26 нау, 2018 сағат 13:53

Қабдеш Жұмаділов. "Сонымен, «Біржан - Сара» айтысын шығарған кім?.."

Бұл тақырыпқа алғаш көзi түскен адам: «Әлдеқашан болары болып, бояуы сiңген мәселенi неге жаңғыртып отыр?» деп таңданып қалуы да ғажап емес. Бiрақ оған таң қалатын не бар, бiз бұл күнде нелердi қайта қарамай жатырмыз?! Аттап бассаң алдыңнан «ақ таңдақ» шығады. Басы аяғына келiп, төңкерiлiп жатқан дүниеге кезiгесiң. Баяғыда мал көрмеген бiреу түйеден: «мойның неге қисық?» деп сұрапты ғой. Сонда Ойсылқара әулетi: «өзiң дұрыстап қарашы, осы менiң түзу жерiм бар ма?» деп жауап берген екен. Дәл осы сөздi Кеңес дәуiрiндегi тарих пен әдебиеттану ғылымына да айтуға болар едi. Әсiресе, әдебиетте қайта таразылауды, түзетудi тiлейтiн, әлi күнге дейiн өз шешiмiн таппай келе жатқан нәрселер аз емес. Осындай, кезiнде терiс таңылып, қисық бiткен мәселенiң бiрi –  «Бiржан-Сара» айтысы.

Кейде басы ашық нәрсенiң өзiнен дау тудыратын әдетiмiз бар. Әйтпесе, осы «Бiржан-Сара» айтысы туралы шындыққа көз жеткiзу үшiн асқан ғұлама болудың қажетi шамалы. Әдебиеттен азды-көптi хабары бар, көзқарақты адам «айтысты» асықпай зер салып оқып шықса, оның әртүрлi сарындағы екi ақынның асығыста ала-құла айтылатын сөз қағысы емес, көп дайындықтан, ұзақ толғаныстан кейiн, бiр тыныс, бiр стильде қағазға түскен, бiр ғана ақынның тұтас туындысы екенiне шәк келтiрмейдi. Бiрақ, соған қарамастан, қырқыншы, елуiншi жылдары әдеби қауым арасында: «Бiржан мен Сара айтысты ма, айтыспаса ол жырды кiм шығарды?» деген мәселе төңiрегiнде ұзақ-сонар пiкiр таласы болғаны есiмiзде. Рас, ол кезде де тарихта ондай кездесудiң болмағанын, «айтысты» Бiржан мен Сараның атынан Әрiп Тәңiрбергенов шығарғанын дәлелдеп айтқандар болмады емес, болды. Бiрақ өтiрiктiң тасы өрге домалап тұрған заманда шын сөзге ешкiм құлақ аспады. Бiреулер: «Бiржан мен Сара пәленбайыншы жылы Жетiсу жерiнде кездесiп, айтысыпты» деген мифтi қолдан жасап алды да, жырды шығарған авторды өз еңбегiнен бөлiп тастады. Сөйтiп, әдеби өмiрде көпе-көрiнеу тағы бiр қиянатқа жол берiлдi.

Өз басым әдебиетке араласқалы «Бiржан-Сара» айтысын бiр адам шығарғанына және оның авторы басқа емес, Әрiп Тәңiрбергенов екенiне бiр сәт күмәнданған емеспiн. Кезiнде бұл айтыс Әсеттiң, тағы басқа ақындардың жырлауында шекара асып, Шыңжаң қазақтарына да жеткен. Ол жақтағы жұрт «Бiржан-Сараны» тек Әрiп шығармасы ретiнде таниды. Өйткенi, 1884-1887 жылдар аралығында Шәуешектегi Ресей консулы Николай Балкашинге тiлмаш боп қызмет атқарған Әрiптi бұл өлкенiң адамдары жақсы бiледi. Әрiп өмiрiнiң осы бiр кезеңi менiң «Тағдыр» атты романымда бiршама сипатталған. Осыдан жетi-сегiз жыл бұрын жарық көрген сол кiтапта «Бiржан-Сара» Әрiптiң шығармасы екенi ашық жазылған. Осы мәселеге қайта бiр оралып, жұртшылық назарын аударуға көптен мұрша болмай жүрушi едi. Бұл жолы сәтi түсiп, қолға қалам алуыма мына жағдай себеп болды.

Ұлы Абайдың 150 жылдық мерейтойы қарсаңында белгiлi ғалым Қайым Мұхаметхановтың «Абайдың ақын шәкiрттерi» атты үш кiтаптан тұратын зерттеу еңбегi басылып шықты. Кешiгiп жарық көргенi болмаса, бұл Қайым ағамыздың жарты ғасырдан берi үздiксiз зерттеп келе жатқан төл тақырыбы. «Бейнет түбi – зейнет» деген рас екен. Бiр кезде «Алашордашыларды дәрiптегенi» үшiн талай таяқ жеп, қуғын көрген ғалымның сол еңбегi қазiр Абайтануға қосылған үлкен үлес, тың жаңалық болып отыр. Бұл кiтаптарда Абайдың өз ұрпақтары: Ақылбай, Мағауия, Тұрағұл, Кәкiтай, Әубәкiр шығармалары, Абайдың ақын шәкiрттерi: Әрiп, Көкбай, Әсет, Уәйiс, Мұқа мұралары жан-жақты талданып, олардың бұрын еш жерде жарияланбаған жыр-дастандарына мол орын берiлген. Үшiншi кiтаптың тең жарымы Әрiп Тәңiрбергенов өмiрiне арналған десе де болғандай. Бiз бұл сапар Мұхаметханов еңбектерiн тұтастай талдап, саралауды әдебиетшiлердiң үлесiне қалдырып, ғалымның тек Әрiп шығармаларына, оның iшiнде өзiмiзге қозғау салған «Бiржан-Сара» айтысына қатысты пiкiрлерiне ғана тоқталамыз.

