындықты іздейді,

Шынжырға байланған бар адам.

 

Ұмыта алмаспын бұл айды,

Мәңгілік тақ болмас. Құлайды.

Қаңтарда алаңға шыққандар

Шырылдап шындықты сұрайды.   

 

Толқындап бір келсе – жыр-көмей

Айтарсың күн демей, түн демей,

Тұралап жатқанда ақиқат,

Тұрасың сен қалай үндемей?!        

 

«Террорист емеспіз. Басым бар!»

Тұманда жарқ етті жасындар.

Адамға оқ атты адамдар,

Арманда кетті ғой асылдар.

 

Бір таққа – мүдденің таласы,

Қоғамның бұл бітеу жарасы.

Бұқара әділдік іздейді,

Бас име, қазақтың баласы!

 

Көңілде бір ой жоқ тұрақтар,

Жазықсыз жандарды кім ақтар?

Көрмейін десең де көзің бар,

Көкейде көп әлі сұрақтар...

Берік Бейсенұлы

 

Қаңтар оқиғасы кезінде Алматыда алаңда ту көтерген, кейін басына оқ тиіп, ауыр жарақат алған белсенді Берік Әбішевтің әрекетін де ел ұмыта қойған жоқ. Бұл туралы Дағжан Белдеубай дәл осы сәтті жырға қосып бейнелепті.

 

Ту көтерген жалғызым

 

Даламда да қалды ізің,

Қаламда да қалды ізің.

Қасіретті қаңтарда,

Ту көтерген жалғызым.

Қазақ қамы – өз қамым,

Түссем тағдыр тезіне.

Сені ойласам боздағым

Жас келеді көзіме

Табанынан тас тайып,

Қалды дұшпан тайсалып.

Сен ұқтырдың қасқайып,

Қазақ деген қайсар ұлт.

Өзіми деген есті елміз,,

Қазақстан – ауылым.

Кеудемдегі ескерткіш,

Ту көтерген бауырым.

Шыңға біткен шынарсың,

Неге ғана сыңарсың...

Байтұрсынов шығарсың,

Бөкейханов шығарсың.

О, жалғызым, жалғызым,

Жассың әрі кәрісің.

Жүрегімде қалды ізің,

Сен қазақтың Бәрісің.

Ортақ досым, жауым да,

Бір уыспын, аз-ақпын,

Қарсы жүрген дауылға,

Азаттығы қазақтың.

Дағжан Белдеубай

 

 

Әлеуметтік желіде көп оқылып, көп талқыланған жырдың бірі – «Көкмойнақ». Файзулла Төлтай тергеу  кезіндегі көріністерді жырмен суреттеуге күш салыпты.

 

«Көкмойнақ»

 

Көккөңбек қабырғалар

...Бірер сағаттан соң,

Ван Гогтың «Тұтқындар» картинасындағыдай

қабырғалары көккөңбек

камераны айналып жүре бастадық,

Дәлізден «Тоқ...», «Тоқ...» етіп келе жатқан

Аяқ киім даусынан қорқып.

Көккөңбек қабырғалар –

көк туды есімізге салады;

Ақорда төрінде ілініп тұрғанын емес,

алаңда желбірегенін

есімізге салады көккөңбек қабырғалар.

Біз бейне сол туды жамылып

Алаңда көз жұмған

адамның мәйіті басында

айналып жүрген

әруақтар секілдіміз –

Дәлізден «Тоқ...», «Тоқ...» етіп,

Аяқ киім даусы жақындап келеді.

Қанша айналғанымыз есімізде жоқ,

Көздерімізді төменге қадап,

Шөккен таулардың шоқыларын басып,

Айды мойнымызға іліп,

Ту жамылған әруақтар секілді

Айнала беріппіз,

Айнала беріппіз,

Айнала беріппіз –

Ортамызда марқұмның рухына ұқсап,

Бейне бір біз отырған камераның торындай

Қамшының ізіне қамалған

Көкмойнақтың тұрғанын да елемей.

Біз оны сәл бұрын

Көрші камерадан әкеп тастаған

тұтқын деп ойладық:

Оның кісінегені мен

тұтқынның шыңғырған үнін ажырата алар емеспіз.

Көкмойнақ кісінейді,

Тұтқын шыңғырады,

Көкмойнақ шыңғырады,

Тұтқын кісінейді.

Дәлізден «Тоқ...», «Тоқ...» етіп,

Аяқ киім даусы жақындап келеді.

Көккөңбек қабырғалар

Аяқ киім даусы жақындаған сайын

Көк ту болудан қалып,

Иірімді суға айнала бастайды.

Біз бейне көк тудың құшағында

Суға батып бара жатқандаймыз.

Күн де аспанда емес,

Қыран да аспанда емес,

Суға батып бара жатқандай бәрі.

