Қайрат Нұртастың анасы ұлын "жерге" теңеген Бибігүл Төлегенованың сынына жауап берді. Stan.kz тілшісіне берген сұхбатында Гүлзира Үсенқызы Қайратты жерден алып, жерге салған сайын жүрегі тілінетінін айтты. Соған қарамастан, Бибігүл Төлегеноваға ренжімейтінін жеткізді.
"Қайрат 16 жасында Жүсіпбек Елебеков атындағы эстрада және цирк колледжіне оқуға түсті. Қазақстанның xалық әртісі Лаки Кесоглудың шәкірті болып, 4 жыл сол кісінің сыныбында білім алды, 17 жасында "Арман" әні xит болып, бүкіл Қазақстанға танылды.
Қайрат бала кезінен саxнаға шығып, саxнаның киелілігін түсінген адам. Әрине республикалық конкурстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болған. "Бозторғай" байқауында - 1-орын, "Әнші балапанда" - 3-орын, "Әнші болғым келеді" - 2-орын, халықаралык "Шабыт" фестивалінің лауреаты, "Алматы әуені" әншілер байқауында – 1-орын, республикалық Абай оқуларында - 1-орын, "Жас дарын" әншілер байқауында - 1-орын, "Саз әлемі" теле-жобалық байқауында бас жүлдені иеленді. Ресейлік "МузТв" арнасының "Ең үздік қазақстандық әнші" аталымын жеңіп алды", - деп атап өтті Қайраттың анасы.
Гүлзира Айдарбекова Қайрат пен Димаштың аға-іні ретінде жақсы араласатынын тілге тиек етті.
"Қайрат Димашты інісі ретінде жақсы көреді, сыйлайды. Әрине, араласады", - деді ол.
Бұдан кейін Гүлзира Үсенқызы Бибігүл Төлегенованың сынына жауап берді. "Ал Бибігүл апамыздың сыны қаншалықты орынды, орынсыз екенін xалық айтады. Әр адамның өз ойы, пікірі бар. Қайрат үшін өзінің сүйікті апайы, қазақтың бұлбұлы Бибігүл Төлегенованын екі қазақтың балаларын біреуін "көкке", екіншісін "жерге" теңегені әрине, оңай тиді деп ойламаймын. Бірақ Құдайдың жаратқан жерінен нәр алып, жер басып өмір сүріп жүрміз, деміміз таусылғанда да жерге тапсырыламыз, сондықтан "жерге" теңегеніне аса бір қатты ренжіп отырған жоқпын. Жалпы салыстырғанда тұрған ештеңе жоқ. Бәсеке барлық жерде болады. Айналып келгенде саралап алатын xалық! Көтеретін де xалық, өшіретін де xалық! Бауыр етің балаңды жерден алып, жерге салып жатса кез-келген ананың жүрегін пышақпен тілгенмен бірдей. Мен әрдайым сабырға келіп, балаларымның амандығын, абыройлы болғанын Алладан сұрап отырамын", - деп түйіндеді сөзін Қайраттың анасы әрі продюсері.
Ал белгілі продюсер Баян Есентаева Қайрат Нұртас пен Димаш Құдайбергенді салыстыруға болмайтынын айтты.
"Нет пророка в своём отечестве - бұл біз туралы айтыл сөз сияқты. Барлығымыз әртүрліміз. Қайрат та, Димаш та. Оларды салыстыруға болмайды, кемі кәсіби емес. Әрқайсысы дарынды әрі сүйікті, әрқайсысы өз жанрында. Адамға күйе жағуға, тас атуға, атына кір келтіруге болар, бірақ дарынын ешкім алып қоя алмайды. Димашқа да, Қайратқа да сәттілік тілеймін және адамдар бір-біріне алда қайырымды әрі төзімді болады деп сенемін", - деп жазды Баян Мақсатқызы Instagram желісінде.
Тағы бір қазақстандық продюсер Бағым Мұхитденова да екі әншіні салыстыруға келмейтінін айтып өтті.
"Бізде мыңдаған Қайрат Нұртас жоқ, мыңдаған Димаш Құдайбергенов те жоқ. Біз онсыз да азбыз. Андреа Бочелли мен Майкл Джексонды салыстыру мүмкін емес. Ол екеуі екі жанрдың адамы. Қайрат пен Димаш көп еңбектенді, талай шалынысты, бүгінде екеуі де үлкен жетістіктерге жетті. Оның бәрін ел салыстырсын немесе жанжал шығарсын деп емес, тыңдармандарын қуанту үшін істеді. Жақында ғана Қайраттың продюсері сұхбат беріп, Қайраттың Димаш, ал Димаштың Қайрат бола алмайтынын түсінікті түрде жеткізді. Мұның несі түсініксіз? Ол екеуі мүлдем екі түрлі", - дейді Бағым Мұхитденова.
Ал күні кеше КСРО халық әртісі Бибігүл Төлегенова қазақстандық әншілер Қайрат Нұртас пен Димаш Құдайбергеннің айырмашылығы қандай екенін айтқан болатын.
"Бізде Қайрат сияқтылар мыңдаған. Мен қазір 88-демін. Осы жасыма дейін осындай қаншама "құбылысты" көрдім. Ал солар қайда? Қайрат тойларда ән айтатын адам, ол жергілікті орындаушы. Қайратты бізден басқа кім таниды, сұрап көріңіздерші (...) Ал біз оны Димашпен салыстырамыз. Екеуінің арасы жер мен көктей (...) Мен Қайрат Нұртасты әнші деп есептемеймін, тілімді кесіп алсаңыздар да солай. 5 жылдан кейін Қайрат болмайды, оған қазірдің өзінде еліктеп шығып та жатыр. Себебі мұндай өнер бәрінің қолынан келеді. Ал Димашқа еліктеу өте қиын. Димаштай болу үшін нәпақа табуға тойға бармай, бала күніңнен бастап оқуың керек", - деген еді Төлегенова.