Қазақстанның балалар онкологиялық және гематологиялық қызметі әртүрлі қатерлі ісігі бар науқас балаларды емдеудің жаңа және заманауи технологияларын енгізе отырып, тиісінше табысты жетілдіріліп, дамып келеді. Жедел, химиотерапиялық және сәулелік емдеу салдарынан емделушілерде орын алған проблемалар көп жағдайда уақыт өте келе немесе шипажайлық-курорттық спектрдің оңалту іс-шараларын және психологиялық әдіспен түзету жұмыстарын жүйелі түрде қабылдаған жағдайда түзетілуі мүмкін. «Ұлт» порталы балалардағы онкологиялық ауруларды емдеудің қазіргі тәсілдерін білу мақсатында, осы ауыр дертке шалдыққандарды емдеуге мүмкіндік беріп отырған Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының жоғары санатты онкогематолог дәрігері, Педиатриялық блоктың басшысы Гүлнар Әбділованы әңгімеге тартып көрді.
– 15 ақпан дүниежүзілік обырмен күрес күні деп белгіленген. Қазір медицина едәуір дамыған ғой, жалпы осы «аты жаман аурудан» айығу мүмкіндігі қаншалықты? Әсіресе балалар арасындағы күрес қалай жүреді?
– Дұрыс айтасыз, бүгінде Халықаралық балалар онкологтары қоғамының қамқорлығымен әлемнің 90-нан астам елінде қатерлі ісікпен ауыратын балалар күні 15 ақпанда атап өтіледі. Өзіңіз айтқандай, медицина жетістіктерінің арқасында онкологиялық аурулармен ауыратын балалардың өмір сүру ұзақтығы ұлғайып, ал олар көп жағдайда іс жүзінде сауығуға қол жеткізуі мүмкін. Балалар онкологиясы мен гематологиясындағы серпіліс молекулярлы-генетикалық, цитогенетикалық, радиологиялық және басқа да диагностика әдістерін енгізумен байланысты болып отыр.
Тығыз ісіктерді емдеудің заманауи еуропалық бағдарламаларын енгізуге байланысты өміршеңдіктің ұзақтығы туралы айтуға әлі ерте. Бірақ балалардағы кейбір ісіктерді емдеудің ерте нәтижелерін талдау бар. Осылайша, терапияны енгізудің алғашқы кезеңдерінде ретинобластоманы емдеу тиімділігі 35%-дан кем болды, бүгінгі таңда ол шамамен 90%-ды құрайды. Бұл ауруды аралас емдеудің жоғары технологиялық әдістері енгізілді: орган сақтаушы жергілікті терапия-лазеркоагуляция және химиопрепараттарды интравитриалды енгізу, жедел емдеу, сәулелік терапия.
– Оның жақсы нәтижелері бар ма?
– Әрине. Мысалы, жұмсақ тіндердің саркомасын емдеу кезінде – 85,3%; нефробластомалар – 82,4%; лимфомалар – 85%; остеосаркомалар – 71,7%. Дегенмен генетикалық іркіліс нәтижесінде дамитын қатерлі ісік түрлері және олардың емдеу нәтижелері әлі де жоғары емес, бірақ әлемдік медицина орнында тұрмайды, сондықтан Қазақстанда да бүгінгі күні осындай жағдайларды бақылау және пациенттердің өмірін ұзарту мүмкіндігі бар.
– Қарапайым халық обыр дерті балаларда болмайды деп ойлайды немесе сенгісі келмейді. Бұл ақпараттың аздығынан емес пе?
– Рас, көптеген адамдар балаларды қатерлі ісікпен ауырмайды деп санайды. Ал, балалардағы қатерлі ісіктің 65%-ы туа біткен және балалардағы обырдың 50%-ы жайылған, яғни жүйелі аурулар болып табылатынын және басқа да аурулардың маскасымен жүре алатынын атап өту қажет.