Көрші камерадағы азаптан,

Көшедегі атылған оқтан,

Көкмойнақты қалайша

аман ап қалуға болады?

Қалайша тірі алып қалуға болады,

Ту түстес қабірдің ішінен?

Дәлізден «Тоқ...», «Тоқ...» етіп,

Аяқ киім даусы жақындап келеді.

Біз сонда соңғы үмітімізбен

суға батып бара жатқан күнді

Көкмойнақтың тұяғына септік,

Қыранның қанатын бердік.

Самға енді, Көкмойнақ!

Сенің алтын тұяғың бар,

Алып қанатың бар,

Сен енді еркінсің, Көкмойнақ!

Қалықта төменге қарамай!

Сәлден соң,

Ту түстес қабірді су басады.

Біздің өлігіміз судың бетіне ісіп шығады сәлден соң,

Көк тудың бетіне қалқып шығады біздің өлігіміз.

Қанымыз – күнге,

Сүйегіміз – қыранға,

Қамшының ізі – оюға айналады, Көкмойнақ.

Күні ертең қиялымыздағы жерұйықта

Болашақ бізді ту ғып желбірететін болады, Көкмойнақ.

Болашақ сенімен жүйткитін болады, Көкмойнақ.

Қалықта төменге қарамай!

Қалықта!

Дәлізден «Тоқ...», «Тоқ...» етіп,

Аяқ киім даусы жақындап келеді…

«Тоқ...».

«Тоқ..».

«Тоқ...».

Файзулла Төлтай

 

Ал Еділбек Дүйсен  қаңтар оқиғасын жырлағанда болған оқиғалар мен ресми ақпараттардың парқын ашып, бәрін түс көріп жатқандай бейнелейді. Оны төмендегі өлең жолдарынан оқи аласыздар:

 

ҰЙҚЫСЫРАУ ІІ

 

Мұның бәрі де әу баста қиялда құрылған.

Қаһармандар мен жендеттердің саны,

Ереуілдер мен үндеулердің ақыры,

Ресми ақпараттардың мәтіні,

Оған деген менің болжалды жиіркенішім.

Мұның бәрі де әу баста қиялда тұрғызылған.

Олар қиял қамалы қирамауы үшін,

Өткен көпірлерін өртеп отырды,

"Төккен көз жасы" мен "шеккен азабын" айтты,

Күнәға баладық.

"Күнә да құдайлық" деді.

(Мұның бәрі де әу баста қиялда құрылған).

Ескі [Жаңа] Өзен көшелерінде де,

Аспан тамып тұратын Алматыда да,

Қазақ болып өмір сүру мүмкін емес секілді.

Тек, алдымызда күтеді бізді-

Үстіне өрмекшілер тор құрып үлгерген қалың тұман.

Еділбек Дүсен

 

Сонымен бірге, алаңда болған оқиғаны суреттейтін жырдың бірін Сержан Смаханұлы жазған. Ол оқиға хронологиясын ойын атаулары арқылы бейнелеп, әскерилердің қара халыққа күш көрсеткенін жырға қосады.

 

Ала тақта

 

Ақиқаттан жар салып, болашаққа,

Аспан бүгін аласұрған ала тақта.

Тізілген шахматтың мүсіндері,

Жаяу әскер қол салған қорамсаққа.

Офицерлер айдап сап пешкілерді,

Қарсыласын аямай тепкіледі.

Бейбіт шеру басталған осылайша,

От шеруге жеткенін кеш біледі.

Бәрі қорғап, королді аласұрып,

Аттары алашапқын, жара, сынық.

Ладьяны жұмсаған алғы шепке,

Ферзі өзі ұсталды қарасынық.

Жұлдыздарым сабылған екі дүрсін,

Осылайша жар салды елім білсін.

Кейінгі ұрпақ жалғар ма аңыз етіп,

Ақиқатын жеткізер сенімдісін.

Ала тақта жайып сап, тағы аспан,

Ұсынады биікке жария дастан.

«7 Жарғы» жолы тұр кезегінде,

Хан, уәзір, ақыл тосып алашапан.

Қара халық мұндағы басты құны,

Хан сайланған елінен – Бастыұлы.

40 уәзір ақылмен жоспарлаған,

Ата заңы тұр тағы бастырулы.

Алашапқын болмайды тіпті ешкім,

Жарлығына енгізер құс күзетін.

4 жиыңның қажеті болмай қалар,

Ақиқатты жариялар түс күзетің.

Жауырынмен болжасақ болашақты,

Қос тіземіз кешпесті толарсақты.

Атадәстүр сабырмен, алға озып,

Шахматты алмастырар дойбы – шәшкі.

Хан сайлаған құрметпен ел ортасы,

Жесір менен жер болған даудың басы.

