Фото: Getty Images
Иранда жаппай наразылықтар аясында интернеттің өшірілуіне байланысты бірқатар ірі бұқаралық ақпарат құралдарының жұмысы уақытша тоқтап, бірнеше сағаттан кейін қайта жанданды, деп хабарлайды Ult.kz.
Жұмаға қараған түні елдегі халықтық толқулар күшейген кезде Иранның ресми ақпарат агенттіктерінің сайттары мен мессенджерлері қолжетімсіз болған. Атап айтқанда, IRNA, ISNA, Nour News, Mehr агенттіктері, сондай-ақ Khabar Fouri жаңалық агрегаторы Telegram желісіндегі парақшаларын бірнеше сағат бойы жаңартпаған.
Ресми ирандық БАҚ Telegram-дағы хабарламаларын шамамен жергілікті уақытпен түнгі 03:45-те қайта жариялай бастағанымен, олардың ресми сайттары әлі де істемей тұрғаны хабарланды.
БАҚ-тағы үзіліс әлеуметтік желілерде елдің бірқатар қалаларында өткен шерулердің фото және бейнежазбалары тарай бастағаннан кейін орын алған. Кадрларда шеруге шыққандар елдегі қазіргі саяси жүйеге қарсы ұрандар айтқаны көрінеді.
Ирандағы наразылықтар 2025 жылдың желтоқсан айының соңында иран риалының күрт құнсыздануынан кейін басталған. Алғашқыда себеп валюта бағамының тұрақсыздығы мен оның баға өсіміне әсері болған. Кейінірек бірқатар қалаларда бейбіт шерулер полициямен қақтығысқа ұласып, талаптар саяси сипат ала бастаған.
Ресми емес деректерге сәйкес, қақтығыстар барысында күштік құрылым өкілдері мен наразылыққа қатысушылар арасында да адам шығыны болған.
Айта кетейік, Иран қазіргі уақытта жоғары инфляция кезеңін бастан өткеріп жатыр. Иран Орталық банкінің дерегінше, елдегі жылдық инфляция деңгейі 38,9 пайызға жеткен. Ал ұлттық валюта – риал соңғы айларда доллармен салыстырғанда бірнеше рет тарихи антирекорд тіркеген.
