27 қыр, 2021 сағат 15:26

Германиядағы сайлау: Ангела Меркельдің партиясы екінші орын алды


Германиядағы парламент сайлауының нәтижесі шықты. Ең көп дауысты Социал-демократтар партиясы алды. Оған сайлаушылардың 25,7 пайыз дауыс берді. Енді оларға Бундестагтағы 735 мандаттың 206-сы бұйырмақ.

Осыған дейін Бундестагта басым күшке ие болып келген Христиан-демократиялық партия мен Христиан-социал одағының альянсы 24,1 пайыз дауыспен екінші орын алды. Бұл – альянс тарихындағы ең төменгі көрсеткіш. Қазіргі Германия үкіметін осы екі партия құрап отыр. Бірақ осы сайлаудан кейін бәрі өзгеруі мүмкін.

Партиялардың ешқайсысы басым дауыс алмаған соң, коалиция құрылады. Үкіметтің кімнің басқаратыны партиялардың өзара қалай келісетініне байланысты. Сарапшылар екі ықтимал коалицияны атап отыр. Олардың бірі – Социал-демократтар партиясы, Жасылдар партиясы және Еркін демократтар партиясы. Екіншісі – Христиан-демократиялық партия мен Христиан-социал одағының альянсы, Жасылдар партиясы және Еркін демократтар партиясы. Социал-демократтар партиясының лидері Олаф Шольцтің канцлер болуға деген мүмкіндігі жоғары деп бағаланып отыр.

Өткен мерзімдегідей, бұл жолы да неміс парламентінің төменгі палатасы 6 партиядан тұрмақ. Жексенбі, 26 қыркүйек күні өткен сайлауда Жасылдар 14,8 пайыз немесе 118 орын, Еркін демократтар 11 пайыз немесе 92 орын, "Германия үшін баламалар" партиясы 10 пайыз немесе 83 орын, "Солшылдар" 4,9 пайыз немесе 39 орын (5 пайыздық межеден аспаса да бір мандатты округтерді жеңіске жетіп, парламентке өтіп отыр) алды. Бір орын Оңтүстік Шлезвингтегі даниялық топқа бұйырды.

Сайлау нәтижесі осыдан бір күн бұрын жарияланған экзит-полл нәтижесіне сәйкес келеді.

Германия үкіметін 16 жыл басқарған Ангела Меркель 2018 жылдың өзінде-ақ бесінші мерзімге таласпайтынын мәлімдеген. 67 жастағы саясаткер сайлау учаскесіне бармай, дауысын пошта арқылы берді. Ол жаңа үкімет құрылғанша канцлер қызметін атқара тұрады. Жаңа коалицияның құрылуы бірнеше айға ұласуы ықтимал.