Садақаға бір түйе ілер емес,

«Тоғызқұмалақ» кезекте дау таласы.

Сержан Смаханұлы

 

Қаңтар оқиғасы елдің еңсесін түсіріп, қабырғасын қайыстырғаны рас. Қарап отырсаңыз, бұл Алматы не көрмеді дейсіз... Сол алаң, сол халық... қайталанған оқиға... 86-ның желтоқсаны мен 2022-нің қаңтары ешқашан ұмытылмайды. Бұл туралы Алмас Ахметбекұлы өлеңмен өреді:

 

Алматы – Қаңтар

 

Алматы ғой,

Не көрмеген Алматы.

“Көкте” деген, “көгер” деген Алматы.

Ұлт тағдыры қашан түссе талқыға,

Тайсалмаған, бөгелмеген Алматы.

Ер кеудесін көтергенде Маңғыстау,

Ел кеудесін көтергенде Маңғыстау.

Жер шетіне елеңдеген Алматы.

арандалып қапияда қан құсты-ау.

Қөпке таныс үніменен тәкфрдің.

Қай жағынан қара ниет ап кірдің?

Бу жамылып, бұлт желпіген Алматы

Таланына тап келгендей қасқырдың

Жүрегіне жалғыз Мемлекетімнің

Қанды қанжар қадалуға шақ тұрдың.

Қалың нөпір күйіп-жанған, оталған,

Өз шаһарын жарып, өртеп, қопарған.

Қанша сенсе сонша алданған — өкінген,

Қолға түссең орып салған “өш алған”.

Аңғал ана аңырап қалма тағы да

Ашық күнде айырылып ботаңнан.

Қылыш жүзі — қыл үстінде біздің ұлт

Термен бірге қан шығады жотаңнан.

Қарсы келсең қан шашасың Алаңға,

Қалыс қалсаң айырыласың Отаннан!

Матқапыда кім атқарар ер ісін?!

Кім айтады оның оң мен терісін?!

Қазақстан,

Бүтіндігің ең қымбат!

Ұлы жеңіс сенің ғана жеңісің!

Заңнан қымбат, қаннан қымбат азаттық,

Күйген жанға, сүйген жанға сені шын!

Өз қолымды өзім кесем қаласаң,

Алтын басым құнсыз кетсін сен үшін.

Көз жасымды тыя аламын сен үшін.

Өз басымды қия аламын сен үшін.

Желбіреген Көк туыңның түбіне

Ел-жұртымды жия аламын сен үшін!

Беу Алматы

Бар тілегім — бейбіт күн,

Бейбіт кезең,

Ізгі мақсұт, келісім!

Жалғыз Отан,

Тұтастығың ең ұлы,

Ұлы жеңіс сенің ғана жеңісің!

Азаттықты сақтап қалу арға сын.

Бойтақ отан келешегін жалғасын.

Тұтас халық ту түбінде түгендел.

Сабыр-сабыр, менің Асыл Алматым!

Алматы ғой,

Не көрмеген Алматы.

“Көкте” деген, “көгер” деген Алматы.

Ұлт тағдыры қашан түссе талқыға,

Тайсалмаған, бөгелмеген Алматы.

Алмас Ахметбекұлы

 

Ал Ерлан Аманқожаұлы Қаңтар айының ызғарын жырға қосып, жүректі тағы бір тербейді. Мәселен, «Мен осынау қайыңды құшаққа алып, Сан өртеніп, сан жылап, сан мұздағам» деген жолдарының өзі неге тұрады десеңізші...

 

Қаңтар айы...

 

Қаңтар айы...

Түн ызғар,

Үміт күшті,

Қонақтатып қайыңға қырық құсты.

Түс жорытып отырмын...

“Қолымдағы

Қайқы қылыш ортамнан тіліп түсті”.

- Шуламаңдар, тыңдайын бірден-бірден.

- Біреуің жоқ мәнісін білген мүлдем.

Қырық түрлі жорамал...

Жалған, жалған,

Осы ма еді бақытым іздеп жүрген?!

Жалғыз сауал...

Жауабы қырық түрлі,

Әй, құрысын мыналар былықтырды.

Мазамды алмай тараңдар болды осымен,

Сендерсіз де шешуін біліп тұрмын.

Қайт барлығың,

Және де жалғыз қалам,

Мынау менің баяғы қар-мұз далам.

Мен осынау қайыңды құшаққа алып,

Сан өртеніп, сан жылап, сан мұздағам.

Қаңтар айы,

Ақ қайың...

Өмір...

Гүл...

Жел...

Арпалысқан өтті ғой не бір күндер.

Арпалысқан күндерде арман қалды,

Әй, өңшең ақымақтар, не білдіңдер?!

