#
#
Жұма 14/08/2020

Ғалымдар Каспий итбалықтарына микрочип тағып, спутник арқылы бақылауда

  • 11.12.2019
  • 0
  • 351

Ғалымдар Каспий итбалығының тыныс-тіршілігі мен миграциялық өрісін ұдайы бақылап отырмақ. Бұл үшін оларға арнайы микрочип тағылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" «Хабар 24» арнасына сілтеме жасап.

Елімізде итбалық тек Каспий теңізінде ғана кездеседі. Өкініштісі сол, бүгінде олардың тұқымы азайып барады. Осыған орай ихтиолог-ғалымдар жаңа технологияның көмегімен теңіз мақұлығын жіті зерттейтін болады. Спутниктік бақылауға арналған микроқондырғы 9 ересек итбалыққа тағылды.

Ғалымдардың айтуынша, ақ айдында алаңсыз тірлік кешіп жүрген су жануарына белгі тағу оңай шаруа емес.

«Итбалықтарға арналған микрочип олардың арқасына немесе басына эпоксид желімінің көмегімен орнатылған. Ол теңіз жануарының саулығына еш залал келтірмейді. Сол арқылы біз олардың тіршілігін ғарыштан бақылаймыз. Жатағын, өрісін анықтаймыз, есебін аламыз», - дейді теңіз биоресурсын зерттеуші ғалым Гүлсім Мұтышева.

Жаңа жобаның нәтижесі ғалымдардың өздерін де таңғалдырып отыр. Олар ғарыштық жүйе арқылы итбалықтармен жете таныса бастаған.

Экологиялық мекеменің директоры Қуанышбек Мұхановтың сөзінше, белгі тағылған итбалықтың бірі бір айдың ішінде Макачкалаға дейін сапарлап, 1 мың шақырым жол жүрген.

Осылайша, ғалымдар теңіз мақұлығының тыныс-тіршілігінен хабардар болады. Қаңтар айында итбалықтар мұзға төлдей бастайды. Енді ғалымдар көшпелі су мақұлығының көбею процесін бақыламақ. Бұл жұмыстар ресейлік әріптестерімен бірге жүзеге асырылады. Ол үшін арнайы жабдықталған ұшаққа тапсырыс берілді. Итбалық – теңіз жануарларының ішіндегі төлін сүтпен қоректендіретін бірден-бір тіршілік иесі.

Кейінгі 20 жылда теңіз жануарларының санағы мүлде жүргізілмеген. Ресейлік ғалымдардың есептеуінше, бүгінде Каспий теңізінде 300 мың бас итбалық бар. Оның 100 мыңға жуығы қазақстандық секторда тіршілік етеді. Бірақ, бұл болжам ғана. Көп ұзамай ғалымдар Каспий теңізінің солтүстік жағалауындағы итбалықтардың нақты санын анықтай алады.

0 пікір

Пікір қалдыру

Чтобы оставлять комментарий нужно зарегистрироваться или авторизироваться

Маңызды мақалалар

БАННЕР

Аймақтар жаңалықтары

Басқа да мақалалар