16 қар, 2018 сағат 21:47

Қанат Айтбаев ресейлік жобаларға шақырту жайлы: Димаш бір елмен шектеліп қалмайды

Әнші Димаш Құдайбергеннің әкесі Қанат Айтбаев ұлының ресейлік жобаларға шақыртылуы жайлы жаңалықтармен бөлісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Димаштың концертіне әлемнің 45 елінен меймандар келе жатыр. Сондықтан, концерттегі көрермендердің дені ағылшын тілді ғана болмасы анық. Концертке әлемнің түкпір-түкпірінен қызығушылық танытып отырғандар бар», - деді Қанат Айтбаев Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлымен кездесу барысында.

Қанат Айтбаев атап өткендей, Димаштың әлемдік туры былтыр 27 маусымда Астанада «Бастау» деген концерттен басталған. Осыдан кейін гастроль Қытайда жалғасып, Чанша, Фуджоу, Шенжен қалаларындағы стадиондарда Димаштың сәтті концерттері өткен.

«Мәскеуден де келесі жылға ұсыныс келді. Тек тур ұйымдастырып қана қоймай, әртүрлі публикаға өзіне сай бейімделе өнер көрсетсек дейміз. Өздеріңіз білетіндей, қазіргі таңда Димаш бірнеше тілде ән айтады. Себебі, концерт өтетін әрбір публиканы сыйлау керек. Сондықтан, бұл жұмыс зор дайындық пен уақытты талап етеді», - деді Қанат Айтбаев.

Әншінің әкесі концерттердің өткізілуіне Мәдениет және спорт министрлігі тарапынан көп қолдау көрсетіліп жатқанын тілге тиек етті.

«Қазақ айтпақшы, «жаяудың шаңы, жалғыздың үні шықпайды». Көп болып, ел болып көтерген жүк жеңіл. Осы жерде қаншама жанкүйер мен тыңдарман бар, ел-жұрт бар, елдің басшылығы бар - қолдау жасап жатқаннан кейін осындай жетістіктерге жетіп жатырмыз. Амандық болса алдағы уақытта түсіп жатқан хаттардың негізінде Алматы немесе Астана қалаларында концерт жасасақ деген ой бар. Оның бәрі жүзеге асады», - деді Қанат Айтбаев.

Ол сонымен қатар, мәдениет саласында мемлекетаралық байланыстар болып жатқанын атап өтті.

«Осыған байланысты «АРС» компаниясының басшысы Игорь Яковлевичтен (Крутой - авт.) әртүрлі мәдени алмасу жөнінде, өздеріңіз айтқандай «Песня года» секілді жобаларға қатысу туралы біздің министрлікке көптеген хаттар келген екен. Соның негізінде амандық болса, шығармашылық байланыстарымыз жалғасатын болады. Кейбір адамдар: «Димаш тек бір елге тәуелді болып қалып қоя ма?» деп сұрақ қояды. Мәселе олай емес. Қазақтың өнері қай жерде сұранысқа ие - сол жердің барлығында да көрсетілуі тиіс деп есептейміз. Қандай елден қызығушылық түсіп, қай елден шақыру түседі - сол елдің ең әдемі бағдарламаларына қатысу біздің ойымызда бар. Сол секілді тек Ресей емес, Ұлыбритания емес, көптеген мемлекеттердің көптеген телеарналарының, концерттік ұжымдарының шақыруымен бірлескен жобалар жүзеге асатынын айта кеткім келеді», - деді Қанат Айтбаев.

Еске сала кетсек, бүгін ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Қанат Айтбаевпен және Димаш Құдайбергенмен кездесіп, 19 қарашада өтетін концерттің мән-жайын талқылаған болатын. Әншінің әкесінің айтуынша, Димаш Лондондағы концертте әндерінің 60 пайызын қазақ тілінде шырқайды.