Спорттық атрибутика өндірумен айналысатын Jordan Brand компаниясы қазақстандық боксшы Геннадий Головкинге қазақтың оюы бар боксеркалар шығарды, - деп хабарлайды Vesti.kz тілшісі "ВКонтакте" желісіндегі "Геннадий GGG Головкин" тобына сілтеме жасап. Аяқ киімде "GGG" жазуы бар.
Еске салайық, биыл сәуір айында Геннадий Головкин Jordan Brand спорт атрибутикасының өндірушілерімен келісімшарт жасасқан болатын. Айта кетейік, Jordan Brand - Nike компаниясының әйгілі баскетболшы Майкл Джорданға арнап жасаған бренді. Осылайша, Головкин Андре Уорд пен Рой Джонстан кейінгі Jordan Brand брендін ресми таныстыратын үшінші боксшы атанды. "Біз Головкинді Jordan Brand отбасына қуана қабылдаймыз. Геннадийдің кәсіби әдебі, іске шеберлігі мен мәнері оны ерекшелейді", - деді Jordan Brand президенті Ларри Миллер. Ал Головкин келісімшарт жөнінде былай деді: "Jordan Brand-тің бір бөлігі болғаным үшін қуаныштымын".