15 қыр, 2020 сағат 13:00

Ғалымдар терминология мәселесін Үкімет деңгейінде шешу жолдарын іздеп жатыр

Елордада қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі ұлттық комиссия жанындағы Терминологиялық жұмыс тобының отырысы болып өтті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Шараны Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы ұйымдастырды. 

Онлайн отырыстың көздеген мақсаты - қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру кезінде терминологияны біріздендірудің ғылыми-әдістемелік негіздерін айқындау болатын. Басқосуда Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі ұлттық комиссия жанындағы Терминологиялық жұмыс тобына мүше филология ғылымдарының докторы, ҚР ҰҒА академигі Ш.Құрманбайұлы әзірлеген «Терминологияны біріздендірудің критерийлері мен принциптері» әдістемелік нұсқаулық жобасы талқыланды. 

«Намазға жығылар адамға көмек үшін «Мұхтасар ғылымхал» деген жұқа кітап болушы еді, сол секілді қолданбалы терминологияның өзегі тәрізді біз талқылап отырған еңбек салаға кірісер әр адамның үстелінде жатуы тиіс деп ойлаймын. Барлық нәрсенің бастауы болады. Сол себепті бүгінгі басқосуымызды бұдан бұрынғы талқылауларымыздың заңды сабақтастығы деп қарастырған дұрыс. Бұл туралы жақында жарық көрген мақаламда айттым. Термин - жанды организм. Сәттісі де, сәтсізі де кездеседі. Сондықтан, оларға әрдайым мониторинг жүргізіп, халық құлағына сіңбеген терминдерден арылып отыруымыз керек. Терминнің тек мақұлданып, бекітілмеуі де батыл айналысқа енгізуге кедергі келтіреді. Болашақта бұл мәселені Үкімет деңгейінде шешу жолдарын қарастырамыз», - деді Терминологиялық жұмыс тобының отырысында тіл комитетінің төрағасы Әділбек Қаба. 

Әдістемелік нұсқаулық жобасында ұлттық терминқорды ретке келтіріп, жетілдірілген терминжүйе қалыптастыру барысында терминологияны біріздендірудің алатын орны мен жүзеге асуының рет-тәртібі көрсетілген. Шерубай Құрманбайұлының жазуынша өкінішке қарай, тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін де қазақ тілін ғылым мен жаңа технология, заң шығару мен қаржы-экономика тіліне айналдыруға бағытталған батыл қадам, түбегейлі бетбұрыс жасалмаған. 

«Айналып келгенде, ұлт тілінің ғылым саласындағы қолданысы, ұлт тіліндегі терминдер қорының мол жасалу мен қалыптасуы, жүйеленуі осы мамандарға тәуелді», – деп атап көрсетеді ол. 

Еңбекте одан әрі терминологияны біріздендіру барысында нені ескеріп, қандай мәселелерге мән беру қажеттілігі мейлінше нақты баяндалады, терминологияны біріздендіру жұмысының мақсат-міндеттері, саты-саты бойынша қалай жүзеге асатыны ғылыми-әдістемелік тұрғыдан негізделіп көрсетіледі.