Ерлан Аманқожаұлы

 

Ал сізге «Қадалып тұр екен дәл кімге, Қалқаның от ұшқан жанары» деген жыр жолдары ойыңызға оқиғаны дәл суреттей ала ма? Қаңтардағы қырғынның сәттерін жырға қосқан Ғайса-Ғали Сейтақ та «Қаңтардың мұз қатқан қабағы...» атты өлеңін ұсынған.

 

Қаңтардың мұз қатқан қабағы...

 

Қаңтардың мұз қатқан қабағы,

Қысқарды-ау күннің де қадамы.

Қадалып тұр екен дәл кімге

Қалқаның от ұшқан жанары.

Көкірек тып-тыныш жата алмас,

Қырық та екен ғой қатал жас.

Кететін тек қана күйдіріп

Көз бе бұл көктемге апармас?!

Күдік тұр ұялап әр таңда,

(Көңілді сондықтан арқанда).

Қоламта секілді тез сөнген

Сезім де сап-салқын қаңтарда...

Ғайса-Ғали Сейтақ

 

Сонымен Қаңтар оқиғасы ер ақындардың ғана қаламына арқау болған жоқ. Бұл ауыр тақырыпты нәзік жандылар да жырға қосып, тайсалмай өлең шығарды. Оның бірі – Жанат Әскербекқызы. ақын ару өзінің емес, қаңтардың жылағанын жырлайды.

 

Қаңтар

 

Мен емес, қаңтар жылады -
Сен емес, қаңтар кінәлі.
Түсініп болмас бұл айды,
Кімдерге артар кінәні.
Қаңтардың жаны нәзік-ті,
Болды ма тағы жазықты.
Мың қайта маңдай соққы алып,
Бір қайтқан бағы қажытты.
Көз жасы содан қар болды,
Қасіреті – боран-зар болды.
Жүрегі суып, мұз болды,
Бұл жалған оған тар болды.
Кім естір мұңлық күбірін,
Түсінсін сұмдық сыр үнін...
Өксікке шылап өткені-ай
Отыз бір күндік ғұмырын.
Мен емес, қаңтар жылады –
Сен емес, қаңтар кінәлі.
Қайтесің, халін сұрама,
Жаныңа артар мұң әлі...

Жанат Әскербекқызы

 

Ал Жібек Ысқақова айдан нұр кетіп, аспаннан қара бұлт төнгенін өлеңге қосқан. Ақын ару үш шумақ өлең жолдарына ызғарлы қаңтардың ауыр сәттерін сыйдыра алған екен.

 

Сұрапыл айдан кетіп нұр

 

Сұрапыл айдан кетіп нұр,
Аспанды түнек қаптады.
Жанымызды қариды,
Қаңтардың ызғар, аптабы.

Сұрапыл айдан кетіп нұр,
Қара бұлт төнді аспаннан.
Бұзақылар қаптады,
Бұл еліме қастанған...

Сұрапыл айдан кетіп нұр,
Көкжалдар түнде ұлиды.
Әскерлер тұр сап түзеп,
Ойына алмай жылы үйді...

Жібек Ысқақова

 

Ал нәзік арудың бірі Гүлім Сатыбалды қаңтардың бесі екенін де айта отырып, оқиғаның хронологиясын жырға қосады. «Қаңтар қасіреті» атты өлеңінде «Төңкерсе де, әлемді, түк болмайды, Азат туы тұрғанда аспанымда!» деген үміт отын жағады.

 

Қаңтар қасіреті

 

Қаңтар бесі, қан болған қатқан мұз, қар,
Бейбіт халық, десе де, -атпаңыздар!
Санарлықтай саусақпен әр қазақтың,
Жүрегіне бүгінде, батқан сыз бар!

 

Жоқшылықтың там-тұмдап, у-ын ішкен,
Өліп жатыр, тіл қатқан ұлы күшпен.
Жақынынан айрылған қаншама жан
Жүр үміттің соңында, тынып іштен.

 

Ел қырғаннан не олжа ұттырады?
Қара қаннан жанарға, шық тұнады.
Жаңа қазақ, өткенді оңалта ма?
Сенімім де, алдардай боп тұрады!

 

Бағалаған Алладан қауіпті жан,
Есеп үшін, болып жүр алып қыран!
Көк таспадан көрінген ел жанашыр…
Арғы беті қып-қызыл сауық-думан!

 

Бақ үстіне, сор неге жайып қонған?
Құндылығы ұлтымның ғайып болған.
Таза сынды харамдар толып кетті,
Аты затқа, сай еді лайықталған!

 

Қырғын еште болмаған, қас қағымда,
Не жатқаны белгілі астарында…!
Төңкерсе де, әлемді, түк болмайды,
Азат туы тұрғанда аспанымда!

Гүлім Сатыбалды

 

 

Дайындаған

Ақбота Мұсабекқызы