06 қаң, 2025 сағат 18:21

Алматыда Ілияс Есенберлиннің 110 жылдығына арналған көрме ашылды

Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

ҚР Ұлттық кітапханасында белгілі қазақ жазушысы, Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Ілияс Есенберлиннің 110 жылдығына арналған «Ұлттық рухтың шырағы» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.

Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, көрме мақсаты – Ілияс Есенберлиннің шығармашылық мұрасын дәріптеу, жазушының қазақ әдебиетінің дамуына қосқан үлесін оқырмандарға таныстыру.

Көрмеге Ұлттық кітапхана қорынан 200 басылым, соның ішінде 150 кітап, 50 журнал қойылған. 
Кітап көрмесі үш бөлімнен тұрады. 

«Ұлы даланың даңқты ұлы» атты бірінші бөлімде жазушының өмірі мен қызметі туралы материалдар: энциклопедиялар, библиографиялық анықтамалар мен әдебиеттер ұсынылған.

«Тарихи роман табиғаты» атты екінші бөлімде І.Есенберлиннің шығармалары, соның ішінде 10 томдық шығармалар жинағы, «Сұлтан», «Айша», «Адамгершілік жыры», «Ғашықтар», «Көшпенділер» трилогиясы ұсынылған.

«Халық жүрегіндегі қаламгер» атты үшінші бөлімде І.Есенберлиннің шығармашылығы туралы Қазақстанның белгілі жазушыларының естеліктері, әдебиеттанушылардың еңбектері қойылған.

Көрме 2025 жылдың 3 сәуіріне дейін жалғасады.