Педиатрия орталығы қоғамды ақпараттандыру мақсатында 15 ақпан - Бүкіләлемдік балалардағы қатерлі ісік ауруына қарсы күрес күніне орай өткен аптада «Ерте анықталса, балалардағы қатерлі дертті жеңуге болады» деген ұранмен ақпараттық-танымдық челендж өткізді. Ондағы мақсатымыз - қоғамның назарын қатерлі ісікпен күреске аудару, алдын ала тексерілуге шақыру, балалардағы қатерлі ісік аурулары туралы ақпараттандыру, бұл ауруды жеңуге болатынын көрсету. Әр бейнероликте Педиатрия орталығының дәрігерлері балалардағы қатерлі дерт кезінде кездесетін белгілер мен ауру сипаты жөнінде баяндады. Арнайы бейнеролик ретінде түсірілген жазбаларды орталықтың фейсбук парақшасында жарияладық.
Қазіргі таңда медицина қатерлі ісік ауруын да емдеуге болатынын дәлелдеді. Бүгінгі күні ол дертті жеңіп, қалыпты өмір сүріп жатқан балалар өте көп. Қатерлі ісік - соңғы үкім емес, аты жаман ауруды жеңуге болады, әрбір баланың өмірі үшін күресуге міндеттіміз және күресе аламыз. Ең бастысы - өмірге деген құштарлықты жоғалтпау керек.
Біздің елімізде онкологиялық және гематологиялық ауруларға шалдыққан бүлдіршіндер балалар онкологиясы саласында ғана емес, сонымен қатар педиатрияның әртүрлі бейіндегі мамандары бар көпбейінді республикалық балалар клиникаларының базасы саналатын Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығында (Алматы), сондай-ақ Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығында (Нұр-Сұлтан) білікті көмек алады.
– Бұл дертпен ауырған баланың жазылу мүмкіндігі қандай?
– Білесіз бе, бұрын мұндай диагнозы бар балалардың барлығы қайтыс болатын. Ал қазір елімізде балалардың кейбір онкологиялық ауруларында емдеу тиімділігі 70-80% құрайды. Қазақстанда жіті лимфобласты лейкозы бар балалардың өміршеңдігі - 76%-дан астам, яғни әлемдік нәтижелерге жақындап келеді. Халықаралық жетекші орталықтарда осы аталған ауруы бар балалардың өміршеңдігі 80-85% құрайды. Бүгінгі күні лейкозға шалдыққандар өлімге душар болғандар деп есептелмейді және бес жылдық межені бастан кешкен балалар іс жүзінде сауығып кеткен деп саналады. Біздің еңбектің тарихына жүгінсек, 2013 жылдан бастап остеогенді саркомасы бар балалардың 80%-ның аяқтары сақталып қалды. Бұл мүмкіндік - алғашқы кезеңде балалардың 71%-ына дерлік ісіктер регресс берген операция алдындағы жоғары дозалы химиотерапияны енгізу нәтижесінде пайда болды.
Бүгінгі күні жіті лейкозға шалдыққан балалардың өмір сүруі 76 пайызды құрайды. 2013 жылдан бері ісіктерді емдеудің жаңа әдістері қолданылуда. Ал 2012 жылы балалардағы гемопоэздік дің жасушаларын трансплантациялау енгізілді, осы жылдан бері сүйек кемігінің ішіндегі аллотрансплантация және аутотрансплантация отасы 200-ден аса балаға жасалды. Бұған дейін мұндай араласуларды жүргізу үшін науқастар шетелге жіберілетін, ал қазір сүйек кемігін трансплантациялаудың барлық түрлерін біздің елде тегін алуға болады. Көрсетілетін медициналық қызметтерге қолжетімділік пен сапасы жақсаруда. Балалардың оңалту жайы да қарастырылған.
Гемопоэздік дің жасушалары донорларының қазақстандық тіркелімі белсенді толықтырылуда, Ұлттық трансфузиология ғылыми-өндірістік орталығының деректер базасындағы әлеуетті сүйек кемігі донорлары 6000-нан астам. Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының базасында Қазақстандағы онкопатологиясы бар науқас балаларды мониторингілеу және есепке алу үшін популяциялық және клиникалық тіркелімнің жұмысы жолға қойылған.
