Планетамыз соңғы бір ғасырда алғаш жарияланған пандемия кезінде, коронавирустың COVID-19 атты жаңа түрінен (нақ атауы SARS-CoV-2) қатты зардап шегіп жатқанда Ғалым Доскен ағаммен хабарласуымыз тіпті жиілеп кетті. Қазақстандағы көпшілік жұрт мұндай вирустың тіпті бар екенінен бейхабар уақытта – жылдың басында-ақ менен Солтүстік Америка мен Батыс Еуропа елдеріндегі жағдайды сұрай бастады. Өзім тұратын АҚШ-тағы кейбір штат губернаторларының орталық үкіметтің нұсқауын күтпей-ақ, қаңтардан бастап сақтық шараларына көшкенін жеткізіп отырдым. Әдеттегі ізденгіш әрі жаңашыл қалпынан айнымаған Ғалекең соңғы жылдары аздап жетілдіре түскен ағылшыншасын іске қосып, халықаралық ақпарат көздерін жіті қадағалап келді. Наурыздың ортасында Қазақстан төтенше жағдай жариялағанша отбасына, дос-жараны мен әріптестеріне нендей індет төніп тұрғанын түсіндіріп-ақ баққан. Конспирация, бейғамдық, салғырттық һәм жемқорлық дендеген елдерді мұндай дағдарыс орасан зор шығынға ұшырататынын төңірегіне дамылсыз ескертеді. Аса жұқпалы вирустың әуелгі ошағы адам бостандығы мен сөз еркіндігі жоқ, «тұмшаланған» елде пайда болса, жалпы жер-жиһан үшін ахуалдың қалай қиындайтынына нұсқап күйінеді. Елінде, туыстары мен таныстарының ішінде дертке шалдыққандарына алаңдап, қазасына қайғырып, айыққандарына ақсарбас атап қуанады. Саяси кландардың түпсіз һәм мағынасыз тартысынан бойын оңашалап, әрі жеке денсаулық жағдайына көбірек назар бөліп, соңғы он шақты жыл шығармашылықпен айналысып жүрген Ғалекең пассионарлы, білікті әрі патриот тұлға ретінде сау ақыл, сыншыл көзқарастан айныған емес.
Шілденің 19-ында 60-қа толатыны туралы сөз қозғағанымда, әдеттегідей туған күн тойлау дәстүріне ықылассыз екенін айтып, «пандемия тұрмақ, тыныш заманның өзінде мерейтой атап өту мәселесін тіпті қарастырмаған болар едім» деп шорт кескен. Ағамыздың қазақ мәдениетіндегі орнын білетін дос-жары, әріптестері мен тілектестері «қал-қадарымызша лебіз арнап, баспасөз бетінде болсын еңбегін атап өтелік» деп бастама көтерген екен. Сол азаматтарға үн қосып, бұл жазбамда бірге қызмет атқарған жылдары Ғалекеңнің өзіме қатты әсер еткен басты қасиетін – меритократияшыл кризис-менеджерлігін сипаттап көрмекпін.
2001 жылдың күзінде, 40-тан енді асқан қылшылдаған шағында Ғалым Доскен мемлекеттік телевизия мен радионың кризис менеджері (әуелі басқарма төрағасының орынбасары, көп ұзамай төрағасы) болып тағайындалды. Бес жылға толар-толмас уақытта «Қазақстан» ұлттық телеарнасы мен «Қазақ радиосының» және 15 өңірлік филиалының (14 облыс пен Семей қаласы) мазмұны мен құрылымын жаңартып, біртұтас брендке айналдырып, саяси кландар мен олигархтардың шеңгеліне түсірмей, таңғажайып табысқа жеткізді.