Зерттеушi бұл еңбегiнде бүгiнге дейiн өз бағасын ала алмай келе жатқан Әрiптiң ақындық өнерiне жан-жақты талдау жасап, оның Абай шәкiрттерiнiң iшiндегi ең көрнектiсi болғанына нақты деректер келтiредi. Әрiп – жай талант иесi ғана емес, мұсылман медресесiнде оқыған, сонан соң Семей қаласындағы училищенi орысша үздiк бiтiрген, өз заманының аса бiлiмдi адамы. Ол араб, парсы, орыс, қытай тiлдерiн жетiк меңгерген кiсi. Абай өлген соң арттағы жас қауым ендiгi жерде Әрiптi ұстаз тұтқанын көремiз. 1924-жылы Әрiп қайтыс болғанда, оның шәкiрттерi көптеген жоқтау өлеңдерiн шығарып, ақын есiмiн құрметпен еске алады. Медреседе Әрiптен тiкелей дәрiс алған Шұғыбан Қауметов:

Абайдың iзiн басқан данышпаным,

Аянбай надандықпен алысқаным,

Орыс, қытай, арабтың тiлiн бiлiп,

Ғылымның шыңына өрлеп ғарыштадың, –

деп жоқтаса, сол кезде жиырмадан жаңа асқан жас перi Шәкiр Әбенов:

Шөктiң бе, бес Байыстың шөңгел нары,

Қайғыңа ортақ болды жас пен кәрi.

Ғылымнан он екi пән хабардар боп,

Кеудеңе түсiп едi күн дидары.

Өнерге қолың создың бала жастан,

Қорытқан құрыштай боп қара тастан.

Батыс пенен шығысқа қанат жайып,

Бүркеген надандықтың бетiн ашқан, –

деп көсiлген екен.

Мұхаметханов, осылайша, Әрiптiң өзге ақындардан мойны озық, өте дарынды, бiлiмдар адам болғанын жан-жақты сипаттай келiп, «Бiржан-Сара» айтысына тоқталады да, оны басқа емес, Әрiп шығарғанына бұлтартпас дәлелдер келтiредi. Жалпы, Бiржан мен Сара Жетiсу өңiрiнде жолығып, айтысты дейтiндер тарихи фактiлердi белiнен басып, ғылымға көрнеу зорлық жасағаны болмаса, екi ақынның жас мөлшерi, өмiр сүрген жылдарының өзi-ақ бұл жорамалды жоққа шығарады.

Мәселен, Бiржанның туған, өлген жылдары туралы кезiнде С.Мұқанов, Қ.Жұмалиев, А.Жұбанов, Е.Ысмаилов сияқты ғалымдар түрлiше пiкiр айтып келгенiмен, ең соңында зерттеушiлер: Бiржан 1834-жылы туып, 1897-жылы 63 жасында қайтыс болды деген ортақ түйiнге тоқтағаны мәлiм. Ал, ақын Сараға келсек, қазақ энциклопедиясының оныншы томында: «Сара Тастанбекқызы 1878-жылы туып, 1916-жылы 38 жасында қайтыс болды» деп ап-анық жазылған. Әзiрше бұл фактiге күмән келтiрген ешкiм жоқ. Осыған орай, Талдықорған жұртшылығы 1978-жылы Сараның 100 жылдығын, 1993-жылы 115-жылдығын атап өттi.

Ал айтыстың өз тексiне жүгiнсек, ақындар кездескенде, Бiржан 37 жаста («Екi жыл отыз беске келгенiме»), Сара он жетiде («Сол кезде он жетiде ақын Сара»). Бiржанның жасымен есептесек, екеуi 1871-жылы (1834 + 37 = 1871) кездескен болады. Ал Сараның жасы бойынша, айтыстың өткен мерзiмi 1895-жылға (1878 + 17= 1895) тура келедi. Бiрақ бұл екi жоба да айтыстың болғанын терiске шығарады. Өйткенi айтыс 1871-жылы болды дейiн десең, ол кезде Сара әлi жарық дүниеге келмеген. Ал, 1895-жылға тоқтайын десең, Бiржан ол кезде 37 емес, 61 де. Сонау Көкшетаудан Жетiсуға Сараны iздеп келiп айтыспақ түгiл, соңғы бiрнеше жылда ауыр науқасқа шалдығып, «бiлегiне арқан батып» жатқан кезi. Бұл туралы Бiржанның өзi:

Саясы кем болады қу қайыңның,

Жiгiтке керегi не уайымның.

Келгенде алпыс жасқа қонды «қонақ»,

Бiлмеймiн не қыларын құдайымның, –

деп анықтап айтып кеткен. «Бiржан мен Сара айтысқан» деп тiзеге салушылар жан-жақты терең зерттеуге бармаса да, тым құрыса жоғарыда келтiрiлген қарапайым арифметикаға жүгiнбегенiне таң қаласың. Зерттеушiлер Әрiпке қырын келiп отырған заман ауқымын байқаған да, «айтыс болды» деп қаулы шығара салған.