– Осы Педиатрия орталығында балаларда гемопоэздік дің жасушаларының трансплантациясы енгізілген екен?
– Иә, 2012 жылдан бастап біздің Педиатрия орталығында балаларда гемопоэздік дің жасушаларының трансплантациясы енгізілді. Бүгінгі күні лейкоз, аплазиялық анемия, бастапқы иммундық тапшылық, миелодиспластикалық синдром, нейробластом, Юинг саркомасы, Ходжкин лимфомасы бар және т.б. пациенттерге трансплантация белсенді жүргізілуде.
2015 жылдан бастап гемопоэздік дің жасушаларының жоғары технологиялық гаплоұқсас трансплантация жүргізіледі.
Гемопоэздік дің жасушаларын трансплантациялау (ГДЖТ) жоғары қауіптілік тобындағы онкогематологиялық аурулар кезінде және аурудың қайталануы кезінде терапияның қажетті кезеңі болып табылады. Біздің нәтижелер бойынша, бүгінгі күні аллогендік гемопоэздік дің жасушаларын трансплантациялау Миелодиспластикалық синдром кезінде (МДС), лимфобластық лейкоз (66,7%), аплазиялық анемия (50%) кезінде жақсы тиімділікке ие. Гемопоэздік дің жасушаларын трансплантациялаудың оң нәтижесі бұрын жүргізілген терапияға байланысты, яғни емдеу бағдарламалық, уақтылы, заманауи стандартты хаттамалар бойынша болуы тиіс.
Келешекте технологияны жетілдіру және трансплантация көлемін кеңейту, Қазақстандық және Қазақстан-Ресей регистрлерінен донорларды тарта отырып туыстық емес гемопоэздік дің жасушаларын трансплантациялауды енгізу, одан әрі қарай гаплоұқсас гемопоэздік дің жасушаларын трансплантациялауды дамыту алда тұр.
Біз осы бағытта белсенді жұмыс істеп келеміз. Мәселен, 2019 жылы гемопоэздік дің жасушаларын трансплантациялау гистотипті донорларының Қазақстандық тіркелімінен туыс емес донордан алғашқы аллогендік трансплантация жүргізілді.
– Өзіңіз қызмет атқаратын Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы күрделі оталарды жасап, жанға араша болуға тырысады екен...
– Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы - бұл көп салалы педиатриялық ғылыми-клиникалық орталық. Мұнда жыл сайын жаңа туған нәрестеден бастап 18 жасқа дейін 6000-нан астам бала ем алады. Орталықта клиникалық тәжірибесі мол білікті мамандар жұмыс істейді. Біздің дәрігерлер клиникалық қызметті ғылыми зерттеулермен бірге үйлестіреді. Орталық жаңа технологияларды қолдана отырып, педиатрия және балалар хирургиясы саласында жоғары медициналық қызмет көрсетеді. Тәуелсіздік алған жылдардан бері орталықта әлемдік стандарт сапасына сай жоғары медициналық технологиялар қолданылып келеді. Клиникада жылына 2000-нан аса балаға жедел араласулар, операциялар жасалынады. Атап айтқанда, сүйек кемігінің тарсплантациясы бойынша бірегей оталар жасалады, асқазан-ішек жолдарының, кеуде бөлігінің даму ақаулары кезіндегі күрделі хирургиялық оталар жүргізіледі, урологиялық және абдоминалды патологиялар кезінде шағынинвазиялық бейнеэндоскопиялық араласу шаралары енгізілген, балалардың жүрек-қантамыр жүйесінің туа біткен даму ақаулары түзетіледі, интервенциялық кардиохирургия қолданылады.
- Балалардағы онкология бойынша қандай күрделі операция жасалады?
