Өткен жылы мен биыл еліміздегі коронавирус пандемиясы елдегі іскерлік белсенділікке және жалпы ҚР экономикасына кері әсерін тигізді. Әсіресе, елдегі шағын және орта бизнестің тұралап қалуы жағдайды қиындата түсті. Мәселен, ресторан ісіндегі кәсіпкер Хасен Айтбаевтың шағын асхана ісін жүргізгенімен, көпшілік қабылдайтын орта дейгейдегі мейрамханасын уақытша жабуына тура келген. Осы орайда қолдау шаралары экономиканың ең көп зардап шеккен салаларында ШОК банктік қарыздарын жеңілдікті шарттармен қайта қаржыландыруды қарастырады, - деп хабарлайды «Ұлт ақпарат».
Жоғарыда атаған кәсіпкер Хасен Айтбаев карантин салдарынан мейрамханасын уақытша жауып, шағын асханасының жұмысын жүргізуге мәжбүр болған. Соның салдарынан кәсіпкердің 40-қа жуық қызметкері жұмыссыз қалыпты.
«Елдегі жағдай тұрақтанғанша осылай істеуге мәжбүр болдым. Дегенмен жұмыссыз қалған қызметкерлеріме алаңдаймын. Жағдай тұрақтанғанда дәл сондай өз ісінің мамандарын таба аламын ба, белгісіз. Дегенмен осы кәсіпті жүргізу үшін алған несиелерім де жағдайды шамалы қиындатып тұр. Дегенмен, экономика минис трлігі мен екінші деңгейлі банктер тарапынан кәсіпкерлерге кәдімгідей қолдау болады деп үміттенемін», - деді кәсіпкер өз сөзінде.
Осы орайда, айта кетейік, 2021 жылы 7 сәуірде Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев экономиканың неғұрлым көп зардап шеккен секторларында салықтық ынталандыру және кәсіпкерлердің кредиттері бойынша борыштық жүктемені төмендету жөнінде қосымша қолдау шаралары қабылданатыны туралы мәлімдеді. Министрдің айтуынша, ШОК банктік қарыздарын жеңілдікті шарттармен қайта қаржыландыруды қарастырады. Зардап шеккен салалардағы кәсіпкерлер тобының тізіміне ЭҚЖЖ жаңадан 145 түрі (29-дан 174-ке дейін) қосылды. Бұл 2,2 мың бизнес субъектісін қосымша қолдауға мүмкіндік береді.
«Жасыратыны жоқ, өткен жылы қаңтар-желтоқсанда шағын және орта кәсіпкерлік (ШОК) субъектілерінің өнім шығаруы 5,4% төмендеп, 32,7 трлн теңгені құрады. Ал ШОК-та жұмыспен қамтылғандардың жалпы саны бір жылда 2,3% қысқарды. Ал жыл соңына қарай бұл секторда 3,4 млн адам жұмыспен қамтылды. Шағын және орта кәсіпкерлікке келтірілген залалды азайту үшін мемлекет қаржылай да, қаржылай емес те қолдау көрсетіп бақты», - деді экономика министрі Әсет Ерғалиев.
Осы орайда айта кетейік, еліміздегі кәсіпкерлікке қатысты «Бизнестің жол картасы — 2025 бағдарламасы» мен «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы жұмыс істейді. Кәсіпкерлерді үнемі қолдаудан танбайтын «Атамекен» ҰКП биыл 50 мыңнан астам кәсіпкерге қосымша қолдау шараларына қажеттілік туралы сауалнама жүргізді. Сауалнама нәтижелерінің негізінде Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі 4 бағыт: бизнеске жүктемені азайту, қаржыландыруға, сұраныс нарықтарына және сапалы адам ресурстарына қолжетімділікті кеңейту бойынша 24 шарадан тұратын қосымша пакет жасады.
«Біз үшін түрлі бағдарламалардың жұмыс істейтінін жақсы білеміз. Мәселен, «Бизнестің жол картасы — 2025 бағдарламасы» бойынша ШОК субъектілері үшін субсидиялау мерзімі 5 жылға, кредит мөлшері 7 млрд теңгеге дейін ұлғайтылып, салалық шектеулер алып тасталды. Жалпы, 2020 жылы «Бизнестің жол картасы — 2025 бағдарламасы» мемлекеттік бағдарламасы аясында 1 трлн теңге сомасына ШОК субъектілерінің 18,9 мың жобасы субсидияланды және кепілдендірілді. Бұл біздің кәсібіміз үшін өте қолайлы жағдайлар болып отыр. Елдегі пандемия жағдайында кәсіпкерлікті реттеу мәселелері осылай шешіле бастайды деп ойлаймын», - деді кәсіпкер Х.Айтбаев.
Сонымен қатар, «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша кредиттеудің жалпы көлемі 1 трлн теңгеге дейін, субсидиялау мерзімі — 10 жылға дейін ұлғайтылған. Сондай-ақ, кәсіпкерлер мүлік салығын төлеуден босату қамтамасыз етілді. Жеке кәсіпкерлер жеке табыс салығынан босатылды. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге жер салығынан босатылып, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын сату және импорттау үшін ҚҚС ставкалары 12%-дан 8%-ға дейін төмендетілді.
Естеріңізге сала кетейік, Өткен жылы мен биыл еліміздегі коронавирус пандемиясы елдегі іскерлік белсенділікке және жалпы ҚР экономикасына кері әсерін тигізді. Әсіресе, елдегі шағын және орта бизнестің тұралап қалуы жағдайды қиындата түсті. 2021 жылы 7 сәуірде Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев экономиканың неғұрлым көп зардап шеккен секторларында салықтық ынталандыру және кәсіпкерлердің кредиттері бойынша борыштық жүктемені төмендету жөнінде қосымша қолдау шаралары қабылданатыны туралы мәлімдеді. Министрдің айтуынша, ШОК банктік қарыздарын жеңілдікті шарттармен қайта қаржыландыруды қарастырады.