
Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев ішкі істер органдарын қажет емес функциялардан босату жұмыстарын баяндады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Мемлекет басшысы ішкі істер органдарын қажет емес функциялардан босатуды тапсырды. Өткен жылы 72 нысан берілді. Олардың қатарында қалалық, аудандық әкімдіктер, медициналық және басқа да нысандар бар. Осы жылы тағы 581 нысан беріледі. Нәтижесінде 3 мың полицияның штаттық бірлігі босатылады», - деді Е. Тұрғымбаев Сенаттағы полиция қызметіне қатысты Үкімет сағатында.
Сонымен қатар министркөші-қон қызметінің кейбір функцияларын Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне беру мәселесіне тоқталды.
«Бүгінде көші-қон полициясы 60 қызметті жүзеге асырады. Оның көбі полициямен байланысты емес. Мысалы, босқындармен жұмыс, оларға әлеуметтік көмек көрсету, еңбек иммигранттарына жеке тұлғаларға жалданып жұмыс істеуге рұқсат беру. Көп жағдайда, рұқсат беру функциясы - жергілікті әкімшілік құзырында. Ал заңсыз көші-қонмен күрес, құжаттандыру, визалық жұмыс, реадмиссия және азаматтық беру функциялары ішкі істер органдарында қалады», - деді ол.