Операциялардың оңайы жоқ. Бүгінгі күні орталықта тығыз ісіктерді хирургиялық емдеудің барлық спектрі жүргізіледі. Хирургтар балалар жасында кездесетін түрлі ісіктерді жедел емдеу техникасын меңгерді. Мысалы, 5-7 жыл бұрын остеосаркома диагнозы қойылған кезде хирургиялық кезең аяқ-қолдың ампутациясын жүргізуді қамтыды. Осы ауруды диагностикалау мен емдеудің жоғары технологиялық еуропалық хаттамаларының енгізілуі аурудың ағымы мен өміршеңдігін түбегейлі өзгертті. Ретинобластомаға шалдыққан науқастарды да емдеуде жақсы динамика бар. Хирургиялық кезеңді қоса алғанда, осындай пациенттерді емдеудің қазіргі заманғы хаттамаларын енгізу өміршеңдікті шамамен 90%-ға арттыруға мүмкіндік берді.
Онкология бойынша орталықта күрделі операциялардың бірі - балалардағы остеосаркомалар кезінде ірі буындарды эндопротездеу бойынша бірегей операциялар жасалады. Остеосаркома – сүйектің сирек кездесетін қатерлі ісігі. Қатерлі дерт көбіне 10 жастан асқан балаларда жиі кездеседі. Елімізде жыл сайын остеосаркомамен шамамен 15 жасөспірім ауырады. Барлық остеосаркоманың 50%-дан астамы тізе буынына жақын орналасады.
Соңғы жылдары сүйек ісіктері кезінде жоғары мөлшерлі химиотерапияны енгізу арқасында басқа органдарға метастазданудың төмендеуі және өміршеңдік артты. Бұл көптеген жағдайларда (90%-дан астам) зақымданған аяқтарды сақтауға мүмкіндік берді. Яғни, осы аталған патологиясы бар балаларға кейбір асқынған жағдайларды қоспағанда, аяқ-қолдарды іс жүзінде ампутацияламайды.
Остеосаркомамен емдеудің жаңа әдістерін енгізу тиімділіктің әлемдік нәтижелеріне жақындауға мүмкіндік береді.
– Педиатрия орталығында сүйектің қатерлі ісігіне шалдыққан 40-тан астам балаға күрделі ота жасалған екен. Осы туралы әңгімелеп беріңізші.
– Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығында балалар мен жасөспірімдердің сүйек саркомасы кезінде эндопротездерді қолдану арқылы аяқ-қолдарды сақтап қалу бойынша ота жасау 2012 жылдан бері жүргізіледі. Орталықтың заманауи модульдік эндопротездерді сатып алу мүмкіндігінің және қарқынды жоғары мөлшерлі химиотерапияны қолданудың арқасында органсақтаушы оталарды жасаудың мүмкіндігі артты, сондай-ақ балалардағы остеосаркоманы біріктіріп емдеу нәтижелері де жақсарды. Атап айтатын жайт, онкологиялық эндопротездер ортопедиялық протездерге ұқсас емес, ерекше мегапротездер болып табылады. Қазіргі таңда хирургиялық емдеудің осы түрі остеосаркомаға шалдыққан балалардың 90%-дан астамына жасалынады, ол өз кезегінде баланың әлеуметтік бейімделуі мен оның өмір сүру сапасының жақсаруына мүмкіндік береді.
Аяқ-қолды сақтай отырып емдеу аяқталғаннан кейін жалпы сауығып кету жағдайлары елімізде 70%-ды құрайды. Бұл нәтиже остеосаркоманы зерттеу жөніндегі халықаралық мультиорталықтар нәтижесінің деректерімен сай келеді.
Өзіңіз айтқандай, соңғы 5 жыл ішінде Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығында ірі буындарды эндопротездей отырып (тізе, иық, жамбас) остеосаркома кезінде 45 орган сақтау операциялары жасалды. Бірегей операциялардың нәтижесінде балалардың аяқ-қолдары сақталып қана қоймай, олардың өмір сүру сапасы да жақсарды. Бүгінгі күні олар өздерінің құрбы-құрдастарымен қатар деңгейде мектепке барып, университетте оқып, түрлі қызметте жұмыс істейді. Тіпті, спортпен айналысып, жаттығу залдарына, бассейндерге барып, белсенді өмір сүріп жатыр.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Ақбота Мұсабек