Тегiнде, Бiржан сал өзiнiң ән-өлеңдерi мен кейбiр көңiл күй толғауларын шығарғаны болмаса, эпикалық үлкен дүниелер жазбаған, аламан айтыстарға қатыспаған адам ғой. Сара да солай. Егер ақын Сара он жетi жасында Бiржанмен тiресiп, анадай ғажайып жыр тудырған болса, сонан кейiн де сол теңдес талай айтысқа қатысар едi ғой. Алайда ол кездегi тiзгiн ұстаушылар мұндай жәйттерге назар аудармаған. Ал Әрiп болса – айтысқа келгенде шашасына шаң жұқпас нағыз жүйрiктiң өзi. Ол айтыс өлеңдерiн қолма-қол суырып салып та, жазып та шығарған. Әрiптiң өмiр бойы Көкбаймен, Әсетпен сөз қағысып өткенi, Боранбай, Қуанышбай сияқты ақындармен жазып айтысқаны белгiлi. Ал оның айтыс түрiнде жазылған «Тәуке-Ұрқия» дастаны стиль, сөз қолданысы, ру намысын көтермелеуi жағынан «Бiржан-Сараға» сондай ұқсас. Бiрақ бұл шығармаларды ешкiм де салыстырып жатпаған.

Байыптап қараған кiсiге, «Бiржан-Сараның» сюжеттiк құрылысының өзiнен-ақ шығарманы айтыскерлер емес, үшiншi бiр адамның жазғаны ап-анық көрiнiп тұр. Автор ең алдымен айтыстыратын ақындарын былайша таныстырып алады.

Қызы екен ақын Сара Тастанбектiң,

Жақыны заты Найман Есiмбектiң.

Сауық қып Садыр, Матай жиылысып,

Ауылына алдырыпты Тұрысбектiң.

Аулына Тұрысбектiң Сара кептi,

өлеңдi жүндей сабап дүрiлдеттi.

Сол кезде он жетiде ақын Сара,

Жел сөзге адам болмас одан ептi, –

деп Сараны көкке көтере дәрiптеп, көз алдыңнан өткiзсе, одан ары:

Сараның атын бiлген Арғын, Найман,

Шыққан жүйрiк Аталық, Қаптағайдан.

Баласы Қожағұлдың серi Бiржан,

Сараны iздеп кептi әлдеқайдан, –

дей келiп, Бiржанның қасындағы оншақты жолдасымен Сараның елiне қалай жеткенi, екеуiнiң Тұрысбек қажының ауылында қалай кездескенi баяндалды. Кәдiмгi қисса-дастандарда ұшырасатын авторлық баяндау. Бұл –әсiлi, Әрiп және Әсет сияқты дастаншыл ақындарға тән қасиет.

Сонан соң, Бiржанның руы Керей бола тұра, оның Арғын атынан сөйлейтiнi, Сараның руы Матай бола тұра, оқиғаға тiкелей қатысатын Маман, Тұрысбек, Есiмбектерден басқа өз руының бiрде-бiр адамын ауызға алмай, кiлең Әрiппен рулас Қаракерейден шыққан тұлғаларды мақтайтыны да көңiлде көп сұрақтар туғызса керек едi. Бiрақ, амал не, мұндай маңызды жайларды ескеруге де ол кездегi адамдардың мойны жар бермеген.

Олай болатыны, бiзде соңғы кезге дейiн мынадай бiр қатып қалған ұғым белең алып келдi. Айтыс десе болғаны, оны мiндеттi түрде екi ақынның топ алдында қолма-қол суырып салып айтқаны деп түсiнiп келдiк. Егер Бiржан мен Сара кездеспесе, бұл айтыс қайдан шықты дедiк те, екеуiн қалайда жолықтырудың амалын қарастырдық. «Бiржан-Сара» секiлдi терең мазмұнды, әрi соншалық көркем, айшықты теңеу, эпитеттерi мол, көп адамдардың есiмi аталатын көлемдi дүниенiң табан астында шықпайтыны, тiптi солай айтылады деген күннiң өзiнде, оны қаз-қалпында есте сақтау мүмкiн еместiгi ешкiмдi ойландырмаған. «Ақындар кей шығармасын «айтыс» түрiнде жазуы да мүмкiн-ау!» деген ой бiреуiнiң қаперiне кiрсешi! Кейiнгi жастар болса бiрсәрi, сол кездегi аға ұрпақтың күнi кеше өздерi жаттап өскен Ахмет Байтұрсыновқа жүгiнбегенi өкiнiштi-ақ. Олар қорықса, Ахаңның атын атамай-ақ қойсын, бiрақ оның «Әдебиет танытқыш» кiтабындағы мына пiкiрiмен санасуға болар едi ғой. Ахаң онда былай дейдi:

«Айтыс бастапқы кезде шын мәнiнде екi ақынның айтысқаны болса да, соңғы кезде ақындар айтысты өз жанынан шығаратын болған. Яғни екi ақынның айтысқаны қылып, екi жағының да сөзiн өзi шығаратын болған. Сөйтiп, «айтыс» шын айтыс емес, тек шығарманың түрi болуға айналды. Адамның, елдiң, яки бүкiл жұрттың келiссiз iстерiн, мiнездерiн, пиғылын айтқысы келсе, ақындар өз атынан айтпай, айтысқан ақындардың сөзi қылып шығаратын болған» дептi ұлы ғұлама. Бұл сөздер тура «Бiржан-Сараға» қаратып айтылғандай. Соған қарағанда, Ахаң бұл айтыстың қалай туғанын, жазылу мәнiсiн жақсы бiлгенiнде күмән жоқ.

