20 там, 2019 сағат 18:45

«I’m from Qazaqstan»: Байқауға 200-ден астам видеоролик түсті

«I’m from Qazaqstan» видеороликтер байқауына 200-ден астам жұмыс түсті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Жастар жылы» аясында «A kind heart» қоғамдық бірлестігі қолға алған жобаға Қазақстанның түкпір-түкпірінен 969 өтінім түсіп, 233 адам толыққанды видеоблог түсірген. Олардың 15-і ғана ақтық сынға өткен.

Байқау шарты бойынша қатысушылар өзінің туған қаласы немесе ауылы туралы бейнеролик түсіріп, онда көрікті жерлерді көрсетуі, туристер үшін қызықты мәліметтер ұсынуы керек болатын.

«Үміткерлердің 40 пайызы - Алматыдан, 13 пайызы - Нұр-Сұлтаннан. Қалған жұмыстар Өскемен, Шымкент, Семей, Ақтау, Көкшетау, Қарағанды, Бурабай, Қостанай, Түркістан, Павлодар қалаларынан түсті. Аудандар мен ауылдардан да ролик жібергендер бар. Олардың жұмысын құрамына белгілі шетелдік және отандық блогерлер енген қазылар алқасы бағалайды», - дейді «A kind heart» қоғамдық бірлестігі таратқан ақпаратта.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, ең үздік видеоролик авторы бас жүлдеге 1 млн теңге алады. Екінші орынға – 500 мың теңге, үшінші орынға 300 мың теңге беріледі. Бәйге қорытындысы бойынша, финалға жеткен қатысушылар Қазақстандағы YouTube компаниясының ресми өкілімен келісімшартқа отырып, өз арналарының даумына қатысты мамандардан кеңес алады. Жеңімпаздарды құттықтау салтанатты рәсімі 24-25 тамызда Нұр-Сұлтан қаласында ұйымдастырылатын «Қазақстанды аша отырып» атты халықаралық блогерлер форумында өтеді.

Байқау Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы мен ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен іске асырылуда.