12 ақп, 2022 сағат 17:52

Испания мен Португалияда қатты құрғақшылық болып жатыр


Португалияда жауын-шашын жаумағандықтан, соңғы 20 жылда болмаған құрғақшылық тіркелді. Ел билігі осыған байланысты жедел шаралар қабылдап жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат euronews агенттігіне сілтеме жасап.

Ел орталығындағы су қоймалары құрғап жатыр, фермерлер мен жергілікті халық алаңдаулы. Зезере өзенінің жағалауы тартылып қалды. Елдегі электр энергиясының 30%-ы су электр станциясында өндіріледі, қазіргі кезде бес станциядағы өндіріс тоқтап тұр.

Бұдан бұрын аталған аудан 2017 жылы болған орман өртінің зардабын шеккен.

Сонымен қатар құрғақшылықтан көршілес Испания да зардап шегуде. Қаңтар айында бұл елде жауын-шашын нормасының төрттен бірі ғана жауды. Кейбір аудандарда ауыл шаруашылығының қажеттілігіне арналған резервуарларда су тапшылығы байқалады, олар 45%-ға ғана толған. Галисия провинциясында су қоймасының астында өткен ғасырда суға батқан ауыл көріне бастады. 

Ғалымдардың айтуынша, бұл құрғақшылық – климаттың өзгеруі салдарының бірі.

Метеорологтар жақын күндері жағдай жақсармайтынын ескертті. Португалия мен Испания үкіметтері дағдарыспен күресу үшін күш біріктіруге ұйғарды.