Зерттеушi Мұхаметхановтың «Бiржан-Сара» айтысының қашан шыққаны және не себептi жазылғаны жайында келтiрген дәлелдерi де талас тудырмайды. Айтыс 1890-жылдар шамасында шықты деген болжамы да көңiлге қонарлық. Өйткенi, Әрiптiң «Бiржан-Сарасы» Абайдың «Мен жазбаймын өлендi ермек үшiн» деген өлеңiне жауап ретiнде, ет қызумен, iле-шала шыққан ғой. Ал Абай өлеңiнiң 1889-жылы жазылғаны белгiлi. Ендеше «Айтыстың» туған, тараған мерзiмi 1890-1891 жылдардың төңiрегi деуге әбден болады. «Екi жыл отыз беске келгенiме» деп Бiржан аузынан айтылатын «отыз бес» – бiздiңше, 1856-жылы туған Әрiптiң өз жасы. Ал, Сара бұл кезде он жетiге келiп отырса, оның туған жылы сәл ары, 1873 болуы да ғажап емес.

Ал «айтыстың» жазылу себебiне келсек, Абай жоғарыда аталған өлеңде «Мұнда жоқ алтын иек, сарыала қыз» деп, Әрiп шығармаларындағы шығыс поэзиясынан жұққан басы артық бояуларды қатаң сынаған болатын. Сол өлеңде ондай сындар Шәкәрiм мен Көкбайға да айтылған. Соңғы екеуi ащы сынды iнiлiкпен көтередi де, Әрiп оны басқаға жорып, ер-тоқымын бауырына алып шамданады. Сөйтiп, ұстаз бен шәкiрт арасына осылайша алғаш рет сызат түседi.

Әрине, мұндайда Тобықты мен Сыбан арасындағы ежелгi «iрге жаулық» та әсерiн тигiзбей қойған жоқ. Бұрыннан берi-ақ Арғын мен Найман, Тобықты мен Сыбан арасындағы бәсеке Әрiп пен Көкбайдай ақындардың сөз жарысына арқау боп келе жатса, «Бiржан-Сарада» бұл тақырып өзiнiң шырқау биiгiне жетедi... Тегiнде, Әрiп – Тобықтыға жиен, көкше Қаратайдың қарындасынан туады. Сондықтан да ол Тобықтының iшкi өмiрiн, ру арасындағы қақтығыстарды жақсы бiлген. Семейде тiлмаш болып жүргенде, Тобықтының кей iстерiне араласқан да кезi бар. Құнанбай әулетi Жiгiтектiң Базаралы, Балағаз бастатқан он жетi адамын Сiбiрге айдатқанда, Әрiптiң Жiгiтек жағында болғаны белгiлi. Базаралы айдаудан оралғанда әдейi алдынан шығып, оған арнап шығарған өлеңi де бар... «Бiржан-Сарада» Сараның аузымен айтылатын:

Ант ұрған аты құрсын Абай деген,

Жылатты мұсылманды талай неген.

Болғанда қасиеттi жақсы кiсi,

Қасқырдай өз күшiгiн қалай жеген? –

дейтiн жолдар басқа емес, жаңағы айдауға кеткен Жiгiтек кiсiлерiн меңзеп отыр. «Айтыста» Тобықты жуандары қатарында Абай атына да ащы сөздер айтылады. Мұны – Әрiптiң Абайдан бiржола безiнуi емес, ру намысына бой алдырған бiр тұсы, немесе азуы шығып қалған ақынның ұстазға жон көрсетуi деп ұғынуымыз керек.

Әрiптiң «Бiржан-Сараны» шығаруына түрткi болған бiр себеп – жоғарыда айтылғандай, ру арасындағы бәсеке болса, екiншi себеп – Сараны көкке көтере дәрiптеу, ақынның өз қолы жетпеген, сүйгенiне қосыла алмаған Сарадай арудың мұңын айтқызу екенi айдан анық. Олай дейтiнiмiз: Әрiп пен Сара – жай таныс-бiлiстер емес, бiрiн-бiрi шын сүйген ғашықтар. Әрiп Қапал уезiнде тiлмаш боп тұрғанда, Сарамен сан рет кездесiп, көңiл жарастырғаны мәлiм. Ақынның бұл кездегi жүрек сыры «Сараға» деп аталатын ұзақ толғауында шынайы көрiнiс тапқан.

Жар тұттым әуелден-ақ өзiме арнап,

Нәзiк бел, қиғаш қасты, қалам бармақ.

Жiгiтке ләзiм едi iздемегi

Ал жарға уақып едi күтiп алмақ.

Жаманға жақсы тұрып көзiн салса,

Жiгiттiң сонан едi көңiлi қалмақ.