ҚазҰУ-дың шығыстану факультетінде оқытушы, «Қазақ әдебиетінің» саяси шолушысы, «Хабар» телеарнасының халықаралық бөлімінің қызметкері ретінде бірнеше жерде жұмыс істеп, жанталасып жүрген шағымда Ғалекеңмен мені әдебиет сыншысы, жазушы Тұрсынжан Шапай ағам таныстырды. КазПИ-дегі студент кездерінен бері араларынан қыл өтпеген дос екен. Сөйлеу мәнерлерінен бастап көзілдіріктеріне дейін ұқсайтындай. Бойшаң, тарамыс денелі, ақ сары өңді, қоңырша мұртты, сұйықтау шашты, кең маңдайлы жігіт ағасы. Темекі тартып отырып, бітеу қабақ қой көзін сығырайтыңқырап, сынай қарайды. Әзілкеш. Үстінде – Еуропа үлгісімен тігілген мақпал маталы шақ киім. Шалбарының балағы тік тұрғанда бір-ақ қыртыс болып білінер-білінбес бүгіледі. Костюмінің жеңі білезік буынға жетпей тоқтайды, астынан жарты елі жейдесінің жеңі көрінеді. Қазіргінің мырзасы. Ғалекең жазған мақалаларым мен Пәкістандағы арнайы тілші ретінде түсірген сюжеттерімнен хабардар болып шықты; еркін шығармашылық пен бизнесті қолай көргенімен «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясына жетекші болуға келіскенін айтты. «Төрт-бес жерде жұмыс істейді екенсің, түсінем. Бір-ақ салада алаңсыз сапалы жобалармен айналысуға ыңғайың келе ме?» деді. Ұсынысын бірден қабыл алдым.
Ары қарайғы кезең бір таңғажайып түс сияқты. Эфирі алты-ақ сағат болып қысқарып, техникасы тістегеннің аузында, ұстағанның қолында кеткен, филиалдары облыс әкімдеріне кіріптар күйге ұшыраған, Алматыдағы кейбір қазір өндірілмейтін көне шам ілінген телестудиялары мұражайға ұқсаған телерадиокорпорацияны Ғалекең аз уақытта заманауи, жасампаз, танымал медиа ұйым етіп түрлендірді. Дағдарыс кезінде таңғы сағат сегізден түн ортасы ауғанша жұмыс істейтін талапшыл жетекші болды. Өзіне тапсырылған саланың шығармашыл бағыты, қаржылық жағдайы мен техникалық жабдықталуын түгел білетін Қазақстанда мұндай басқа медиа менеджер көрмеппін. 1989 жылы Комсомол қызметінен өз еркімен бас тартып, кейін біржола жеке шығармашылық жобалармен айналысқан кезде телевизия мен радиоға қатысты көп жайтты терең меңгергені байқалатын. Тек терминологияны жаттап алып, жиналыс үстінде жарқ ете қалатын көрме қабілет емес. Алдында баяндама жасап тұрған техникалық қызмет пен қаржы саласы директорларының, студия мен көшпелі телестанцияда (ПТС) есеп беріп тұрған операторлардың, жарық қоюшылар мен инженерлердің, монтаж бөлмелерінде жобаларын қорғап тұрған режиссерлер мен сценаристердің сөздері мен істерінен сәл шикілік шықса, бірден байқап, түбіне жеткізе талдап, кәсіби түрде бірден түзетіп, ақылға қонымды ұсыныс қылатын қасиет. Сол себепті қызметкерлерімен бірге отырып күнделікті жаңалықтар кестесі мен анимация бөлімінің сызбаларын талқылауға және көрермен ықыласына бөленген телерадио хабарларды пысықтауға уақыт тапты. Халықаралық телевизия жабдықтары жәрмеңкелеріне де өзі қатысты. Қоймаларды аралап жүргенде студияның бас инженерінен қолданылмай жатқан барша құралдың есебін сұрайтын. «Ескірген дүниелер ғой, істен шығаруға дайындап қойдық» деген жауабын ести сала, әлгі құрылғының қай жылы, қай жерден шыққан модель екенін, студия, я ПТС үшін қайтіп оңтайлы қолдану керектігін айтып, іске қосуға бұйрық бергенде жаңағы инженер қызарақтап, басын қасып кешірім сұрап жататын. Мұндай басшы бұйырған ұжым мүшелері бойкүйездікке де үйренбейді, жемқорлыққа да баспайды.
