Канадада бір апта бойы күн қатты ысып, соның салдарынан шамамен 500 адам қайтыс болды.
Билік шыжыған күннен зардап шеккендер бұдан да көп болуы мүмкін деп отыр.
Ванкувер (Британ Колумбиясы провинциясындағы ірі қала) қаласында ғана жұма күні 130 адам ыстық өтіп қайтыс болған. Қаза болғандардың дені қарт кісілер, созылмалы ауруы барлар.
Провинцияда ауа температурасы төрт күн бойы көтерілген, сейсенбі күні Литтон қаласында 49,5 градус ыстық тіркелген.
Провинциядағы төтенше жағдайға байланысты көптеген мекеме, соның ішінде мектептер мен бала бақшалар уақытша жабылды. Жергілікті билік уақытша бұрқақтар орналастырып, көшелерге су септі. Салқындауға арналған орталықтар ашылды. Қаладағы бұрқақтар тәулік бойы жұмыс істеп тұр.
АҚШ-тың солтүстік-батыс жағалауларында да күн қатты ысыды.Портленд (Орегон штаты) пен Сиэтлде (Вашингтон штаты) ауа температурасы 46 градусты көрсетті.
Ыстықтан қашқан тұрғындардың кейбірі жер асты гараждарына түсіп, тіпті автокөлік салқындатқышының көмегімен жан сақтауға мәжбүр. Орегон штатында аптап ыстықтан 60-тан астам адам қайтыс болса, Вашингтонда оннан астам адам қайтты.