Әншейiн анау-мынау сүймесiңдей

Жiберген емес едiң сөзбен алдап, –

деген жолдарға қарағанда, екеуi махаббат айдынында бiраз уақыт тербелген тәрiздi. Осы өлеңге жазған Сараның жауап хаты да бiздiң болжауымызды растай түседi.

Толғанып терең ойға баттым, ағай,

Бiр таңға көз iле алмай жаттым, ағай.

Жаралы жүрегiме от боп тидi,

Әр сөзi сiздiң жазған хаттың, ағай.

Сөзiм жоқ жалғыз ауыз қарсы қояр,

Әр сөзiң ем секiлдi дерттi жояр.

Қорғаған бұтағымен бәйтерек ең,

Қай жағынан болса да көңiл тояр, –

деген сөздерден Сараның да Әрiпке зор сенiм артқанын, жоғары бағалағанын көремiз. Айтпақшы, жоғарыдағы толғаудың бiр жерiнде Әрiп өзiнiң Сараға арнап кiтап жазғанын еске салады.

Жасты көз, жылаулы сөз ғарiп едiм,

Ғамкiн көз әр тарапқа жаутаңдаған.

Шығардым мен кiтап қып әзiл үшiн,

Сорлымын арманымды тауыса алмаған...

Осындағы «кiтап шығардым» деп отырғаны «Бiржан-Сара» айтысы екенi айтпаса да түсiнiктi. Бұл шығармаға Сара да үлкен мән берiп, Әрiптi өмiр бойы мақтаныш тұтқаны байқалады. Ақын апамыз «Қош бол, елiм» деген соңғы өлеңдерiнiң бiрiнде:

Дәм татқан қадiрлi елге тартып бұйрық,

Осы бiр он ауыз сөз менен сыйлық.

Хикая кiтап жазып бере алмадым,

Әрiптей болмаған соң хатқа жүйрiк, –

деген жолдарды Сара, бейне, өзi туралы кейiн талас пiкiрлер туатынын сезiп, әдейi жазғандай әсер қалдырады.

Абайдың көзi тiрiсiнде-ақ, Арқа мен Жетiсу жерiне тарап кеткен бұл «айтысты» Әрiп шығарғанына кезiнде ешкiм шүбә келтiрмеген. Бұл орайда, 1940-жылы Семейдiң «Екпiндi» газетiнде басылған Әрхам Кәкiтайұлы Ысқақовтың естелiгi көңiл аударарлықтай: «Бiржан-Сара» айтысы ерте кезде шыққан едi. Абайдың да тiрi кезi. Бұл айтысты Әрiп шығарғаны анық дескен болатын» дейдi Абайдың немере iнiсi. Тобықтыға, оның iшiнде Құнанбай әулетiне тiл тигiздi деп, бұл ел қатты дүрлiгедi. Ру намысына шапқан Тобықтының Қуанышбай деген ақыны Әрiпке өлеңмен хат жолдайды.

Әрiпке сәлем айттым үш қайтара,

Айтысты деп оттапсың Бiржан-Сара,

Басыңда байлауың жоқ бiр ант едiң,

Сайтан болып кетерсiң бара-бара, –

деп басталатын ұзақ өлеңде Әрiптiң өзiн де, елiн де жамандап, жер-жебiрiне жетедi... Әрiп те есесiн жiбермеген, Қуанышбайдың өлеңiне қолма-қол жауап қайтарған.

Елiмсiң естiмеген, сақ-тоғалақ,

Салған ба сөзге құлақ ит сұғанақ.

«Мен дадаң Қуанышбай» депсiң өзiң,

Кiм едiң сен албасты доп-домалақ? –

деп Қуанышбайды бiраз жерге апарып тастайды да, «Абайға тiл тигiздiң» деген мәселеге келгенде:

Абайды ұнасады мақтағанға,

Болат қой екi дүздi сақтағанға.

Алтынға дым тигенмен қараймайды,

Жұдырық қан артынан боқтағанға, —

деп, Абайдай асылдың анау-мынау сынға мұқалмайтынын айтады. Байқайсыз ба, ағайынның қанша өкпе-наласына қалып отырса да, Әрiп: «айтысты мен жазбадым» деп ақталмаған.

Қуанышбай ақынның жаңағы өлеңiн 1933-жылы Абайдың толық жинағына берген мақаласында Iлияс Жансүгiров те пайдаланған екен: «Бiржан сал мен Сараның айтысын өлең қылатын Найманның Әрiп тiлмашы Сараға Құнанбай ауылын жамандатады... Әрiптiң Бiржан сал мен Сараның айтысын сырттан жазып, жанынан өлең шығарғанына қарсы тобықтының Қуанышбай ақыны мынадай өлең жазыпты» деп Iлекең жоғарыдағы өлеңдi түгел келтiрген. Демек, Сараның ауылдасы, көзi тiрiсiнде онымен талай рет жүздескен, Жетiсу өңiрiндегi тарихи оқиғаларды өте жақсы бiлетiн Iлияс Жансүгiров те «Бiржан-Сара» айтысын Әрiп шығарғанына ешкүмәнданбаған.