2001 жылдың жазында әлі ара-тұра VHS форматын қолданып жүрген телеарна бірнеше жыл ішінде Betacam SP, Betacam SX және Sony DVCAM форматына бір-ақ секірді. Ағаштан жасалған декорациялы түсіру алаңдарының орнын виртуалдық студиялар басты. «Алтын қорды» жүйелеу мен цифрлау ісі басталды, заманауи видеотека мен аудиотека құрылды. Күнделікті жаңалық астаналық студиядан таратыла бастады. Басшылық жұмыспен бірге шығармашылық жобаларды қатар алып жүрген Ғалекең «Жезтырнақ» балет либреттосын жазды, Ауғанстандағы Талибан режимінің зардабы мен азшылықтардың көрген құқайы туралы «Жоғалған жарық хроникасы» атты деректі фильм түсірді. Сценариін маған тапсырды. 2003 жылғы тынышсыз кезінде Ауғанстанды жанымызды шүберекке түйіп алып шарлап шықтық. Сол сапарда ағамыздың режиссерлік байқағыштығы мен терең дүниетанымына әбден тәнті болдым. Барған елдің саяси-экономикалық жүйесінен бастап тарихы мен мәдени-этнографиялық ерекшеліктеріне дейін дәйекті түрде білуге құмар. Қанша кірпияз адам болса да, түсіру тобының тең мүшесі ретінде қара жұмысты атқаруға дайын тұрады. Жол бойы сұхбат құрған сайын ресейлік түркітану, әдеби сын дағдарысы, видеомонтаж техникасы, Бабыр әулетінің тағдыры, төкпе күй мектебінің артықшылықтары және Қазақстанның экспорт саясаты сияқты әрқилы тақырыптарды түбіне жеткізе тарқатады. Кейін Ғалекеңмен Орталық және Батыс Еуропа елдерін көлікпен бірге саяхаттағанда деректі әңгімешілдігіне тіптен тәнті болдым. Корпорациядағы ісіне оралар болсақ, Ғалекең мемлекеттік және жартылай мемлекеттік телеарналарды техникамен жабдықтау һәм фильмдермен қамтамасыз ету ісіне орта жолдан қыстырылып, ұзақ уақыт керексіз делдал болып келген құрылымдарды бір-ақ ысырды да, жапониялық Sony-мен және батыстық кинокомпаниялармен тіке келісімшарт жасап, үнемделген қаржыны жаңа телерадио жобаларға жұмсады. Бұл әрекеті «Қазақстан» телерадиокорпорациясын сенімді басқаруға алып, біржола сіңіргелі отырған, манағы делдал топтардың түпкі құрылтайшысын тіксіндіріп тастады.
Әуелі саяси-қоғамдық бағдарламалар бірлестігінің жетекшісі, кейін жаңадан құрылған ақпарат-сараптама бағдарламалары дирекциясының директоры, басқарма төрағасының орынбасары, әрі апталық «Мезгіл» саяси талдау хабарының авторы әрі жүргізушісі ретінде қызмет атқарып жүріп төрағамыздың микроменеджмент әдетінен ада екенін байқадым. Яғни қол астындағы ірі бөлімдерге басшы етіп тағайындаған адамдарының ары қарайғы кадр саясаты мен жұмыс барысына тым қатты шүйлігіп, әр ісіне араласып, аяғына тұсау болмайды. Бірақ нәтижені қатаң түрде талап етеді. Төрағамыз қол астындағы іскер жас менеджерлерді ресми билік орындарының жөнсіз есеп-қисабынан, түрлі науқандарынан қорғап, шығармашылық жобаларымен алаңсыз шұғылдануына жағдай жасады. Соның арқасында саяси сараптама, интеллектуалдық сұхбат, әлеуметтік ток-шоу, әйелдер клубы, тарихи-танымдық хабарлар циклі, білім жобалары, дәстүрлі музыка сияқты жанрларға жан бітіп, тәуелсіздік кезеңіндегі қазақ телевизиясы қайта түледі, қалың көрерменнің ризашылығына бөленді (қайсыбірін байқаусызда ұмыт қалдырмайын деп танымал телерадио хабарларды түгел тізіп жатпадым). Ал жетекшімізге астанадан тек Премьер-министр, Парламент палаталарының спикерлері, Президент әкімшілігінің жетекшісі мен бірінші орынбасары және Мәдениет пен ақпарат министрі тіке хабарласатын. «Ғалекеңе кіре алмай жүрміз, хатшысы телефонын қоспайды» деп шағынатын Президент әкімшілігі бөлім басшыларының, кейбір министрлер мен әкімдердің, Ақпарат пен мәдениет вице-министрлерінің, һәм департамент директорларының арзу-тілектерін тыңдау 2002 жылғы шілде айында Алматыдан ел астанасына ақпарат дирекциясымен бірге көшкен маған жүктелетін. Ғалым Доскен қазақша-орысша қос тілге жүйрік келіссөз шебері ретінде сол кездегі саяси жетекшілік пен Парламентке «мемлекеттік телеарна мен радио саяси кландардың ақпарат құралы болмау керек» деген принципін ұқтырып, «Қазақстан» телерадиокорпарациясын танымал ақпарат агенттігінің сенімді басқаруынан біржола шығарып алды да, қазақ тілінде сапалы өнім жасауға қауқарлы, бәсекелес құрылымға айналдырды. Ғалекеңе қарсы ашылған ақпарат соғысының артында тұрған аз топтың бірі сол кезде мемлекеттік телевизия мен радионы жекешелендіре алмай қалған ашулы адамдар еді.
