Фото: Полиция
Бүгін таңғы сағат 06:00-де Семей қаласында, Ертіс өзенінің жанындағы Бейбітшілік аралында жеңіл автокөлік бетон қоршауға соқтығысып, өзенге құлап кетті, деп хабарлайды Ult.kz.
ТЖМ мәліметіне сәйкес апат кезінде салонда 4 адам болған. Жолаушылардың бірі көліктен өздігінен шығып, жағаға жүзіп жеткен. Оған медициналық көмек қажет болған жоқ.
Оқиға туралы хабарлама келіп түскеннен кейін бірден оқиға орнына ТЖМ қызметкерлері барып, іздестіру-құтқару жұмыстарын бастап кетті. Сағат 09:00-де іздеу тобы бір қайтыс болған адамның денесін тауып, судан алып шықты. Ол одан әрі тергеу әрекеттерін жүргізу үшін полиция органдарына берілді.
Қазіргі уақытта құтқару операциясына: 55 құтқарушы, 5 жүзу құралы, 2 ұшқышсыз ұшу аппараты, су асты іздеуге арналған эхолот, 10 техника жұмылдырылған.
Операцияны күшейту үшін қосымша Қасым Қайсенов атындағы 68303 әскери бөлімнен ҚР ТЖМ әскери қызметшілері тартылды, сондай-ақ Шығыс Қазақстан облысынан құтқару бөлімшелері келеді.
ТЖМ қызметтері оқиға орнында жұмыс істеп жатыр.