Зерттеушi Мұхаметханов өз кiтабында Әрiптi көзiмен көрген, оның алдынан дәрiс алған, жырларын жаттап өскен бiраз ақындардың естелiктерiн келтiрiптi. Мәселен, Төлеу Көбдiков, Нұрлыбек Баймұратов, Қуат Терiбаев, Сапарғали Әлiмбетов, Шұғыбан Қауметов, Шәкiр Әбенов, Сәду Машақов сияқты ақындар «Бiржан-Сараны» өмiр бойы Әрiп шығармасы деп санап келгенiн бiрауыздан атап өткен. Олардың бәрiн тiзiп отыруға мүмкiндiк жоқ. Әйтсе де, осы тұста ұлы жырау Жамбылдың естелiгiн келтiре кеткенiмiз жөн болар.

Қайым Мұхаметханов 1940-жылы Әрiп шығармаларын кiтап қып бастыру мақсатымен Алматыға келiп, астанада бiраз уақыт аялдайды. Бiр күнi Ғали Ормановпен жолығып қалады да, бұл кiсi де Сараның ауылдасы ғой деп, «Бiржан-Сара» айтысы туралы пiкiрiн сұрайды.

– Бiржан мен Сара айтысқан емес, айтысты деген бос сөз. Оларды айтыстырып жүрген – Әрiп ақын ғой. Әрiптi Жамбыл да бiледi екен, әңгiме арасында айтып отырады, – дейдi Ғалекең.

Ғали Орманов – ол кезде Жамбылдың хатшысы. Мұхаметханов әлгi сөздi естiген соң Ғалиға жабысып, Жамбылдың естелiгiн өз аузынан жазып берудi өтiнедi.

– Жарайды. Бiр-екi күнде өзiм де Жамбылға барайын деп отырмын. Барған соң әңгiме қозғап көрейiн, – дейдi Ғали да қарсы болмай.

Арада он шақты күн өткенде, уәдесiнде тұрған Орманов Жамбылдың естелiгiн Мұхаметхановқа табыс етедi. Ұлы жырау Жамбылдың аузымен айтылып, қазақтың үлкен ақыны Ғали Ормановтың қолымен көшiрiлген сол естелiк қазiр де ғалым архивiнде сақталуы. Оның ұзын-ырғасы мынадай:

Онда Жамбылдың 45-46 жастардағы кезi екен. «Осы Ұзынағашта бiр топ бар деген соң, мен де бардым, – дейдi Жәкең. – Алматыдан да жiгiттер келiптi, солар жатқан үйге түстiм. Бiлiмдi, беделдi жiгiттер екен... Жұрт қолқалаған соң азырақ өлең айттым. Қонақтардың iшiнде бiр қызылшырайлы, сары жiгiт менiң сөзiме ден қойып отырған тәрiздендi. Даң-дұң басылған соң, бiреулер Бiржан мен Сараның айтысын сөз қылды. Бiрер ауызын жатқа айтысты. «Осы өлеңдi шығарған Әрiп ақын мынау болады» дедi Сейiт деген жiгiт. Әлгi қызылшырайлы, сары жiгiт – Әрiп екен.  Алматыда қызмет iстейдi екен өзi... Сөз әлпiне қарағанда, бұл да бiр кесек ақын-ау деген ойға келдiм. Таныса жүрейiк деген соң, сол топқа өзiм мiнiп барған жақсы ерiмдi бердiм оған. Бұдан кейiн де жолығып жүрдiк. Өзi өлеңдi жазып шығарады екен. «Бiржан-Сараның» көп жерiн жатқа айтып жүрдi».

Жәкеңнiң бұл сөздерi ақиқатқа толық сай келедi. Шынында да, 1888-1895 жылдар Әрiптiң Қапал, Алматы уездерiнде тiлмаш боп қызмет атқарған кезi. Айтыс өнерiнiң Жамбылдай тарланбозы Әрiпке бiр көргеннен құлай берiлiп, астындағы ерiн түсiп берсе, мұны ең алдымен «Бiржан-Сара» айтысына көңiлi толғаны деп түсiнуiмiз керек.

Осы арада айта кететiн бiр жай: «Бiржан-Сара» айтысы жөнiндегi талас-тартысқа кезiнде Мұхтар Әуезов те араласқан екен. Мұхаң 1933-жылғы Абайдың толық жинағына жазған алғы сөзiнде: «Бiржан-Сара» айтысын Әрiп шығарған» деп ашық айтса, арада он бес жыл өткенде ол пiкiрiнен қайтып қалады. 1948-жылы шыққан «Қазақ әдебиетi тарихының» бiрiншi томында: «Бұл айтысты шығарған Әрiп ақын деген де пiкiрлер бар. Бұл қате пiкiр. Анығында, Бiржан мен Сараның айтысы болған... Әрiп – осындай айтушының және ең алғаш хатқа түсiрушiнiң бiрi» деп авторды жай көшiрушi, өңдеушiнiң дәрежесiне түсiрiп тастайды. Айтысты болды деушiлер кезiнде Әуезовтiң осы сөзiн көзiр қып пайдаланғаны белгiлi.