Төрағамыз бас қалаға іссапармен келген сайын билік басындағы лауазымды тұлғалармен ресми және бейресми жағдайдағы кездесулеріне куә болып жүріп бір жайтқа таң қалатынмын. Жаңадан министр болып сайланған әріптестері: «Мынадай салаға басшы болатын лайықты кандидатура бар ма?» — деп кеңеседі. «Бар», — дейді Ғалекең, «Түгенше осыншама уақыт осы салада теория жағынан да, практика жағынан да ысылған. Мынадай еңбектер жазған, мынадай жобалар жасаған, мынадай экспедицияларға қатысқан. Мемлекет қызметінде де болған. Қазіргі жағдайы жобамен осындай». «Телефоны бар ма?» — дейді министр. Ғалекең болса, сол жерде жалғайды, болмаса тапқызып береді. Бас-аяғы жарты сағаттың ішінде әлгі адамның мәселесі шешіліп жатады. Былай шыққасын: «Ұсынған адамыңызды төңірегіңізден байқамаппын. Кім болды?» деп сұраймын. «Өзім де ұзақ уақыт қатыспай қалыппын. Аса бір жақындығым жоқ. Бірақ жобаларын үнемі қарап жүрем, өз ісінің шебері», — дейді. Ағамыз ұсынып, қызметке ілінген біршама кандидат кімнің рекомендациясымен астанадан бір-ақ шыққанын білмей де қалып жатты-ау. Дәл осылайша қаншама шетқақпай көріп жүрген талантты ғылым, әдебиет пен өнер өкілінің мемлекеттік сыйлық пен ресми марапат алуына себепкер болды. Бірнеше апта бұрын WhatsApp арқылы сөйлескенімде бір топ маманның жеке бастамасымен жарық көрген «Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі» атты бес томдық іргелі энциклопедия авторларының мемлекеттік сыйлыққа әбден лайық екенін, тұтас бір институттың жұмысын атқарғанын айтып, әлі берілмегеніне налып отырды. Ішімнен соңғы жылдары «Ел» продюсерлік орталығында өзінің де жүзеге асырған ғаламат мәдени жобаларын ойлап отырдым. Талантты, қабілетті, еңбекқор һәм кәсіби этикаға сай адамды тегіне, тіліне, жынысына, әлеуметтік жағдайына қарамастан, еш алаламай жұмысқа алу, іскерлігі мен жаңашылдығын дәлелдеуге мүмкіндік тудыру, материалдық және отбасы жағдайын ескеру – Ғалекеңнің бойындағы үлкен басшыға тән ізгі қасиет.
Қорыта келе бір сөйлемге сыйғызар болсам, Ғалым Доскен – қазіргі қазақ мәдениетінің көрнекті өкілі, меритократияшыл медиа менеджер, дарынды режиссер, қос тілге жүйрік билингвист сценарист, талантты аудармашы, либерал-индивидуалист тұлға, еркін ойлы интеллигент, энциклопедиялық білім мен эпикалық жад иесі, ақжүрек ағартушы һәм меценат. Әуелі әріптесі, кейін рухтас інісі ретінде «сегіз қырының» біріне ғана үңіліп, ағамды сараңдау сипаттаған сөзімнің өзі осылай болып шықты. Ғалекеңнің 60-қа толған жасы құтты болсын, келесі мерейтойын індет пен дағдарыс атаулыдан ада, берекелі де бейбіт заманда дені сау, төрт құбыласы түгел қалпы тойлауға жазсын деп тілеймін.
Ғалым БОҚАШ,
Шығыстанушы-журналист