18 қыр, 2017 сағат 13:00

Камал Бұрханов: Қазақстан мен Өзбекстан бірін-бірі толықтырып отырады

Бір жылға жетпейтін уақыт ішінде Өзбекстан мен Қазақстанның экономикалық қарым-қатынасы 35 пайызға өскен. Бұл өте жоғары көрсеткіш, - дейді екі елдің тығыз қарым-қатынасы жайлы айтқан саясаттанушы Камал Бұрханов. Бұл туралы baq.kz сайты жазды.

«Өзбекстан мен Қазақстан Орта Азиядағы ең үлкен іргелес екі мемлекет қана емес, туысқан ұлт ретінде қатар дамып келеді. Екі елдің экономикасы бәсекелес емес, бірін-бірі толықтырады деп есептеймін», - деген саясаттанушы Жібек жолының бойындағы екі елдің болашақтағы қарым-қатынасы тіпті де нығая түсетініне сенімді.

Камал Низамұлы екі ел инвестициясына Өзбекстандағы 1 жарым млн қазақ пен елімізде өмір сүретін 400 мың өзбек ағайынның үлесі бар екенін айтты.

«Елбасының бұрынғы Президент Ислам Кәрімовпен қарым-қатынасы өте жақсы болды. Басқаны айтпағанда, Елбасымыз бір жылға жетпейтін уақыт ішінде қазіргі Президент Шавкат Мирзиёевпен 5 рет кездескен. Сол кездесулерде қаншама құжаттарға қол қойылды. Осы аз уақыт ішінде екі ел арасындағы экономикалық қарым-қатынас 35 пайызға ұлғайыпты. Енді екі мемлекет сауда-саттық қатынасын 5 млрд АҚШ долларына жеткізуді көздеп отыр. Өзбекстанда 1 жарым млн қандасымыз тұрса, біздің елде 400 мың өзбек ағайын өмір сүріп отыр. Олардың барыс-келісінің өзі қаншама инвестицияны елге тартып жатыр. Біз үшін орта ғасырда Жібек жолы арқылы қалыптасқан сауда қарым-қатынасын дамытуға үлкен мүмкіндіктер бар», - деді Камал Бұрханов.