
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы кадр резервін іріктеудің алғашқы кезеңін өткізді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы жобаның басталғаны жөнінде 1 наурызда жариялаған болатын. Ниет білдірушілер 12 күн ішінде сайтта тіркеліп, біліктілігі туралы құжаттарды тапсыруы қажет болды. Нәтижесінде кадр резервіне қатысуға 1650 қазақстандық өтінім берді.
«Тестілеудің бірінші кезеңінен 1246 адам өтті, үміткерлер логикалық тестілеудің 78 сұрағына жауап берді. Келесі кезеңге сауалдардың 30% дұрыс жауап берген 1067 үміткер жіберілді», - деді мемкорпорациядан.
Жобаға тіркелгендердің арасында Нұр-Сұлтан қаласы мен Алматы облысының тұрғындары басым (25% астам). Ең аз өтінім Павлодар облысынан келіп түскен.
Дарындылар пулына қатысушылардың 8% астамында 10 жылдан астам жұмыс өтілі бар. Іріктеудің бірінші кезеңінен өткен үміткерлердің қорытынды тізімі talent.gov4c.kz сайтында жарияланған.
Тестілеудің екінші кезеңінде үміткерлердің Қазақстан Республикасының заңнамасы бойынша білімі тексеріледі. Қатысушылар ҚР Конституциясы, «Мемлекеттік қызметтер туралы», «Дербес деректер туралы», «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы», «Жеке және заңды тұлғалардың өтініштері туралы» және «Акционерлік қоғамдар туралы» заңдар бойынша 1,5 сағат ішінде 90 сұраққа жауап беруі қажет.
Тестілеуден кейін қорытынды кезеңге өткен үміткерлер мемлекеттік және қоғам қайраткерлерінен, HR-сарапшыларынан және мемлекеттік корпорацияның Басқарма мүшелерінен құралған сарапшылық кеңес мүшелерімен әңгімелесуден өтеді. Жоғары балл жинаған және әңгімелесу кезеңінен сәтті өткен үміткерлер кейіннен тиісті бос лауазымдарға тағайындау үшін дарындылар пулына қабылданады.
