Қабылданатын заңдардың шамамен жартысына түзетулер мен өзгерістер енгізу – бұл заңнамамыздың тұрақсыздығының көрсеткіші. Бұл туралы Сенаттың жалпы отырысында депутат Қанатбек Сафинов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Парламент алдындағы аса маңызды екі міндет – сапалы заң қабылдау және қоғамның өзекті мәселелерін шешу. Мұны Президент айқындады. Қандай заңды сапалы деп атауға болады? Бұл - бір жағынан әлеуметтік қажеттіліктерге тиімді жауап беретін, ал екінші жағынан дұрыс дайындалған және ресімделген заң. Заң жобасын әзірлеушілер әлеуметтік бағыт және олардың тиімділігі мәселелерін елемей, заңды ресімдеу мен дайындаудың формальды-құқықтық жағына басты назар аударды», - деді ол «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне нормашығармашылықты жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда қарау барысында.
Оның айтуынша, құқық қолдану практикасын талдау тұрақсыз заңдардың көп саны, көптеген өзгерістер мен толықтырулар, дайындалатын заң жобаларының көпшілігінің қабылданатын нормаларының нақты болжамдарының болмауы сияқты проблемаларды көрсетеді.
Мұның бәрі қарама-қайшылықтарға, құқықтық қателіктерге, сот дауларына әкеледі.
«Сенат өткен жылы 110 заң жобасын қарап, қабылдады. Бірақ бесінші және алтыншы сессиялар ішінде 18 заң жобасы қайтарылды. Жалпы Қазақстан Республикасында 2,5 мыңнан астам заң қабылданды. Олардың 301-і дербес, 90 пайызы өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заңдар және ратификацияланған халықаралық шарттар. Тек қолданыстағы нормативтік құқықтық актілердің саны 51 мыңнан астам. Заңдар мен заңға тәуелді актілердің көптігі – барлық қоғамдық қатынастарды нормативтік реттеудің көрсеткіші және көбінесе мемлекеттік органдар үшін жаңа функциялар құруға және олардың аппаратын үлкеюіне әкеледі. Бұл мемлекеттік қызметкерлер үшін де, кәсіпкерлер үшін де кең шектеулер мен тыйымдарға әкеп соғады», - деді сенатор.
Қанатбек Сафиновтың атап өтуінше, қабылданатын заңдардың шамамен жартысына түзетулер мен өзгерістер енгізу – бұл заңнамамыздың тұрақсыздығының көрсеткіші.
«Өзгеріс енгізілмеген заң қалмады. Мен заң жобасында осы заңдардың көптігін және олардың тұрақты өзгерістерін тоқтатуға бағытталған тиімді тосқауыл таппадым! Алайда заңнамалық техникада мұндай құралдар мен әдістер белгілі», - деді ол.