Бүгін Үкіметтің селекторлық режимдегі отырысында ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Атырау облысындағы инфляцияны тежеу жұмыстарына көңілі толмайтындығын ашық айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«2017-2018 жылдардың сақтандыру қорларынан өңірлік тұрақтандыру қорына биылғы жылы 1255 тонна картоп және көкөніс өнімдерін сатып алуға шешім қабылданып, ағымдағы жылдың қазан айында тасымалдау жоспарланып отыр. Қазіргі таңда тұрақтандыру қорында 575500 дана жұмыртқа өнімдері сақталуда. Меморандум негізінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына тұтыну бағалары индекстік деңгейде қазан айында 109 пайыз болады деп болжануда», - деген еді Атырау облысы әкімінің орынбасары Әлібек Наутиев.
«Баяндамаңыз жақсы. Бірақ инфляциялық ең жоғары 6 пайыздық көрсеткіш Атырау облысында. Себебін неге айтпадыңыз? Республика бойынша ең жоғары көрсеткіштің себебі неде?», - деп сұрады Үкімет басшысы Атырау облысы әкімінің орынбасарынан. Өз кезегінде Әлібек Наутиев Атырау облысындағы инфляциялық көрсеткіштің жоғары болуына доллар құнының артуына байланысты деп ақталуға тырысты. «Доллар бүкіл Қазақстан бойынша бірдей ғой. Жақсы жұмыс жоқ деген сөз», - деп түйіндеді сөзін Бақытжан Сағынтаев.
Айта кетейік, отырыста Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов жылдың басынан бері өңірлердің көбінде инфляция салыстырмалы төмен деңгейде тіркелгенін айтқан болатын «5 өңірде инфляция орташа республикалық деңгейден жоғары қалыптасты. Олар: Атырау, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Оңтүстік Қазақстан облыстары және Астана қаласы», - деген еді Тимур Сүлейменов.