Абай айналасын соншама жақсы бiлген Мұхаңның Әрiп туралы әр кезде әр түрлi пiкiр айтуына не себеп болды? Бiздiң ойымызша, жазушы мұндай өзгерiске саналы түрде барған сияқты. 1933-жылы айтылған алғашқы пiкiр – бұрыннан қалыптасқан, қалтқысыз көңiлден шыққан, шын ойы болса, екiншiсiн – уақыт талабына, заман ауқымына қарай амалсыз жасалған «жүрiс» деп бiлемiз. Былайша айтқанда, «Бiржан-Сараны» аман сақтап қалудың амалы. Өйткенi, отызыншы жылдардың аяғында заман күрт тарылып, Абай шәкiрттерiнiң бәрi «алашордашылар» қатарында қараланып жатты. Әрiптiң де саяси бетi ашылмай тұрған кез. Мұндай жағдайда қазақ жырының iнжу-маржандарының бiрiнен саналатын шығарманы болашағы неғайбiл жеке авторға телу қауiптi едi. Жырды да, соның негiзiнде қойылған «Бiржан-Сара» операсын да аман сақтап қалу үшiн, оны Әрiп шығарды дегеннен гөрi, «Бiржан мен Сара айтысты» дегенi әлдеқайда тиiмдi болатын. Мұхаң сияқты әдебиеттi қапысыз танитын адамдардың бадырайып тұрған фактiлерге қарап жатпауының бiр себебi осыдан болса керек.

Ал ендi Әрiп Тәңiрбергенов өзi жазған шығармаға неге бiрден иелiк етпедi? Баспаның жайын жақсы бiлетiн, бұдан бұрын да: «Қисса Зияда-Шаһмұрат», «Қисса Қожа Ғапан», «Қисса Таһир», «Қисса Баһрам» сияқты кiтаптарын Қазан баспасынан өзi шығарып жүрген Әрiптей ақын «Бiржан-Сараны» неге өз атынан бастырмады? Оның қайдағы бiр Жүсiпбек Қожа Шайхұлисламның қолына түсуi қалай деген мәселеге келсек, бұл сұрақтарға да жауап беру қиынға түспейдi.

Әсiлi, Әрiп «Бiржан-Сараны» шығаруын шығарса да, «бұл айтысты мен жазып едiм» деп жұртшылыққа жарияламаған. Оның бұл шығарманы дастан емес, айтыс түрiнде жазуы да өз атын құпия сақтаудың амалы-тұғын. Айтыс тараған соң, өзiнiң екi оттың арасында қалып, екi жақты қысымға ұшырайтынын ақын жақсы бiлген сияқты. Бiр жағында ащы сынға ұшырап, азуын басқан Тобықты руы болса, екiншi жағында Сарадай аруды теңiне бермей, малға сатып жылатқан Матай жуандары тұр. «Айтыста» Сараның аузымен екi жақты бiрдей әшкерелеп, бiр оқпен екi қоянды атып алғандай көрiнгенiмен, ағайынның өкпе-наласы оңайға түспесi белгiлi едi. Сондықтан, Әрiп «Бiржан-Сараны» көп дана етiп көшiртiп, ел-елге таратып жiберген де, өзiн тасада ұстаған. Өте бiр тiлеулес, сырлас кiсiлер болмаса, ол жайында ешкiмге тiс жарып, ештеңе айтпаған.

Бұл орайда, Қайым Мұхаметханов кiтабындағы халық ақыны Нұрлыбек Баймұратовтың естелiгi көңiл аударарлықтай: «Мен 1922-жылы Семей қаласы, Потанин көшесi, 21-үйде Абайдың ұлы Тұрағұлмен көршi тұрдым, – дейдi Баймұратов. – Бiр күнi Тұраш: «бiздiкiне Әрiп, Көкбай, тағы басқа адамдар келiп отыр. Сенi солармен таныстырайын» деп менi үйiне ертiп барды.

Бұл күнде Әрiптiң алпыстан асып кеткен шағы. Көкбай екеуi сөзбен қағысып, қалжыңдасып отырды. Қонақтардың iшiнде мен бiлетiннен Қаныштың ағасы Әбiкей Сәтбаев бар едi... Бiраз өлең айтқан соң, Әбiкей Әрiпке қарап:

– Осы «Бiржан-Сараны» сiз шығардыңыз ба? – деп сұрады. Әрiп бiраз үндемей отырды да:

– Иә, бұл айтысты бiр себеппен мен жазып едiм. Бұл сөзде қанша кiнә бар екенiн бiлмеймiн, әйтеуiр, Бiржан мен Сараның айтысы деп жазғанмын, – деп жауап бердi».

Бiз бұл үзiндiден Әрiптiң «Бiржан-Сара» туралы көрiнген жерде сөз етудi ұнатпайтынын, әсiресе, Абай ұрпақтары алдында кәдiмгiдей қысылатынын байқаймыз.

Ал, «Бiржан-Сараны» Қазанда кiтап қып шығарған Жүсiпбек қожа Шайхұлисламға келсек, ол – қазақтың халық жырларын жинап, бастыруда едәуiр еңбек еткен адам. Кезiнде Аягөзде медресе бiтiрген, араб, парсы, шағатай    тiлдерiн жақсы бiлетiн Жүсiпбек бұдан бұрын да «Алпамыс», «Қыз Жiбек», «Айман–Шолпан» жырларын Қазан баспасынан жеке кiтап етiп шығарған-ды. Қолдан-қолға көшiрiлiп, ел iшiне тарап кеткен «Бiржан-Сараның» да бiр нұсқасы осы Жүсiпбек қожаның қолына түседi де, ол оны 1898-жылы «Қисса Бiржан сал мен Сара қыздың айтысқаны» деген атпен Қазанда бастырып шығарады. Осындағы «қисса» деген сөздiң өзi-ақ бiраз жайды аңғартса керек едi. Алайда Жүсiпбек «айтысты қыздың өз аузынан жазып алдым» деп былайғы жұртты оңдырмай шатастырған.

