Фото: Жанат Қаратайдың Threads желісінен
Алматыдағы Burger King желісінің мейрамханасында жұмыс істеген 27 жастағы қызметкердің жағдайы әлеуметтік желіде қызу талқыға түсті. Аутизмі бар Әлібек төрт жыл бойы тұрақты еңбек етіп келген. Бірақ басшылық ауысқаннан кейін оған деген көзқарас өзгеріп, жұмыстан кетуге мәжбүрлегені айтылды. Алайда бұл жеке оқиға емес, жүйелік мәселенің айнасы. Бұл туралы Әлібектің анасы Жанат Қаратай Threads желісінде жазды, деп хабарлайды Ult.kz тілшісі.
Анасының айтуынша, Әлібек ерекшеліктеріне қарамастан жұмыс міндеттерін толық атқарып, ұжымға сіңісіп кеткен, төрт жыл бойы тұрақты еңбек етіп, компания өміріне белсенді қатысқан.
«Ол мектеп бітіріп, Т. Жүргенов атындағы ҚазҰӨА колледжінде оқыды, мүсінші мамандығын алды, пластилиннен анимациялық мультфильмдерге қызықты. Әртүрлі жерде жұмыс істеп көріп, ақыры өзіне ұнайтын ұжым мен кәсіпті тапты, «Бургер Кингте» аспаз болды. Төрт жыл бойы тұрақты жұмыс істеді, жалақы алды, табысын қуана жұмсады, өзін ұжымның бір мүшесі сезінді, жұмыс көбейгенде қосымша қалып көмектесетін, демалысын жоспарлайтын, бір филиалдан екіншісіне ауысып жүрді», –деп жазды Әлібектің анасы Жанат Қаратай.
Әлібек – мүсінші мамандығын меңгерген, анимацияға қызығатын жас. Ол ұзақ уақыт бойы өзіне ыңғайлы жұмыс таба алмай жүрген. Ақыры аспаз болып орналасып, ұжымға бейімделеді. Анасының айтуынша, жұмыс берушілер бастапқыда оның ерекшелігін түсіністікпен қабылдаған:
«Ол өзін ұжымның бір мүшесі сезінді. Қосымша қалып көмектесетін, демалысын жоспарлайтын. Бұл тек жұмыс емес, оның қоғаммен байланысы еді».
Бірақ жаңа менеджер келгеннен кейін жағдай күрт өзгереді. Қызметкер тұйықталып, кейін жұмыстан кетуге қысым көріп жатқанын отбасы біледі. Мәселе бір қызметкерде емес, мәселе – түсінікте.
Инклюзия: заңда бар, санада жоқ
Бұған дейін компанияда оның диагнозына түсіністікпен қарап, қолдау көрсеткен. Алайда жақында басшылық ауысқаннан кейін мәселелер басталған. Анасының айтуынша, Әлібекке деген көзқарас өзгеріп, «үнсіз қысым» байқалған, бірақ олар бұл туралы тікелей айтылғанша түсінбеген.
«Жаңа өңірлік басшы Сергей келген сәттен бастап бәрі өзгерді. Күзден бері Әлібек өз-өзіне ұқсамай қалды. Не болып жатқанын білмедік, кейін оның жұмыстан кетуіне мәжбүрлеп жатқанын естідік», – дейді ол.
Кейін анасы жаңа басшымен жеке кездескен. Оның айтуынша, басшыда инклюзивті қоғам туралы да, аутизм туралы да түсінік болмаған. Компания ресми мәлімдемесінде тең мүмкіндіктер қағидасын ұстанатынын айтты. Еңбек министрлігі тексеріс басталғанын хабарлады. Компания жағдайға байланысты пікір білдірді:
«Dostyk Plaza сауда орталығындағы мейрамханамыздың бұрынғы қызметкеріне қатысты жарияланыммен таныстық. Отбасының мұндай күйзеліске түскеніне өкініш білдіреміз. Әр қызметкер өзін құрметтелген, қорғалған ортада сезінуі маңызды. Burger King Kazakhstan тең мүмкіндіктер мен инклюзивтілік қағидаларын ұстанады», – делінген хабарламада.
Еңбек министрлігі де тексеріс басталғанын мәлімдеді. Оқиға мән-жайын еңбек инспекциясының аумақтық органдары зерттеп жатыр.
«Тексеру қорытындысы бойынша құқықтық баға беріледі. Тараптарды конструктивті өзара әрекетке шақырамыз», – деп хабарлады ведомство.
Бірақ сұрақ басқада:
Неге мұндай жағдайлар тек шу шыққанда ғана тексеріледі?
Қазақстанда мүмкіндігі шектеулі адамдарды жұмыспен қамту туралы нормалар бар. Кәсіпорындарға квота да белгіленген. Алайда іс жүзінде жұмыс берушілердің көбі:
бейімдеу мәдениетін білмейді;
диагнозды қауіп деп қабылдайды;
өнімділік пен ерекшелікті шатастырады.
Нәтижесінде қызметкер жұмыстан ресми емес жолмен «кетеді». Бұл еңбек құқығын бұзудың ең кең тараған, бірақ дәлелдеуі қиын түрі. Қазіргі еңбек нарығында ашық түрде «жұмысқа алмаймыз» деу сирек. Оның орнына психологиялық қысым пайда болды:
графикті ыңғайсыз өзгерту;
міндетті күрделендіру;
коммуникацияны шектеу;
ұжымнан оқшаулау.
Заң бұзылмайды. Бірақ адам кетеді. Сондықтан мұндай жағдайлар статистикаға кірмейді.
Қоғам диагнозды емес, мінезді бағалайды
Қазақстанда аутизм әлі де дұрыс түсіндірілмеген ұғым. Көпшілік оны «тәрбие», «еркелік», «тәртіпсіздік» деп қабылдайды. Салдарынан мектепте буллингке ұшырап, университетте оқшауланып, жұмыста «ыңғайсыз қызметкер» болады. Яғни мәселе медицинада емес, әлеуметтік мәдениетте.
Әлібек жұмыстан кетсе, бір адам жұмыссыз қалады. Ал қоғам сабақ алмаса, мыңдаған адам жұмыс таба алмайды. Бұл оқиға үш шындықты көрсетті:
Қазақстанда инклюзия норматив ретінде бар;
Бірақ менеджмент мәдениеті дайын емес;
Ал еңбек инспекциясы реактивті режимде жұмыс істейді.
Бұл оқиға бір қызметкердің тағдыры ғана емес, бұл Қазақстандағы еңбек мәдениетінің тесті. Ат алған оқиғаны талқыға салған әлеуметтік желі қолданушылары Burger King желісіне бойкот жариялап жатыр.
Қоғам мүгедектікті медициналық мәселе ретінде қарастырудан әлеуметтік құқық ретінде қарастыруға өтпейінше, инклюзия қағаз жүзінде қала береді. Ал шын мәнінде, ерекше адамдарға жұмыс беру қайырымдылық емес, бұл олардың құқығы.