Олай дейтiнiмiз: халық мұрасын жинауда бiраз қызмет атқарған осы Жүсiпбек қожаның келеңсiз қылықтары да аз болмаған секiлдi. Оның кейде халық жырларын өзiм жаздым деп иемденiп, жамау-жасқау сөз қосатын да әдетi болған. Ол «Айман-Шолпанды» басы бүтiн иемденсе, «Басында менен жайылды, қисса болып бұл Жiбек» деп, «Қыз Жiбек» жырына да «ен салып» қояды. «Бiржан-Сара» кiтабының соңында бетi бүлк етпестен, Абайдың «Жiгiттер, ойын арзан, күлкi қымбат» деген өлеңiне «жиендiк» жасап, Қазандағы баспагер Ахметкәрiм дегенге өлеңмен хат жазады. «Айтыстың» ол бастырған нұсқасында бұдан басқа да бұрмаланған жерлер аз емес. Жүсiпбек нұсқасында: қиссаны айтып берер алдында, Сара оған келiп мұң шығады. Түпнұсқада Сараның Тұрысбек қажыға арнап айтатын:

Қолдай гөр, ер Қаптағай, ата-бабам,

Сөзiмдi тыңдатайын келсе шамам.

Қажеке, көптен батпай жүрушi едiм,

Айтайын бар мұңымды сiзге тамам.

Қажеке-ау, күнi құрсын ұрғашының,

Билiгi болмаған соң бiр басының, –

деген сөздерiн кiтапта Жүсiпбек қожа өзiне арналған сөз етiп өзгерткен.

Қолдай гөр, ер Қаптағай ата-бабам,

Сөзiмдi тыңда, құрбым, келсе шамаң (?).

Ақсүйек, пайғамбардың тұқымы деп,

Сөзiмдi естiрткелi келдiм саған (?)

Тақсыр-ау, күнi құрсын ұрғашының, –

деп жалғасып кете бередi. Көрiп отырсыздар, мұнда «пайғамбар әулетi, ақсүйек» қожаны Сараның өзi iздеп келедi. Ел аралап жүрген кезбеге «Тақсыр-ау» деп жалбарынады. Сөйтiп, Жүсiпбек қожа Сараға өзiн дәрiптетедi. Оған айтысты «қыз аузынан жазып алудың» неге қажет болғаны ендi түсiнiктi шығар.

Қорыта келгенде айтарымыз: кезiнде үлкен дау болып, бiрақ дұрыс шешiмiн таппай тоқтап қалған «Бiржан-Сара» айтысы туралы таласқа нүкте қоятын уақыт жеттi. Ұзақ жылдар қиянаттың құрбаны болып, адасып келген асыл мұра ендi өз иесiн табуы керек. Өзiнiң ең үздiк шығармасынан көп жылдар бойы мақрұм етiлген Әрiптей ақынның аруағы бiзге сонда ғана разы болады. Келер жылы Әрiптiң туғанына 140 жыл толады десек, ақынның мүшелтойы кезiнде айғайлап айтар бiр шындығымыз осы болмақ.

Бiреулер дәл осы тұста: «Егер айтыс болмады десек, Сараның ақындығына нұқсан келiп жүрмей ме?» деп сақтық айтуы да мүмкiн. Бiздiңше, олай ойлауға ешқандай негiз жоқ. Бiржанмен айтыспаған екен деп, Сара тұлғасы одан кiшiреймейдi. Оның ақын Сара аталуына өзге өлеңдерi де жетiп жатыр. Қайта, аруағына кiр келтiрер артық жүктен, дау-дамайдан арылған қазақтың ару қызы бiр кезде өзiне арман болған ақынның өлмес кейiпкерiне айналып, Абайдың Тоғжаны, Пушкиннiң Татьянасы секiлдi ұрпақтар жадында мәңгi жасай бередi. Бұрынғы «Бiржан-Сараның» үстiне, ендi «Әрiп пен Сара» деген мүлде жаңа, бiрақ шын аңыздар туады.

Сонан соң, бәрiмiзден де жоғары, ешкiм аттап өте алмайтын, ақиқат деген де бiр қасиеттi нәрсе бар ғой, мырзалар. Бiреулерге тиiмсiз болады екен деп, ендi бiреулерге қайшы келедi екен деп, шындық сорлыны қашанғы шынжырлап отырамыз. Әдетте, сот залында куәлардың: «шындықты, тек қана шындықты айтамын!» деп ант ұстайтыны болушы едi. Бiздiң қалам ұстап жүрген қауым да тарих алдында дәл сондай ант берсе артық болмас едi. Аға буынның ағаттығын уақыт деген төрешi ақыры көзге түртiп көрсеткенiндей, ешкiмнiң бет-жүзiне қарамайтын әдiлет таразысы ертең бiздiң алдымыздан да шығары сөзсiз. Егер өз заманымыздың шындығын бүкпей айтып, алды-артымызды адақтап, тарихты таза күйiнде өткiзбесек, келер ұрпақ бiздi кешiрмейдi.

Қабдеш Жұмаділов,

1995 жыл.

Ұлт порталы